Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аппарат жиынында су тұщытатын зауыт құрылысына қаржы салуға дайын инвестордың табылғанын айтып, Ақтау қаласының әкіміне жобаны жеделдетуді тапсырған болатын.
50 га жерде сыйымдылығы 40 мың текше метр су бассейндері мен суды тұщытатын қондырғылар бой көтереді. Инвестициялық жобаның құны – 4 млрд теңге.
– Жуырда Президенттің Маңғыстау облысына келген сапары барысында су мәселесін шешу туралы тапсырма берілген болатын. Халықты үздіксіз ауыз сумен қамтуға бағытталған жобаларды жеделдетуге кірістік. Су тұщытатын зауыт салуға келіскен инвестормен қажетті келісімдер жасалды, – деді Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Жаңа зауыттың жоспарланған қуаты – 20 мың текше метрден астам. 2022 жылы іске қосылатын жобаның алғашқы кезеңінде тәулігіне 5 мың текше метр су өндірілмек.
– Техникаларымыз жеткілікті. Канал қазу жұмыстарын бастап кеттік. Қажетті құрылғыларға тапсырыс беріп жатырмыз. Бір бөлігі АҚШ, Еуропа елдерінен, енді бір бөлігі Ираннан жеткізіледі, – деді жоба құрылтайшысы Есман Жұмабаев.
Сонымен ақтаулық тұрғындар үшін өзекті мәселені, яғни жазбен бірге айқай-шуы қатар басталатын ауыз су мәселесін шешу бағытындағы жұмыстар басталды.