Қазақтың жеріне 5 Франция, 9 Италия, 11 Ұлыбритания сыйып кетеді делінеді. Бұл мерейіңді өсіреді. Бірақ қазақ саны есіңе түссе, ойланып қаласың. Ана ғасырда Алаш арыстары «Жер, жер, жер» деп кетіпті. Олар аңсап өткен тәуелсіздік біздің еншімізге тиіп, жердің иесі болдық.
Сол жер жекеге кеткен кезде қолынан келгендер қонышынан басып, қаймағын қалқып алды. Былайғы жұрт көп жағдайда қонжиып қалды. Сол әділетсіздік тұсында ең құнарлы, жолға жақын суармалы жерден жүздеген, ал ас атасының атамекені, қазынасы саналатын солтүстік өңірлердегі мыңдаған гектар алқапты билігі барлар иеленіп кетті.
Алғашқы кезде ол аңғарыла қоймаған. Алданып қалғандар қазір табанынан таусылып, әр есікті бір қағып жүр. Сұрағы көп, жауабы кемшін сол дүрбелең, алда меңзегеніміздей, кейін жер дауына ұласып, осы күндері алданған ағайындар өрге қарай хат жолдап, сілесі қатқандар әр жаққа көш басын түзеуге мәжбүр. Осыған аракідік болса да балаларын тастап кетіп жатқан жесірлер зары қосыла бастады. Мұның арғы астарында нарыққа көшу кезіндегі ала-құлалық, жүйелі ұйымдастыруды ұран басып кетсе, оның астарында миллиондаған халық тұратын, ауызды аққа тигізіп отырған 2095 кеңшар, 265 ұжымшардың тарам-тарам болып тарауы, ауыл әлеуетінің әлсіреуі жатыр. Осыдан келіп «болашағы жоқ ауыл» деген пәленің төбесі қылтиды. Ал барды шашпай-төкпей ұқсатқандардың ұсқыны қашқан жоқ. Соның бір дәлелі деп Астанаға таяу жердегі, Ақмола облысына қарасты, төрт құбыласы түгел делінетін «Родина» агрофирмасын атар едік.
Қазір ел бойынша 6936 ауылдың 1310-ы әлеуеті жоғары делінсе, 5192-сі орташа болса, 409-ы құрдымға кетіп, Қазақ елінің картасынан жойылып тынбақ. Кешегі аласапыран кез артта қалды, Отанымыздың өркендеуі әлемдік деңгейге жетті, ауыл құлдыраудан құтылды дейміз! Ал ертеңі күмәнді делінетін ауылдардың 16,5 пайызы Арқа төсіндегі елордамен іргелес жатқан Қарағанды облысында екен.
Иә, азаттықтың арқасында шекарамызды шегендеп алдық. Бірақ сол шекараға тиіп тұрған біраз аудан жойылып, ауылдардың жағдайы қалт-құлт. Мұның өзі есті адамның кеудесіне шер болып байланғандай. Неге десеңіз, арғы беттен бергі бетке қарайтындар – бұл неғылған бос жатқан далиған дала деп көз сүзбес пе екен деген күмән ет жүрекке инедей қадалады. Анау замандары Мұрат ақын «Мен қауіп еткеннен айтамын» депті. Қауіп етпесек те, баяғы ата-бабаларымыздың үлгісімен сол шекаралы аудандарға шетте жатқан 5 миллион қазақтың жартысын әкеліп орналастырып қойсақ, ұтылмас едік, ұтар едік. Жер көлеміне қарай адам саны да артып, босаған босағамыздың қадасы нығайып, күдік сейіліп, күмәнға нүкте қойылып, «болашағы жоқ ауыл» деген сұрқай сөз тыйылып, байтағымыздың бағы ашылар еді.
Сол тоқырау жылдары ауыл халқы, шынында, қала жағалады. Қазір олардың ес тапқаны қатарға қосылды. Қосыла алмағаны әр босағаны бір пана етіп, бала-шағасымен базар жағалап, шұбырып жүр. Бір кездері жұртты жұмылдырған сол базарлардың бүгінгі жайы жұрттың көз алдында – өртке оранып жатыр. Бұл жүздеген емес, мыңдаған адамдардың зар-мұңына айналуда.
Дала мен қаланы жақындастыру керек деген ұран болған. Осы күні де айтылады. Қалай жақындастыру керек? Бұл түйіні шешілмеген мәселе секілді. Қазақ қалаға келсін, қалалық өркениетке үлесін қоссын, дейді біреулер өзеуреп. Құптайтын сөз, жақсы бастама. Дегенмен, қандастарымыз қалаға келгенде істейтін жұмыс бар ма? Баспана қайсы? Заңда көрсетілген 10 сотық жерге қолы жете ме, қолжетімді баспана олар үшін арман екенін ойластырдық па? Бұл кейде тоқ бала аш баламен ойнамайдының кері ме дейсің. Ондай ақыл айтатындардың жағдайы, әрине, жаман емес. Қай қалаға барса да жұмыс алдынан шығады. Үй беріліп жатады. Мұндай шарапат ауылдықтарға таяу жылдары бола қалуы екіталай-ау!
