«Қостанай Плаза» сауда орталығының алдында өткен қорытынды шарада облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Айтбаев зейнеткерге темір тұлпардың кілтін табыс етті. Өзінің айтуынша, Валентина Брум бала-шағасының қарсы болуына қарамастан, жасырын барып екпе алыпты.
– Қызым вакцинаны денсаулығым көтермейтінін айтып, емханаға баруға асықпауымды айтты. Дегенмен өз еркіммен ел қатарлы екпе алу керек деп шештім. Қызыма айтпай екпе пунктіне барып, вакцинаның алғашқысын тамыз айында, екіншісін қыркүйектің ортасында қабылдадым. Кері әсері болған жоқ, ешбір жайсыздық сезінген жоқпын. Оның үстіне, бұл қадамым ойламаған жерден үлкен олжаға кенелтті. Шынымды айтсам, бұған дейін мұндай қымбат сыйлық алып көрмеппін. Ұйымдастырушылар телефон шалып құттықтағанда, әуелде сенбегенім рас. Енді, міне, бүгін су жаңа көліктің кілті қолыма тиіп тұр. Өзім осы жасқа дейін көлік рөліне отырып көрмегенмін. Бірақ немерелерім бар, солардың біріне бұйырайын деп тұр. Ол жағын үйге барған соң ақылдаса жатармыз, – деді Валентина Брум.
Валентина Федоровнаның немерелері Ресей, Германия елдерінде тұрады. Әжелерінің көлік ұтып алғанын естіп олар да арнайы келіп құттықтағысы келетіндерін айтыпты. Зейнеткер енді немерелерінің арасында кішігірім «ұтыс ойынын» өткізетінін айтып әзілдеді.
Зейнеткер көлік кілтін алған соң, су жаңа темір тұлпарды күйеу баласы тізгіндеп әкетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпараттық-аналитикалық бөлімінің жетекшісі Әнуар Едіресовтің айтуынша, алдағы уақытта тағы да дәл осындай ұтыс ойынын ұйымдастыру жоспарда бар.