Ауыр салмақтағы алыптар арасындағы алғашқы айқас 2018 жылдың 1 желтоқсанында АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы Staples Center спорт кешенінде өтті. 12 раундқа созылған бұл жекпе-жекте Фьюри екі рет нокдаунға түссе де, қапталдағы төрешілердің есебі бойынша кездесу 111-115, 114-110, 113-113 есебімен тең аяқталды. Бірінші кездесудің бірінші жартысында британиялық боксшы қарсыласына қарағанда барлық жағынан үстемдік танытты. Ал Уайлдер тек бір соққы үшін жұмыс істеді. Сөйтіп, америкалық боксшы 9-раундта өз дегеніне жетті. Деонтейдің оң қолымен жасаған ауыр соққысы Фьюриді есеңгіретіп тастады. Нокдаун! Кейіннен Уайлдер 12-раундта оң қолымен тікелей, сол қолымен жақтан ұрған сериялы соққысымен қарсыласын тағы да нокдаунға түсірді. Соған қарамастан төрешілер бұл айқаста басымдыққа ие болған жеңімпаз боксшыны көре алмапты.
Сөйтіп екі боксшы араға 14 ай салып кім мықтыны анықтайтын екінші жекпе-жек өткізуге келісті. Лас-Вегастағы (АҚШ) MGM Grand Garden Arena-да өткен реваншта Тайсон Фьюри айқын басымдық танытып, қарсыласынан 7-раундта техникалық нокаутпен басым түсті. Уайлдердің бапкері 7-раундта шаршы алаңға ақ сүлгі лақтырып, шәкіртінің жеңілгенін ерте мойындады. Бұл раундқа дейін америкалық боксшы 3 және 5-раундта нокдаунға түскен болатын. Сөйтіп, екінші жекпе-жек Фьюридің жеңісімен аяқталды. Деонтей бұл жеңілісін кездесу алдында киіп шыққан киімінің ауыр болуымен, физикалық тұрғыда шаршап қалғанымен байланыстырып еді.
Күні кеше аяқталған трилогия 11-раундта Тайсон Фьюридің орындауындағы әдемі нокаутпен аяқталды. Деонтей бұл жекпе-жекке жаңа жаттықтырушымен дайындалса да, жеңіске жете алмады. Бұрынғы бапкері Марк Бриландпен екінші айқаста орамал лақтырғаны үшін жұмыс істеуден бас тартқан еді. Сөйтіп, оны үшінші жекпе-жекке бұрынғы ауыр салмақтағы боксшы Малик Скотт дайындады. Бір қызығы, Уайлдер Скотты 2014 жылы бірінші раундта-ақ нокаутпен жеңген еді.
Трилогияға жаңа бапкермен дайындалған Деонтей Уайлдер кездесуді тәуір бастаған еді. Бірақ үшінші раундқа келгенде қарсыласының ауыр соққысын өткізіп алып, нокдаунға түсіп қалды. Тез ес жиып үлгерген америкалық боксшы төртінші раундта Тайсон Фьюридің өзін екі рет нокдаунға жіберді. Осыдан кейін екі боксшы да өте сақтықпен жұдырықтасты. Бірақ раунд өткен сайын америкалық боксшының күші сарқылып, британиялықтың екінші тынысы ашыла бастады. Жекпе-жекті толық өз қолына алған Фьюри қарсыласын 11-раундта ауыр нокаутқа түсіріп, барлығына нүкте қойды.
Осылайша, Тайсон Фьюри 32-ші жекпе-жегін өткізіп, 31-ші жеңісіне қол жеткізді. Оның 22-сін нокаутпен аяқтаса, бір мәрте тең түсті. Ал Деонтей Уайлдер 45-ші мәрте шаршы алаңға көтеріліп, 41 кездесуінде жеңіске жеткен. Бір рет тең нәтиже көрсетіп, екі рет жеңілістің кермек дәмін татты. Екеуінде де дәл осы Фьюриден жеңілді.