Таным • 13 Қазан, 2021

Суицид синдромы: Не істеу керек?

950 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Өмірден баз кешіп, өзіне өзі қол салу. Бұл не? Тағдырдың басқа салған болмашы қиындығынан жалтару ма? Бәлкім, басына түскен қандай да бір қиындықты санасы ауыр қасірет деп танып, содан құтылудың жеңіл жолын іздеген келте ойлы адамның ұшқалақ амалы ма? Әлде, тағдырға тәубе келтірудің аса қажеттігінен хабарсыз жанның ойсыз шешімі ме? Имансыз немесе иманы әлсіз адамды бойындағы жын-шайтаны көзін байлап апарып, биіктен итеріп жіберуі ме, не су тұңғиығына батыруы ма, не уыстап дәрі ішкізуі ме, не қыл арқанды мойнына салдырып қылқындыруы ма? Әлде, айналдырып жүріп алмай қоймайтын дерт секілді аурудың бір түрі ме, не қаннан берілген кесел ме? Шынында да, бұл не?..

Суицид синдромы: Не істеу керек?

Уақыт өткен сайын араны ашыла түскен, тойымсыз, ғылымда «суицид» деп аталып кеткен бұл бәлекет жасыңды да, жасамысыңды да «жұтып» жатыр. Өлімге өз еркімен иығын беріп, жұрт көзінен сытылып тасаға шыққанның әп-сәтте жұлынын үзетін бұл «ішкі жаудан» жыл сайын әлем бойынша миллиондай адам көз жұмады екен. Бұған қоса, жаһанда бір жылда 20 миллионға жуық адам өзін өзі өлтіруге әрекеттенетін көрінеді. Бұл сандардың осынша көп болуына Қазақстан да өзіндік «үлесін» қосып отыр. Олай болса, еліміз өзіне өзі қол салу синдромын өзекті мәселелердің бірі, дәлірегі – экономикалық, демо­графиялық шығын, қоғамдық көңіл күйді төменге тартатын жағымсыз үрдіс ретінде қарастырып, онымен ел-жұрт болып күресудің ұтымды жолын айқындауы қажет деп білеміз.

Кешегі ата-бабаларымыздың заманында өзіне өзі қол салатындар некен-саяқ, тіпті мүлде болмаған де­седі. Өйткені салт-дәстүрге, дінге берік­тігі, тыйымы, сол кездегі туыс­тық қатынастардың шынайы­лығы, кімнің болсын басына түскен ауырт­палықты қоғамдасып көтеріп алу, бір-бірін тыңдай білу мәдениетінің жоғарылығы, отбасылық құндылық­тардың қастерленуі, әрбір адамның өз ата-анасының, бауырларының алдында аман-есен жүру жауапкершілігінің биіктігі және басқа да маңызды жағ­даяттар ата-бабаларымызды өзіне өзі қол салу сияқты жат қылыққа жа­қын­датпақ түгіл, тіпті ол туралы ойлат­паған, яғни, өзіне өзі қол салу пиғылынан санасы таза болған.

Ата-бабаларымыздың өз өмір­леріне ұстын еткен берік қағида­лары­нан  қатал тағдырдан қаншама соққы жесе де айнымаған. ХХ ғасырдың өн бойында небір нәубетті көрген қазақ аштан бұратылып, есеңгіреп, өзегі талып өлген, бала-шағасының, бауырының, Құдай қосқан қосағының, ата-анасының бір түйір дәнге зар болып жантәсілім еткенін көріп зар жылаған, «халық жауы» ретінде иттің басына тілемейтін азаптың неше атасын бастан өткерген, қанды соғыста ажал төніп тұрса да қалтырамай, өмірден өзінше мән іздеген, концлагерьлерде бұ дүниенің нағыз тозағына түсіп, алыс түкпірлерде ауыр еңбекке жегіліп, еліне қайту орындалмас арманы болған, бірақ басқа түскен тауқы­мет­тен құтылудың шешімі ретінде өзіне өзі қол салу амалына жүгінбеген.

