Әлем • 13 Қазан, 2021

20 миллион ауғандық көмекке мұқтаж - БҰҰ

182 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауғанстанда гуманитарлық дағдарыс күшеюде. 20 миллион ауғандық көмекке мұқтаж. Бұл туралы бүгін БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғары комиссарының басқармасы (БЖКБ) айтты, деп хабарлайды Egemen.kz БҰҰ-ның жаңалықтар сайтына сілтеме жасап.

20 миллион ауғандық көмекке мұқтаж - БҰҰ

Осыдан бір ай бұрын Ауғанстандағы гуманитралық операцияларды жүргізуге 606 миллион доллар қажет екендігі айтылған. БҰҰ бұл соманың тек 35 пайызын ғана көмек ретінде жинаған. Қаражат ауған экономикасының толықтай күйреуін болдырмау үшін қажет. БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш бұл туралы Ауғанстан бойынша төтенше кездесуге жиналған «Үлкен жиырмалық» көшбасшыларына ескертті.

«Ауғанстан өзгерісті кезең алдында тұр», деді БҰҰ Бас хатшысы.

БЖКБ өкілі Бабар Балох Кабулда ел ішінде қоныс аударған жүздеген ауғандыққа төтенше қолдау көрсету мақсатында Басқарманың Ауғанстанмен шекаралас елдерінде логистикалық орталықтар құрумен айналысып жатқанын мәлімдеді.

«Түн салқын бола бастады, сол себепті үй-жайсыз қалған адамдарға жедел түрде көмек қажет», деді Балох.

Оның айтуынша, көмек қажет ететін ауғандықтардың саны 20 миллионға жетті және күн сайын көбейіп жатыр. БҰҰ-ның хабарлауынша, бүгінгі күні ауған отбасыларының тек бес пайызы ғана дұрыс тамақтануда. Бес жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы аштықтың зардабын шегуде.