Егемен Қазақстан • 12 Қазан, 2021

Ирандық басылым басшысы – «Егеменде» қонақта

312 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Иранның Tehran times газетінің бас редакторы «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясында қонақта болып, басылымның тыныс-тіршілігімен танысты.

Ирандық басылым басшысы – «Егеменде» қонақта

Иранда күнделікті ағылшын тілінде жарыққа шығатын газеттің бас редакторы Әли Әкбар Дженабзаде  «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлімен кездесті.

Кездесуде басылым басшылары қазіргі газет шығару ісіндегі өзекті мәселелерді, дәстүрлі медианың бүгінгі ахуалын, екі елдегі БАҚ саласының ерекшеліктері мен пандемияның баспасөз саласына әсерін талқылап, күрделі кезеңде газет шығаруға қатысты тәжірибелерін ортаға салды.

Дархан Қыдырәлі «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерінің ғасырлық тарихына тоқталып, бүгінде бір шаңырақ астында бірлесе жұмыс істеп жатқан шығармашылық ұжымдардың жұмысы жайлы әңгімеледі. Газет басшысы былтырғы күрделі кезеңде елімізде басылымдардың ең сенімді ақпарат көзіне айналғанына тоқтала келе, Қазақстан баспасөзінің бүгінгі жағдайы жайлы айтты.

Қос басылымның терең тарихына ерекше қызығушылық танытып, қазақ баспасөзі жайлы мәлімет алған Әли Әкбар Дженабзаде Ирандағы газет шығару ісі мен Tehran times газетінің пандемия кезінде тап болған қиындықтары жайлы баяндады. Ол кездесу үшін ризашылығын білдіріп, басылымдар арасында өзара ынтымақтастық орнату туралы ұсыныс білдірді.