Сайын Мұратбековтің қаламынан туған шығармаларының қай-қайсысын алыңыз, оқырманын өзіне тартып, оқуға құмарлығын арттыра түсетіндігімен ерекшеленеді. Тумысынан талантты, содан кейін де әдебиет айдынына еркін құлаш сермеген Сайын қаламгерлік қарымының қуаттылығымен әуелден-ақ назарға іліккен еді. Жас жазушының қаламгерлік қарым-қабілетін әдепкі аяқ алысынан-ақ танып-білген Ғабит Мүсіреповтің: «Көпұлтты әдебиетіміздің гүлдеп тұрған мәуелі бағында Сайын Мұратбековтің жас талдай желкілдеп бой көтерген тамаша прозасы бітік шығып, алыстан көзге түсіп, көз тартары сөзсіз», деп жылы лебіз-пікір білдіруі дара дарынды жазбай танығандығы десе болады. Сөз зергері атанған суреткердің балауса талантқа айтқан тілегін құп көрген Сайын өзіндік болмыс-бітімімен оқырманын бірден құшағына алды. «Менің қарындасым» хикаятынан басталған шығармаларын оқырман жата-жастана, таласа-тармаса оқып, кейіпкерлерін әркім өзіне ұқсатып, өмірдің өзіндей әңгімелері көпшілікті шынайылығымен таңғалдырып, тамсандырған-ды. Олай болатын себебі, нәзік сезімдерді үлпілдетіп, жүрек қылын шертетін шынайы көріністер көз алдыңа көлбеңдей елестеп тұратындығымен тәнті ететін-ді. Еліттіретін-ді. Еліктететін-ді.
Сайынның «Жабайы алма», «Жусан иiсi», «Кәментоғай», «Қалың қар», «Дос iздеп жүрмiн» атты тамаша хикаяттары нақты өмірді өзгеріссіз жеткізіп, тiлiнiң көркем өрнектелуiмен құнды. Табиғи нанымдылығының арқасында олар оқырманын баурап, қызушылығын арттырады. Кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы өткен балалық шақтың қызық-дәуренді күндері қаз-қалпында әсерлі әңгімеленеді. Аулақта қалып, сарғайған елестер санада сапырылысып, аңсау сезімді оятады. Кейіпкерлерінің сезім бұлқынысы оқырман жанына буырқандырар күш-жігер береді. Адамның жан жүрегін шымырлатып, жүректі тербер тебіреніске жетелейді. Қаламгердің ауыл тұрмысын, күйбең тіршіліктерін баяндаудағы тәсілі, әңгіме желісін өрістетудегі үлгісі, көркемдеп жеткізу мәнері, тілдік қорының шұрайлылығы кімді болса да сүйсіндіріп, тұшындырады. Кейіпкерлері келісті сомдалады. Замана тынысын тап басып білетіні, оқиға көріністерін мөлдіретіп бейнелейтін суреткерлігі хас шебердің қабілетін даралайды. Сайынның және бір өзіндік ерекшелігі – таптаурын тақырыпты қайталай бермейді. Тақырып таңдаудағы талғамы жоғары. Ешкім қалам тартпаған, аяқ баспаған соны соқпақтарды сонарлайды. Тапқанын таразылап шеберлік шеңберінде тап-тұйнақтай етіп ұсынатыны, оны өз дәрежесінде жеткізе білетіні әр туындысынан көрініс табады. Шығармаларындағы адамдардың мінез-құлқы мен тағдыры бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысының өзіндік бағыты бар, адамгершілік қасиеті, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, өмірлік ұстанымы, маңдайға жазылған тағдыры әрқилы болып келеді. Бұл бағытта жазушының көргені көп, ауылдың жағдайын жетік білетіндігі, жай-жапсарды саңлақтықпен саралайтыны айқын байқалып тұрады. Сол себепті де қарапайым ауыл адамдарының тірліктерін тәптіштейтін әңгімелерінің бәрі көңіл пернесін дәл басады, жарасымды үйлесім тауып жатады.
Сонау сұрапыл соғыс жылдарындағы қабырғасы қайысқан балалық шақ пен бүгінгі балалар мен үлкендердің тұрмыс-тіршілігіндегі ұқсас жайттарды сомдайтын шығармалары көзікарақты, зерделі оқырман көңілін тап баса қоятыны да ақиқат. Сайынның барша шығармасы бүгінгі кезең мен өткен өмір шындығымен астарласып-сабақтасып жататынымен құнды. Бұл тұрғыдан алғанда жазушының «Жусан иісі» атты әңгімесі Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ауыртпалықтарды келістіре суреттейтін бірегей туынды. Мұнда оқиғаның өрбуі мен құрылымы да қисынды, логикалық ақыл-ойдың дара сабақтастырыла дамуы да, адамның ішкі жан дүниесі де жан-жақты қамтылады. Осы шығарманың қалай жазылғаны туралы жазушының жары Мәриям өз естеліктерінің бірінде: «Сайын көбіне түнде жазатын. Күзде қарлы жауын жауады ғой. Әсіресе сол кезді қатты жақсы көретін. Ондай уақыттарда жұмыстан келе сала жазуға отыратын. Әуежай маңындағы үйден қаладағы пәтерге
көшкенде Сайынның «Көкорай», «Күсен-Күсеке», «Жабайы алма», «Жусан иісі», «Басында Үшқараның» сынды шығармалары дүниеге келді. «Жусан иісін» жазып біткен соң ол керемет көңіл күйде жүрді. Сірә, оқырман қауымға, балаларға ұнайтынын сезген шығар», деп жазады.