Бүгінгі қоғамда да жеке басы өте ауыр қасіретке тап болса да ата-бабаларымыз ұстанған қағидалары­мен, һәм бойындағы иман күшімен Алланың, салт-дәстүрдің тыйымынан аттап өтпей, талайлар секілді болмашыға бола сынып кетпей,  басындағы қайғысын қайсарлықпен күресе жүріп жеңіп, қоғамға да, өз ор­тасына да пайдасын тигізіп жүр­гендер аз емес. Олар – қапылыста ерлерінен, ұл-қыздарынан айырылып аңырап қалған аналар, жұбайлары, перзенттері оқыс оқиғадан көз жұмып қу басы қалған әкелер, ата-аналарынан, туған бауырларынан ажал ажыратып кетіп, зар жылап жалғыз қалған ұл мен қыз, ойламаған жерден мүгедек болып қалған не туғаннан тәнінде кінәраты бар әр жастағы адамдар және тағы басқалар.

Елімізде суицидке барып өлген­дердің, не өзіне өзі қол салу әрекетін жасағандардың басым көпшілігінің өмірден баз кешуге итермелеген себеп-салдарларын зерделегенде түй­геніміз мынау болды: олардың басына түскен іс (эмоциялық күйзе­лістер, психологиялық факторлар, отбасы проблемалары, қаржы тапшылығы және т.б.) біз жоғарыда үлгі ете айт­қан адамдардың басына түскен қиын­дықтардың жанында түкке тұрғысыз секілді. Осындайда Аллаға деген сені­мін, имандылық күшін, салт-дәс­түр тыйымын ту етіп, қандай қиындық көрсе де мойымай, ерік-жігерін танытып жүргендерге разы боласың.

Қазіргі таңда тиісті органдар тарапынан суицидтің арынын басу амалдары қолға алынып жатқанымен, олардың оң әсері төмен. Мәселен, білім беру жүйесінде 7 мыңнан астам педагог-психолог күнделікті өмірде қиын жағдайға тап болған балаларға көмек көрсетеді. Алайда олардың басым бөлігі шетелдік, оның ішінде батыстық таным-түсінікке, ойлау жүйесіне негізделген теориялардан, зерттеулерден, тұжырымдардан, атеистік көзқарастарға шырмалған идеялардан сусындаған. Олардың осындай білім-білігі қазақстандық әлеуметке, қазақ қоғамына зиянын тигізбесе, біз күткендей пайдасын бермейді десек, қателеспеспіз. Сон­дықтан отандық педагог-психо­лог­тердің батыстан келген теориялар мен тұжырымдардың, көзқарас­тардың жетегіне көзсіз еріп кетпеу жағын ойластыра отырып, шығыс даналығынан, халқымыздың ұлттық құндылықтарынан, салт-дәстүрінен, халықтық педагогикадан жақсы деңгейде хабары бар мамандар даярлау мәселесін қолға алғанымыз жөн. Мұндай мамандардың діннен де білгені мол болғаны өте маңызды. Өйткені суицидке қарсы күресте имамдардың әлеуетін пайдалану да қажет болғанымен, оларды қосымша тірек ете отырып, негізінен, дін саласынан хабары мол психолог мамандардың қызметін пайдаланған орынды. Өйткені олар арнайы штаттар негізінде тиісті орындарда жұмыс істейді. Нақтылай айтқанда, біз суицидке қарсы іс-қимылда жақ­сы нәтижеге қол жеткізу үшін педа­гог-психологтердің қыз­метіне сү­йенгі­міз келсе, алдымен олар­дың жан дүниелерін, білім-білігін, рухани ұстанымын батыс­тық емес, өз қо­ға­мымыздың болмысы­на, өз хал­қы­­­мыздың құндылықтары­на сәй­кес­тендіру жағын ойластыр­ғаны­мыз жөн. Сол үшін болашақ педагог-психолог мамандарды даярлау, бұл ба­ғыттағы семинар-тренингтерді өт­кізу ісін ұлттық болмыс, көзқарас аясында ұйымдастыратын уақыт келді.