Ішкі көші-қон тоқтаған жоқ. Оның басты себебі, ауылдың жағдайы әлі көңіл көншітпейді. Содан да шығар, үлкендер жылы орнын суытпаса, жастар қалаға бет бұрды. Сөйтіп, ауыл «қартая бастады». Ұрпақ өсіретін жастар кетіп жатса, ауыл «қартаймай» қайтеді. Ұлт жайын, жұрт жайын жиі қозғайтын Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов бір сұхбатында мынандай деректер келтіреді: «Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында 2009-2010 оқу жылында балалар санының азаюына байланысты 19 мектеп, 2010-2011 білім беру аралығында 17 мектеп, 2011-2012 оқу жылында 13 мектеп жабылған. Жалпы, 2009 жылдан бастап облыста 69 мектеп жабылып, 48 мектеп қайта ұйымдастырылған. Қайта ұйымдастыру дегеніміз – 11 жылдық мектептерді 9 жылдыққа немесе 9 жылдық мектептерді бастауыш мектептер мәртебесіне ауыстыру. Бұл жағдай да халықтың ауылдан көшуіне әсер етуде», дейді.
Расында, дәрігерлік бөлімше мен білім ұялары – ауылдың тірегі. Ол екеуі жойылса, ауылдың біткені. Тағы бір-екі деректі алға тарталық. Қостанай облысындағы тілшіміз Нәзира Жәрімбетова: «Соңғы бес жыл ішінде өңірдегі ауылдық елді мекендердің халқы 4,5 пайызға кеміген, бұл – 20 мыңдай адам деген сөз. 2009 жылдан бері облыс өңірлерінде 54 ауылдың жұрты ғана қалды», десе, Павлодар облысында 173 ауыл 148 ауылға топтастырылған көрінеді. Сөйтіп, 25 ауыл жойылып, жер бос қалмақ.
Осы арада мынандай бір дерек ойға оралып отыр. БҰҰ мемлекет халқының қартаю үлгісін анықтауға мүмкіндік беретін халық жасының көрсеткішін бекітіпті. Соған үңіліп көрсеңіз, Қазақ елі 2017 жылы халқы кәрі мемлекеттер тізіміне кіретін көрінеді. Оған мынандай өлшемдер келтіріпті. 65 жастан асқан халық саны 4 пайыздан кем болса, оны жас мемлекет деп атайды. Егер 7,4 пайыз аралығында тіркелсе, мемлекет қартаюдың алдында тұр деген сөз. Яғни, қарт кісілер 7 пайыздан жоғары болған ел кәрі мемлекет қатарынан орын алмақ. Мысалы, Германияда 65 жастан жоғары халық үлесі – 24, Ұлыбританияда – 20, Украинада – 18, АҚШ-та – 16, Ресейде – 15 болса, Қазақ елінде – 6,6 пайыз. Бұл енді 3 жылдан кейін біздің елде 7 пайыздан асып, 7,4 пайызға жететін секілді. Бұл дерек Мәңгілік Ел арманына бет алған қазақты қуанта қоймайды, ойлантпаса. Ең қиыны дарқан даламыздың келешегі не болмақ? Біз осыны қазірден бастап санамызда саралап, түйсігімізде түгендеп алуымыз керек болар. Осыған қарап отырып, қанша елді мекен Қазақ елі картасынан мүлде жоғалатынын есептеп шығу онша қиындық келтірмесе керек.
Мәселе бұнда да емес. Мәселе, «Біреулер ұлтарақтай жерге зар болып отырғанда, тұрғындар көшіп кеткен бос жердің ертеңгі тағдыры қалай болады, ата-баба мазарын қайтеміз?» демей, байтағымызды иесіз қалдыру жайы ойландырады. Кейбіреулер жер «азып-тозды», ғылыми тілмен айтсақ, деградацияға ұшырады дейді. Ондай жерді енді пайдалануға болмайды екен ғой деп, әлемдік картаға үңілсең, одан да сорақы жерді мекен етіп отырған Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктері – қу медиеннен өнім өндіріп, экспортқа шығарып жатқанын аңғарасың. Сол елдерге барғандардың гүлзарларын айтып, ауыздарының суы құритынын естігенде, біздің құм-тас деген жеріміз жұмақтай елестейтіні бар.
Иә, ауылдағы халық азайып, ондағы шенеуніктердің құлағы тынышталғанмен, бұл «көш» қала шенеунігінің тынышын кетіруде. Көтеріліп сөйлейтіндер «Көпбалалы аналар қалада да көбейіп келеді» деген уәж айтады. Ал сол көпбалалы аналардың дені ауылдан келгенін, одан кейін көп балаға қалада жағдай жасалады деген есеппен күнкөріс үшін өмірге сәби әкеліп жатқандарды олар білмейтін шығар.
