13 Ақпан, 2014

Қазақстандық экспорттың бәсекеге қабілеттілігі артады

412 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Теңге бағамының өзгеруі қазақ­стан­дық тауарлар экспортының өсуіне және елдің сыртқы сауда балансының жақсаруына оң әсер етеді.

Бірінші кезекте, ол айтарлықтай дәрежеде экспортқа бағытталған, өндірісі импортқа онша тәуелді емес кәсіпорындар үшін оң серпін береді. Теңге бағамының өзгеруі нәтижесінде тауарлардың теңгеге шаққандағы құны айтарлықтай төмендейді (яғни тауар өндірудің өзіндік құны төмендейді). Бұл қазақстандық өнім жеткізушілердің өнім бағаларының артықшылығы есебінен сыртқы рыноктарда бәсекелестік қабілетінің артуына жол ашады.

Kaznex Invest агенттігі бес жылдан астам уақыттан бері отандық өндіруші компанияларға өз тауарларын шетелге шығаруға көмектесуде. Бұл орайда, өңделген өнім шығаратын компаниялардың «Экспорт-2020» мемлекеттік бағдарламасы басты назарда. Олар машина жасау, металлургия, химия, азық-түлік, фармацевтика, құрылыс компаниялары және басқа да салалар. Өңдеу секторының шамамен 1500 кәсіпорны ҮИИДБ жылдары ішінде өзінің шетелдегі бизнесін дамытуда мемлекеттік көмек алды. Менің ойымша, теңге бағамының өзгеруі экспорттаушылар үшін қорғау шарасы қызметін атқарып, қазақстандық экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туғызады. Бүгінде, Қазақстан әлемдік экспорттаушылар тізімінде 42-ші орын алады, ал экспорт географиясы 1119 елден тұрады.

Сондай-ақ, тауар өндіруші экспорттаушыларға қосымша табыс алу мүмкіндігінің пайда болатынын да атап өту қажет. Оны олар өз өндірістерін дамытуға бағыттай алады. Ол сондай-ақ, отандық компаниялар­дың шетелдік рыноктардағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экспансия үшін жағдай туғызады.

Биылғы жылы біз экспортты Қырғызстанға, Тәжікстанға, Түркіменстанға, Өзбекстанға, Арменияға, Ресейге (Челябі, Омбы, Новосібір, Самара, Орынбор, Екатеринбург, Қазан), Қытай, Иран және Ауғанстан елдеріне шығаруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, біздің агенттік кәсіпорындардың Ресейдегі және Орталық Азия елдеріндегі салалық халықаралық көрмелерге қатысуына да ықпал ететін болады.

Іс жүзінде теңге бағамының өзгеруі нарық экономикасындағы қажетті шарт болып табылады. Көптеген дамушы экономикалар валюта бағамын төмендетті, ал ол сол елдердің тауарларын анағұрлым тартымды ете түсті. Кезінде АҚШ, Қытай және Ресей дәл осындай ұлттық өндірісті қорғау шараларына барды.

Екінші жағынан алғанда, шетелдік валютаға қатысты ұлттық валюта бағамының өзгеруі отандық тауарлардың ішкі рыноктағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұл шара импорттық тауарлар бағасын өсіріп, олардың жергілікті өніммен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігін азайтады, сөйтіп импортқа шектеу қояды, яғни импортты алмастыру жүзеге асады. Былайша айтқанда, валюта бағамының өзгеруі ұлттық өнеркәсіп үшін, әсіресе, интеграциялық үдерістер шеңберінде қорғау шарасы болып табылады.

Мейіржан МАЙКЕНОВ,

Kaznex Invest Экспорт және инвестициялар

жөніндегі ұлттық агенттігі басқарма

төрағасының орынбасары.