«Сен маған неге,
у сіңген көзбен қарайсың?
Қарайсың, сосын,
бастағы қанға тарайсың.
Қабағын түйген қап-қара
ойға үңілсем.
Масқара түнге малшынған
майда арайсың.
Қыршынды қидың қыл бұрау
арқан салдың да.
Мұң жанып жатыр
Мұқандар өлген шалғында.
– Кісімін десем...
– Жылқысың дейсің ...
Ендеше:
Мінетін болсаң кісінеп
тұрмын алдыңда».
Міне, осылай ақтарыла төгіліп, бар айтарын жырымен айтқан ақын, жазушы, тарихшы Сұраған Рахметұлы – қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі. Бұлай деуімізге оның екпінді өлеңдері мен ойға құрылған мақалалары, оқырман дейтін қазының көңілінен шыққан кітаптары себеп болып отыр.
Ол Баян-Өлгей мен Астана-Алматы арасын өлеңмен жалғаған әдебиет елшісі іспетті. Бәріне дәнекер оның тұма жырлары болды.
Талант деген Тәңір берген несібенің өзі кім көрінгенге тоқтай бермейтін сыңайлы. Сұраған Рахметұлының таланты жайлы, ақындық болмысы мен өлеңдегі, өнердегі дабысы, шабысы жайлы осыған дейін аға буын ақындар мен қаламдастары көп айтты. Әрине, есті оқырманның пікірі бір басқа. Маңыздысы да сол.
«Қырбақ қар өлең
шумақтарындай,
Мейірімді дала кірпігі.
Қаздың қаңқылы ұшады
қалқып,
Құндақтағы ұлдан
Әуенін санамда іркідім».
Ақындықты тақтан да қымбат көретін өр мінезді жандар болады. Олардың арманы, мақсаты мен мұраты тек қана өлеңнің еншісінде. Біздің кейіпкеріміз де – сол мүдденің ішінде, тіпті үнемі ойдың ішінде жүретін қаламгер. Ол бар мұңын, тағдырын өлеңнен тауып, өлеңге ғана серік болды. Өлеңнен алып, өлеңге берді. Асқақ арман, таза жүрек, шынайы ынтызарлық оны өлеңнің, өнердің жолынан адастырған жоқ, қайта әлдилеп биігіне көтерді. Сұраған ақынның өлең құрлысында қазіргі және өткен ақындарға ұқсамайтын, өзіне тән стильдік ерекшеліктер бар екенін де оның өр мінез жырлары, далалықтарға тән әуені айтады.
Сұраған ақын туралы жазушы, ғалым Мұхтар Мағауин: «Шынында да, Сұраған – қазіргі заманғы қазақ поэзиясының алдыңғы қатарында тұрған танымал ақын екені күмән туғызбаса керек. Табиғи дарын ғана емес, ұтымды ізденіс, тынымсыз еңбек нәтижесі. Байыптап қарасам, жаңа бастаған жас талапкер Сұрағанның үлкен бір артықшылығы және кеміске айналуға мүмкін шетін жағдайы болыпты.
Артықшылығы – ежелгі Түркі мекені, бүгінгі Моңғол ұлысында, баяғы Абай заманындағы, тұрмысы табиғи, тілі таза, мінез-құлқы нағыз ұлттық сипатты, уызы шайқалмаған қазақ ортасында туып-өсті және біржола қалыптасты. Ықтимал кемшіндік – осы өзгеше ортадағы шалғай жағдаяттар нәтижесінде тоқырауға ұшырау, яғни рухани өмірде, тыным, білім тарабында кешеуілдеп қалу қатері болатын. Алайда Сұраған өзінің тәңір сыйлаған талабының арқасында үлкен қазақ жұртындағы тұрғыластарынан кем түспей, тіпті кей реттерде оза шауып, зор білікке жетті. Бұған бүгінгі Сұраған ақынның мазмұнды, ойлы ғана емес, тақырып тұрғысынан жан-жақты, құрылымы мен түр жағынан жаңалықты өлең-жырлары нақты куәлік береді. Қайталап айтайық, Сұраған Рахметұлы – қазіргі қазақ поэзиясындағы ең елеулі тұлғалардың бірі. Сонымен қатар алымды әдебиетші және білікті тарихшы ретінде де жоғары бағаға лайық. Тек Сұраған ғана емес, бүгінгі Моңғол ұлысында, Қытай мемлекетінде жасап жатқан ана тілді қаламгер атаулы қазіргі қазақ әдебиетінің кең өрісін, шын мәнісіндегі ұлттық, үлкен әдебиет екенін айғақтай түссе керек. Сонымен қатар қадым заманда Түркі қағанаты құрамында болған, орта ғасырларда Шыңғыс ханның әлемдік империясын негіздеген бабалар әулетінің өшпес рухы мен кейінгіде Қазақ ордасы аталып, дербес ту көтерген ақыр түбінде әуелгі атынан айырылса да, барлық зобалаңнан аман өтіп, тәуелсіз күнге жеткен қазақ халқының біртұтас бірлігінің көрсеткіші. Сұраған Рахметұлының алпыс жылдық мерейтойының ілгерінді-кейінді басқа да шаралардан өзгеше болмысын осы тұрғыдан танимын», деп аталы сөз айтып, ақынға шынайы баға береді. Айтса айтқандай, Сұраған ақынның басқадан бөлек болмысы, мінезі, өнері біздің әдебиет үшін, тарих үшін елеулі.
«Армандар көгімді тырналап ұшады» дейтін ақынның арманы – ұлтым өзгеден кем қалмаса, өнеріміз аспандаса, өлең барша жұрттың рухани азығына айналса, ұрпақтар ежелгі ата-бабаларының жолын қуып, бақытты күн кешірсе дейтін риясыз әрі шынайы арман екенінде дау жоқ. Ақынның арманы – шексіз арман. Ал жыры – құдірет!