Осы көші-қон үдерісі қала шенеуніктерінің де мазасын ала бастады дедік. Бұл енді ақиқат жайт. Ең қиыны, мұндай стихиялы көш қалалардың әлеуметтік жағдайын бірте-бірте қиындатып жіберуі кәдік. «Осының алдын қалай аламыз» деген кейбір басшылар азаматтарды тіркеуге қоюды шектеу жайын көтеріп қана қоймай, жүзеге асыра бастады. Тіпті, олар «Мұндай қадамға бармасақ, қалада қылмыстың өсуі, санитарлық ахуалдың нашарлауы, әлеуметтік жағдайдың шиеленісуі мүмкін», дейді. Мәжілісшілер де бұған назар аудара бастады. Олар қаланың ішін қойып, саяжайға тіркеуді де шектеу керек деген байламдарын Үкімет назарына жолдауда.
Қазаққа ауыл тағдырынан бұрын жер тағдыры қымбат. Болашағы жоқ деген желеумен кей ауылдарды шөміштен қағып, шөккен түйенің күйін кештірудің арғы жағында қасиетті атақоныс жатқанын неге ескермейміз? Оның үстіне ішер ас, киер киім сол ауылдан жететінін ешкім де жоққа шығара алмайды. Құлқынымызды толтырар, тәнімізді жабар елді мекендерге қазір 10 мыңдай механизатор, агроном, мал дәрігерлері қажет екен. Қазір сондай жұмыстарды атқарып жүрген адамдардың көбі зейнет жасына жетіп қалған.
Иә, қазір ауылдың қадірі болмай тұр. Неге десеңіз, әлгі ішер ас, киер киім шеттен келеді. Тапқан табыс солардың қалтасына бұлақтай құйылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Қазақ елі бар байлықтың табысын өзімізге емес, өзгелерге еншілетуде. Осының ауылды кенже қалдырып, тіпті, тоқыратып отырғаны да рас.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында ХХІ ғасырдың 10 жаһандық сын-қатерінің бірі азық-түлік проблемасы екенін атап өткені мәлім. Сол азық-түлікті Жер-Ана береді. Түптің түбінде қазақ осы Елбасы айтқан проблеманы азық-түлік өндіру ісімен шешіп, Мәңгілік Елдің Мәңгілік жерінің үсті үстемдік құратын болады. Сондықтан ауылдың жайын, халықтың тыныс-тіршілігін толық зерттеп, зерделеп алмай, ұшқары мәліметпен кеңседегі кеңесте болашағы жоқ деп бал ашумен бүгінгі жыртықты жабармыз, бірақ ертеңгі ақиқаттан аттап өте алмасымыз белгілі. Қазіргідей алып техника болмаса да, береке-бірлігімен араласа жүріп күн кешкен ата-бабалардың бізге қалдырған ұлы мұрасы – Жер-Ананың қасиетін қазір қадірлей алмасақ, ертең кеш болады. Өкінеріміз сөзсіз. Мемлекет басшысының «Дипломмен – ауылға!» деген аталы сөзін аяқсыз қалдырмай іспен жалғастырсақ, ауыл қайта гүлденеді. Ауыл гүлденсе – қазақ гүлденеді. Осыдан келіп қала мен ауылдың арасы жақындасады. Ал нәтижесі шамалы болып отырған ірілендіру желеуімен сол ауылды түртпектей берсек түлемейді, көз қырымызды салмасақ, жоғалтып тынамыз. Сөйтіп, байтағымызды бос қалдырамыз. Елдің бос қалуы ұлт үшін жақсылық емес.
Әңгімемізді түйіндей келе айтқанда, қаладағы жағдайсыз жастардың бір шоғырын ынталандырса, ауылға бет бұрады. Бұл бірдің емес, көптің ісі екенін әр қазақ есте ұстаса, қане. Әсіресе, ішкеніміз артта, ішпегеніміз алда дейтін бай-бағландар да тек-тамырым осы қазақ жерінен еді, мен де қол созайын. Бабадан қалған байлықтан үлес алып, үкілеген тұрмысымды түзеп отырмын ғой десе, нұр үстіне нұр болмақ. Егер осылай ұйымдаса алсақ, елімізде болашағы жоқ деген ауылдың ажары кіріп, қаратас деген өңірінен бал жалап, сусыған құмынан өнім өндіріп, мәңгілік арманымызға жетер едік.
Қалай десек те, жерасты байлығына сүйеніп, байтағымыздың қадір-қасиетін, біз білмегенмен, кейінгі ұрпақ біледі. Өйткені, әлгі жер астындағы дәулет сарқылып, бүкіл жан бағыс, қам-қарекет жер бетіне ауысады. Сол тұста «қартайған ауылға» қайта жан бітеді. Елбасы айтқан мәңгілік мақсат салтанат құрады. Ендеше, біз де осыған өз үлесімізді қосуды, ертеңнен ұялмаудың тірлігін ойласақ, қазірден ауыл жайына мән беріп, тек-тамырымыз сол дарқан далада екенін естен шығармасақ екен.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».