...Өткен ғасырдың сексен бесінші жылының мамыр айының соңғы күндерінде Сайын Мұратбекұлымен сапарлас болудың сәті түскені бар. Сәкең «Қапал-Арасан» шипажайында бір апта демалмақшы болып, жол-жөнекей Талдықорғанға ат басын бұрады. Облыстық «Октябрь туы» газетінің редакциясына келіп, ондағы журналистермен емен-жарқын жүздесіп, бірсыпыра әңгіменің бетін қайырып, кеңінен пікірлеседі. Газеттің редакторы Ғайыс Егембердиев жиын соңынан мені шақырып алып: «Сәкең, Сайынды айтамын, Жетісу жерінің талантты түлектерінің бірі ғой, демалуға бара жатыр екен, жалғызсырамасын, бірге барып, қасында болып қайт» деп жолсеріктікке жіберді. Сайын: «Редактордың бірінші орынбасарымен үзеңгілес жолдас болатыным қандай жақсы?! Зерікпейтін шығармыз», деп Ғайсекеңе риясыз ризалығын білдіріп жатты.
Мен Сайын ағаны бұрыннан білетінмін. Енді тіпті жақын танысып, бір апта иықтаса жүріп әңгіме-дүкен құратын мүмкіндіктің күтпеген жерден туғанына қуанып та қалған едім. Көп бөгелмей Қапал жаққа қарай бет түзедік. Үзік-үзік әңгіме шертіп, белестен белес асып келеміз. Қапал ауылынан асыңқырап барып дөңестеу жон үстіне жеткенде Сайын аға машинаны тоқтатқызып, сыртқа шықты. Бойын жазып, қос қолын қыран қанатындай керіп алып жан-жағына көз тоқтатты.
– Әлеке, мына алдымызда көлденең жатқан тауды Баянжүрек деп атайды. Қарашы өзің, тылсым табиғаттың өзі шеберлікпен салған ғажайып көрініс емес пе? Осы биік тау сілемінің пішімі кәдімгі жүрек кейпіне ұқсайды. Тарихи ескі жазбаларда, яғни көне моңғол тілінде бұл жерді «Суретке бай шоқы» дейді екен. Екі ұғым да бір-бірімен қабысып, шындыққа жанасып тұр. Кезінде осы өңірді аралаған Шоқан Уәлиханов та бұл көрініске қызыға қараған екен. Ғалым өзінің жазбаларында Қапал бекінісін, ондағы Тамшыбұлақ, Арасан суын, Күреңбел атты тау мен жазықты, Ешкіөлмес, Баянжүрек сынды аймақтардың табиғи көріністерін сүйсіне сипаттап, бүкіл Орта Азияда бұларға теңдес жер жоқ шығар-ау деп тамсанған көрінеді. Жерұйықты іздеген Асанқайғы бабамыз да Жетісу өлкесін көргенде желмаясының тізгінін тартып: «Ағашы тұнған жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс екен» деп төңірегіне таңдана қарағаны да бекершілік емес, деп Сайын аға селеудей селдірей бастаған бұйра шашын алақанымен сипалап, туған өңірінің келбетіне ерекше бір сүйіспеншілікпен көз тігіп, самал желіне кеудесін керіп тұрды. Аймақтың кең жазирасын нұрлы жанарымен қырандай шолып шыққаннан кейін маған еңсеріле бұрылып:
– Анау қарсы алдымыздағы шоғырлы тасты биік шоқының Баянжүрек деп аталуының себебін білесің бе? – деді.
– Толық мәнінде білемін дей алмаймын. Еміс-еміс естігенім бар, – дедім күмілжіп.
