Әдебиет • 12 Қазан, 2021

Ақындық серт

731 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақындар сертпен туатын сияқты. Ақын­ның миссиясы, азаматтық кредосы деп жатады кейде. Маралтай Райымбекұлы «Ар» өлеңінде «тұлпардың ары – озу тек» дейді. Ақындық (адамдық) серт пен ардың бітісі бір. Серт жолынан тайған күні арың азап шегеді. Ал сол арға дақ түсіру – өліммен пара-пар. Біреулері тірідей өледі, біреулері серт жолында шаһит кетеді.

Ақындық серт

Өз отына жанып кететіндер қаншама. Өзектегі өрт те, дерт те сол серттен тууы әбден мүм­кін. Осыны жеріне жеткізе түсіндіретін, біз білетін бір шығарма – Мұхтар Мағауин­нің «Сұркөжек аттың соңғы шабысы» атты әңгімесі. Онда өмір бойы бәйгенің алдын бермеген Сұркөжектің тоқтасқан шағы суреттеледі. Ақырында тұлпары қартайған соң иесі жануарды еркіне қоя береді. Өле-өлгенше бостандық сыйлайды жануарға. Кейінде бір кісінің өтінішімен байдың еркетотайының дәмелі атын жаратады. Мұны байқаған Сұркөжек әлгі атпен бірге өзін де жарата бастайды. Атбегі көзіне жас алып, ақырында тұлпарын қоса баптайды. Сөйтіп, Сұркөжек соңғы бәйгеге қосылып, ақырғы айналымда аттардың алдында оза шауып келе жатып, қарақшыға аз-ақ қалғанда аяғын інге тығып, жазым болады. Ақырына дейін алдына қара салмай, сертпен өлген тұлпар ақырында тарихта осылай қалды. Мұхаңның бұған дейінгі «Жүйрік» шығармасында да қозғалады бұл тақырып. Адам қастығынан аяқтан ақсап қалған Нарқызыл кейінде табын­дағы көп жылқы ішінде де алдына қара салмайды. «...Басқалар да шабысқа түссе ше? Үш аяқтап ілесе ала ма? Ілесер-ау, озып, ілгері шыға ала ма? Шыға алмайды, әрине. Сонда қай­тер еді? Құсадан өлер еді...» дейді жазушы.

Біздің тарихта бұған мысал жетерлік. Әріге бармай-ақ берідегі Алаш арыстарын алса да жеткілікті. «Ұлтымның табанына кірген шөгір менің маңдайыма қадалсын» деген сертпен өтті олар өмірден. Сол серт жолында мерт бол­ды бәрі. Арасында ақындық сертпен өткен Сұлтанмахмұт Торайғыров бар. Алашшыл ақындар ішінде Мағжаннан кейін, тіпті қатар аталуы тиіс сертшіл ақын. Жасы жетпей қалды, әйтпегенде қазақ өлеңінің бүгінгі өрісі бұдан да кең болар ма еді деген ойға жетелейді. Өйткені біз атын атаған екі ақынды өзіне үлгі еткен ақын Қасым Аманжолов екені анық байқалады. Әдебиетте ондай тегеурінді толқын болмаса, Қасым да, Қасымнан кейінгілердің де болу-болмауы екіталай.

«Қараңғылықтың кегіне, Күн болмағанда, кім болам?!» – Сұлтанмахмұттың серті! Алаш мұратын көксеген ақындар ішінен Қасым неге Сұлтанмахмұтты таңдады деп ойлайсыз? Ол алғашқылардың бірі болып «Сұлтанмахмұт туралы баллада» жазды. Торайғыров 1920 жылдың 21 мамырында қайтыс болады екен де, Қасым балладасын 1940 жылдың 20 мамырында жазып, нүктесін қояды. Ақын қайтқанының 20 жылдығын біліп, ескерген сияқты. Ол кезде Мағжан туралы жазу – өлімге барумен пара-пар. Сұлтанмахмұт Мағжан сынды «халық жауы» ретінде ұсталып, репрессияға ілікпеген. Ерте өліп қалғандығынан. Бастысы, айыпталмай ажал құшты. «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» деп Алаш гимнін жазып қалдырған ұстазын еске алу арқылы Қасым күллі сталиндік жүйеге қарсылығын танытқандай көрінеді. Балладаны асықпай, шұқшиып оқығанға ол анық байқалады. Бір кейіпкердің Сұлтанмахмұтты тіріге балап, өлмес жырын үлгі тұтуы, келесі кейіпкер оны арам дұшпанға балап, «тарихқа солай жазып бергем» дегені ақылға сыйымды делік. Алайда Сұлтанмахмұтты көрден тұрғызуы ше? Қабірден шығып, өзіне болысқан жаспен Жазушылар одағынан мүшелік билетін алу­ға жөнеліп кеткені – Сұлтанмахмұттың жеңісі деген сөз. Яғни ақынды жақтаған кейіпкердің пікірі дұрыс болып шыққаны. Керісінше, ақын­ға күйе жаққан кейіпкер қабір басында мола күзетіп қалғаны – оның жеңілгенін білдіреді. Керауыз ұрпақ келмеске кетеді де, жаңа заман орнайтыны туралы үлкен емеурін осында тұр.

Бұл бір делік. Екіншіден Сұлтанмахмұт Қасымға ұстаз деп тегін айтқан жоқпыз. Қасым­ «Ақсәуле» тақырыбын сол ұстазынан ал­ған. Сұлтанмахмұттың «Ақсәулесін» оқы да, Қасым­ды оқы. Бір-бірін қайталамай­ды, ­бірақ кейінгісі алдыңғысынан үлгі алғаны аң­да­ла­ды. Сұлтанмахмұт «Ақсәуле, күміс жүз­ді, құндыз қабақ» немесе «Назды, нәзік, ақ сәуле» деп бастайды. Өлеңнің тақырыбына шейін солай аталады. Цикл деуге болады. Қасым оны жаңаша жырлап, дамытып жіберген. «Ақсәуле, аспанда Аймен таласасың, төгіліп иығыңа қара шашың» деген жолдар туа сала әнге айналып кетті. Ол туралы Кеңес Одағының халық әртісі, композитор, Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Ғазиза Жұбанова: «1955 жылы «Әдебиет және исскуство» деген журналды оқысам, Қасымның соңғы жазған өлеңдері бар екен. Соның ішінде «Ақсәуле» деген өлеңі маған бірден әсер етті. Біздер, композиторлар, кейде бір өлең ұнаса, оқып жатқанда ішімізден музыка шығып жатады. Осы өлеңді оқығанымда бірден әні, мелодиясы жүрегімнен шықты», деп еске алады.

Сұлтанмахмұт «Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын» десе, Қасым «Мен – қазақтың баласы» деп жар салды. Және «Сертің осы азат жігіт, азат қыз» деген өлеңдердің серті ақынға Сұлтанмахмұттан көшкенін байқау қиын емес. Оны зерделі оқырманның өзі де білетін болуы керек. Бір ұққанымыз, сертіне адалдар жасай береді.