Әдетте, халықтық санада суицидтің белең алуы елдегі әлеуметтік-тұрмыс­тық жағдайдың төмендігімен байланыстыра қарастырылады. Шын мәнін­де, мұны дұрыс көзқарас деу қиын. Өйткені біріншіден, халқымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы талай елден жоғары болмаса төмен емес. Екіншіден, халқының аузынан ақ май ақтарылып отыр деп есептелінетін елдерде де өзіне өзі қол салушылар саны дамушы не дамуы кенжелеп қалған мемлекеттердікінен әлдеқайда көп. Мысалы, соңғы кездері Мажарстан, Финляндия, Эстония, Литва, Латвия, Германия, Аустрия, Швейцария, Нидерланд, Жапония сынды мемлекеттерде «суицид синдромы» асқынып тұр. ДДҰ суицид кедей елдерде емес, дамыған елдерде көп тіркелетінін айтуда. Бұл тұста өзіне өзі қол салу синдромының өршуін материалдық тұрғыда аз қамтамасыз етілуден емес, қоғам мүшелерінің рухани жұ­таң­дыққа душар болуынан іздеген жөн секілді. Нақтылай айтқанда, мәдени-рухани құндылықтар шетке ысырылған жерде адамдардың өмірге деген құлшынысы төмендеп, басы­на түскен кез келген істі тақсірет санап, одан өлім арқылы құтылып кету әдісіне жүгінгісі келіп тұрады. Атақты әлеуметтанушы Эмиль Дюркгейм «Қоғамдық қарым-қатынас әлсіреген және адам бойындағы сенім мен рухани құндылық жойылған жерде суицид көбейеді», депті.

Мамандардың зерттеуіне қара­ғанда, өзіне өзі қол жұмсау әре­кеті көбіне атеистер арасында көп кез­д­е­се­тін көрінеді. Оның себебі – дінсіз­дердің Аллаға және ақыретке иман келтірмеулерінде. Осы арада бір көңіл аударарлық жайт, халқы Ислам дінін жаппай ұстанатын елдерде суицид өте төмен: 100 мың адамға шаққанда 0,1 адам. Ал өзге діндерді ұстанатын қоғамдарда бұл синдром жоғары: 100 мың адамға 11,2 адамнан келеді.

Иә, суицидке барлық діндер қарсы. Солардың ішінде Ислам дінінің өзіне өзі қол салу әрекетіне деген ұстанымы өте қатал. Сондықтан да суицид мәсе­ле­сінің шешімін Ислам дінінен іздеу тиімді сияқты. Өйткені өзіне өзі қол жұмсау – Исламда өте ауыр күнә. Бұл Жаратқанның пешенеге жазға­нына қарсы шығу. Алла тағала «Сон­дай-ақ бір-біріңді (өз-өздеріңді) өлтір­меңдер. Шүбәсіз, Алла сендерге өте мейі­рімді. Кімде-кім осы айтыл­ған­дарды қасақана істеп, шектен шығып, өзіне һәм өзгелерге қиянат жасайтын болса, біз оны шыжғырып азаптау үшін алапат отқа тастаймыз. Бұл Алла үшін оп-оңай» (Ниса, 29-30),  дейді.

Негізінде, өзін өзі өлтіру – көбіне асқынған эгоистердің ісі. Ондайлар өзгені емес, өзін ғана ойлап, басына түскен істен өлім арқылы азат болуды ғана ойлайды. Олар соңында аңырап қалатын ата-анасын, бауырларын, ет жақындарын қаперіне де алмайды.

Ислам діні өмірдегі қиыншылық­тарды жай ғана сынақтар деп түсін­діреді, оның артынан жақсылық болатынын ұқтырады. Бұл өз кезегінде Алладан үміт үздірмейді, сабыр сақтатады, өзін өзі өлтіруден тыяды.

