Коронавирус • 12 Қазан, 2021

Аурухана төсегі жеткілікті ме?

460 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елге індет енгелі денсаулық сақтау саласынан ақсау да бай­қа­дық, серпілісті де көрдік. Ковидті жеңу үшін бөлін­ген қар­жыны бөліске сала алмай, берекесі қашқан ақ халат­ты­лар­дың да бітіспес дауын біліп отырмыз. Иә, бетперде тағуды үйрен­ге­ні­міз­бен, адами «бетперделер» шешіліп қалып жатты. Бұл бір бөлек тақырып... Ал медицинадағы серпіліс деп отырғанымыз, облыс орталығындағы ауруханалардың бірқа­та­ры жөндеуден өтіп, төсектік орындар саны артты. Жаңа құрыл­ғы­лармен, жедел жәрдем көліктерімен қамтылды. Бірақ ауру­ха­наға ауырып барған пациенттерге орын жоқ көрінеді. Бұл мәсе­ле әлеуметтік желіде көтеріліп, журналистер қауымының наза­рын аударған.

Аурухана төсегі жеткілікті ме?

Күні кеше ғана ауруха­на­лар­дың босағасынан аттай алмай тұр­ған науқастардың бейнежаз­басы тарады. Бос даурығу шы­ғар десек, бейнежазбада бір емес, бірнеше дәрігер орынның жоқ­­тығын ашық айтқан. Соны­мен қатар облыста жедел жәр­дем­­нің «тас­бақа жүрісі» де жиі көте­­рі­ле­тін проблема.

– Қазанның 5-сі күні анам ауы­рып, жедел жәрдем ша­қырт­тық. Температурасы 38 градусқа көтерілді. Шақырған жәрдеміміз екі сағаттан соң әзер келді. Бірақ ауруханаға алмай кетті. Ертесі сүйретіліп, емханаға өзіміз барып, рентгенге түсірдік. Соның нә­­тижесімен ауруханаға барып едік, өкпенің 25 пайызы ғана зақымданғандықтан жат­қыз­бай­тындарын жеткізді. Нау­қас­тың жағдайына емес, пайызға қарайтыны түсініксіз. Қысқасы, салғырттық көп, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Назерке Сәлімбекқызы.

Осы тектес наразылықтарға бай­ланысты облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының бас­шы­сы Ермек Омарбеков арнайы бас­па­сөз конференция­сын өткі­зіп, мән-жайды түсін­дір­ді. Айтуын­ша, бүгінгі таң­да Шығыс Қазақ­станда 3 709 инфекциялық төсектік орын болса, ауруханаларда ұзын саны 720 адам емделіп жатыр екен. Пайызға шақсақ, төсек қоры­ның 19 пайызында ғана нау­қа­с­тар жатыр. Өскеменде стацио­нар­ларға 1 240 адамды орналас­ты­ру мүмкіндігі бар. Ал қазір­гі уақытта 464 науқас қана ауру­ханаға жатқызылды. Облыс ор­та­лы­ғының төсек қорының жүк­темесі 37,4 пайызды құрайды.

– Әлеуметтік желілерде та­ра­ған бейне роликтің бірін­де Өскемен қаласының ауру­ха­на­сына Зайсаннан келген нау­қас туралы айтылған. Бейне­материалда дәрігерлердің оны ауруханаға жатқызудан бас тарт­қаны көрсе­тіл­ген. Себебі кли­ни­калық хат­тамаларға сәй­кес науқасты ауру­­ханаға жат­қызу көрсеткіштері бол­­ма­ған. Әлеуметтік желіде тара­ған бейнематериалда мәсе­ле толық көр­­сетілмеген. Стационар­ла­ры­мызда коронавирусты емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры бар, – дейді об­лыстың бас дәрігері Ермек Омарбеков.

Сонымен қатар диагностика жасау және емдеу хаттамасында белгілі бір ерекшеліктер бар. Соған сәйкес, кейбір па­циенттерді үй жағдайында, енді бірін науқастарды стационар жағдайында емдеу қажет екен. Дәрігерлердің айтуынша, дене қызуы немесе басқа да белгілер пайда болса, бірден ауруханаға барудың қажеті жоқ. Тұрғылықты жері бойынша емханаға қоңырау шалып, учаскелік дәрігерді ша­қыр­ған жөн. Жағдайы нашар­ла­ған жағдайда, ауруханаға жат­­қызылады. Ал дәрігерлер та­ра­пынан қандай да құқық бұзу­шы­лық орын алса, мәселені заңды жолмен шешуге болады.

–Егер пациентте медици­на­лық мекемеге қандай да бір шағым болса, оның құқықтары бұ­зылғанын, ауруханаларда көрсетілген сенім телефон­да­ры бойынша, хабарлап ай­ту­ға болады. Бұдан басқа, облыс­тық денсаулық сақтау бас­­қар­масының 8(7232) 701-131 бір­ыңғай анықтама телефоны жұмыс істейді. Сондай-ақ ша­ғым­дар­мен әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры­на жүгінуге болады, – деді Өске­мен қаласының №4 қалалық ауруха­на­сының бас дәрігері Сергей Попов.

Айтқандай, сенім телефонын біз пайдаланамыз ба? Қандай да мәселені әлеуметтік желіге жүктегеннен гөрі заңды жолмен шешіп көрдік пе? Алдағы уақыттарда осыған ұқсас дау туып жатса, сенім телефонының пәрменін бір тексеріп көруге болатын секілді.