– Онда тыңда, қысқартып айтайын. Жасөспірім кезімде көпті көрген қариялардан тыңдаған, жүрегіме ғаламат әсер еткен аңыз-әңгіме бар. Желісі былай өрбиді. Ерте заманда Қапал деген бай-шонжар осы өңірді жайлапты. Оның Баян атты жалғыз қызы кішкене кезінен аттың құлағында ойнаған, садақ атып, қылыш сермеуді бозбалалардан артық меңгерген өжет, ақылына көркі сай болып бойжетіпті. Қыздың өнерін, алғырлығын, сұлулығын сырттай естіп-білгендер Қапалмен құда болып, Баян сынды арумен тағдыр қосуды армандайды. Сондайлар сөз салуды жиілетеді. Бұл тұста Баян әкесінің жылқышысы Сайынбөлекті ұнатып қалады. Сайынбөлек қыран көзді, көкжал жонды, батыр тұлғалы, парасат-пайымы кең, жігіттің сұлтанына лайықты болса керек. Екі жастың арасында құштарлық оты ұшқындап, пәк сезімдері бара-бара махаббатқа ұласады. Мұны Қапал да сезіп, Баянды тезірек атастырып, ұзатуды ойластырады. Бір өлкені ашса алқанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған әке қызын Сайынбөлекке қосқысы келмейді. Баян өзі қалаған жігітіне қосылуы үшін елден қашып шығып, нағашы жұртына барып паналауды ұйғарады. Баянның бұл шешімін Сайынбөлек те құп көреді. «Өлсем, жаным – өзіңмен бірге», деп батылдық танытады. Осылайша, қыз бен жігіт алыс жолға жарамды сәйгүліктерін ерттеп мініп, таң бозында жолға шығады. Әкесі Қапал олардың соңынан қуғыншылар жібереді. Нөкерлер қос ғашықты тауып алады. Баян мен Сайынбөлек қуғыншылардың айтқанына көнбей, жанкештілікпен айтысып, тартысады. Қарсылық та танытып, ықтиярларына көнбейді. Алайда көптің аты көп, қаптаған нөкер Сайынбөлекті мерт қылады. Жаны күйзеліп еңкілдей еңіреген Баянды атқа отырғызып, ауылға қарай алып жүреді. Сүйгенінен лажсыз айырылған Баян қайтар жолдағы оқшау тұрған сұсты, еңселі таудың асуына жеткенде:
– Мен өзіме-өзім келіп, шамалы тыныстап, ес жыйып алайын. Жалғыз қалдырып, аулағырақ барып күтіңдерші. Сайынбөлекпен бір сәт бақұлдасып, қоштасайын, – деп сұранады. Қыз тілегін қуғыншылар құп көреді. Таудың биігінен сүйгенінің денесі қалған қыраттарға қарап жан жүрегі езіліп, көз жасын көлдетіп төгіп барып шың басынан құлайды. Қыз ажал құшқан таудың сыртқы сұлбасы жүрекке ұқсайтындықтан ел-жұрт бұл жерді содан былай Баянжүрек атап кетеді. Міне, Баянжүректің қысқаша аңызы осылай.
– Ой, Сәке-ай, өскен өңіріңіздің аңыз-әңгімесімен құлақ құрышын қандырдыңыз ғой, – дей беріп едім, сөзімді бөліп:
– Құлақ құрышын қандыру өз алдына, ол жеткіліксіз. Киелі топырақтың тарихи тағылымы мол құндылықтарын қазіргі өркен жайған өрелі жастардың санасына терең сіңіру – бізге парыз. Көңіл көкжиегін кеңейтетін кемелді әңгіме ой-өрісінің кеңістігін ұлғайтып, дамытады. Оны өзің де біле жүргін, – деп маған да салмақ салып қойды.
Қызу әңгіменің тіні одан әрі ұзарып, жалғаса берді. Сәкеңнің тартымды әңгімесін тыңдай отырып оның жайдары жүзінен сабырлық пен асып-таспайтын байсалдылық пайымын, жүрек лүпілін дөп басатын сезімталдығы мен тау қозғалса қозғалмайтын ұстамдылығын аңғарған едім. Осы бір берік қалыптасқан үрдістің барша туындыларының өн бойына алтын арқауға айналып, самал желдей есіп тұратындығына көз жеткіздім.
Сайын ағаның жан дүниесін серпілткен қазыналы Қапал аймағындағы Қоңыр өңірінің топырағына кіндік қаны тамып, мөлдір бұлағынан сусындаған ақын Ғали Орманов, әнші Қажыбек Бекбосынов, вирусолог-ғалым Айдын Қыдырманов, ғылым докторы Алтай Шалтабаев және басқалар мақтаныш сезіммен ауызға алатын біртуар өр тұлғалар. Ал сөз зергері Сайын Мұратбеков өмірдің болмысын шынайы бейнелейтін таңғы шықтай мөлдір шығармалары арқылы оқырманның жан жүрегін баурап, ықылас-құрметіне бөленген ерек дарын иесі. Сайын даланың саумал самалы тербеген жасыл шалғынын шайқап, теңіз толқынындай тербейтін сергек сезіммен баурайтын көркемсөз шебері.
Әли ЫСҚАБАЙ,
жазушы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қызметкері,
Алматы облысының
Құрметті азаматы