Елімізде аталған жағымсыз үр­діс­тің белең алуына бұрынғы атеис­тік қоғамның салдарларының азай­май отырғаны, қоғамдағы рухани жұтаңдық және Ислам дінінен хабарымыздың аздығы әсер етіп отыр. Сол үшін елімізде осы бағытта жан-жақты зерттеулер жүргізу қажеттігі айқын көрініп тұр.

Суицид құрбаны болғандардың жой­дасыз амалына, өзіне өзі қол салу­ға бой алдырғандардың әрекет­теріне олардың ата-аналары, мұғалім­дері, көршілері, бірге жүрген жолдас­тары және осынау қатерлі үрдісті ауыздықтай алмаған мемлекет те жауапты. Мемлекет қоғамды суицид синдромынан «емдеу» ісін өз деңгейінде ұйымдастыруы қажет.

Біздің қоғамда Ислам діні кең тараған. Бұл – біздің баға жетпес мүм­кіндігіміз. Бірақ осы қолда бар әлеует­ті тиімді пайдалану ісінде кінәрат­тар бар. Осы кінәратты жою басты міндеттердің бірі болуға тиіс.

Иә, біздің ата-бабаларымыз өзіне өзі қол салғандарға салқын әрі теріс қара­ған. Олардың мүрделері бөлек кө­міл­ген деген сөз бар. Басқа елдерде де, мәселен, Грекияда өзін өзі өлтір­ген адамдардың мәйітін өртеп жібе­ретін болған. Өткен ғасырларда Еуро­паның бірқатар мемлекетінде өзін өзі өлтірген адамдарды діни көз­қарас­пен қыл­мыскерлер деп есептеген екен. Бү­гінде басқасын айтпағанда, қоға­мы­мызда суицидпен өлгендерге деген көзқарас айқын емес. Мұндай санаттағы қазаны табиғи немесе түрлі себептермен болған қазамен қатар қарастырамыз.

Қайдан енгені белгісіз, ел ішінде суи­­цид­ке барғандардың жаназасы шы­ға­­рылмауы керек деген сөз жиі айты­лады. Шын мәнінде, солай ма? Олар­дың жаназалары оқылып жатыр. Мұ­ны кейбір ағайын имамдардың шари­ғат талабын бұзуы деп қарайды. Шын мәнінде, бұлай топшылау дұрыс емес.

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шығарған «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында өзін өзі өлтірген адамның жаназасы туралы былай делінген: «Адам бала­сының өз өзіне қол жұмсауы – адам­дық тұрғыдан да, дін тұрғысынан да үлкен күнә. Өйткені жан – Алла­ның адам баласына берген ең қасиетті аманаты. Өз өмірін қию – сол аманатқа жасалған қиянат әрі үлкен күнә. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадисте өзіне қол жұмсаған адамның үлкен күнәға бататынын, тозақта азап шегетінін айтқан. Өзіне қол жұмсау бұрынғы үмбетте де тыйым салынған. Бір хадисте: «Сіздерден бұрынғы үмбеттер арасында жараланған бір адам ауруына шыдай алмай қолын пышақпен кесіп, қан тоқтамай қансырап өлді. Сонда Алла тағала: «Құлым мен берген жанымды қолдан алды. Мен оған жұмақты харам (мақұрым) еттім», деген. Өзін өзі өлтірген адамның жаназасын Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оқымағандығы айтылады (Мүслім риуаят еткен). Алайда сахабаларға өзін өзі өлтіргенге жаназа намазын оқуға тыйым салмаған. Сондықтан бұрынғы уақытта бізде күнәнің ауырлығын білдіру әрі басқаларға сабақ болу мақсатында өзіне қол жұмсаған адамдардың жаназасы оқылмаған. Ал бүгінде ҚМДБ мұндай жаназаларды көп адам жинамай, барынша тезірек өткізу керектігін айтады. Бұл да жастарға және рухани өресі төмен кісілерге ғибрат болары анық», дейді.

Қалай десек те, қоғамымызда өзіне өзі қол салу синдромын болдырмау маңызды. Бұл жалпыхалықтық міндет екенін қаперден шығармалық.

Соңғы жаңалықтар