Еліміздегі теңге бағасының Ұлттық банктің шешімімен күрт өзгеруіне қатысты көрші елдердегі сарапшылар да өз пікірлерін білдіру үстінде
«Қазақстанда елдің Ұлттық банкінің жариялауымен теңге бағамын түзету жүзеге асты, – деп мәлімдеді «Қырғызстан Қазкоммерцбанк» ААҚ қазынашылығының басшысы Айбек Қарамұратов. – Егер біз соңғы кездері Ресей рублі мен қырғыз сомының долларға қатысты күрт құлдырай бастауын байқасақ, осы уақыттар аралығында теңгенің долларға қатысты бағамы 155-160 теңге көлемінде неғұрлым тұрақтылықты сақтап келген болатын. Менің ойымша, енді Қазақстан Ұлттық банкі де өзінің көршілеріндегі орын алған жағдайға қатысты Қазақстан теңгесінің шынайы курсын нақтылау ісіне кірісіп отыр».
Сарапшы осыған байланысты Қазақстанда бірінші күні едәуір дәрежеде абыржушылықтың етек алғандығын айтады. Осы жағдайға байланысты 1 доллардың құны 200 теңгеден астам мөлшерге дейін шарықтап кетіп отыр. Ал кейбір банктер қосымша шаралар қабылданғанға дейін конвертациялауды тоқтатқан.
«Менің ойымша, рыноктағы бұл абыржушылық аптаның аяғына дейін басылып, теңге бағамы тұрақтанатын болады. Ол 1 долларға 190 теңгеден аспауы мүмкін», – дейді сарапшы.
Осыған байланысты Айбек Қарамұратов қырғыз кәсіпкерлерін мәселенің артын күте тұруға шақырған. Ол бір-екі күннің өзінде жағдай неғұрлым анықтала түсетін болады деп есептейді.
Freedom Finance инвестициялық компаниясының корпоративтік клиенттермен жұмыс жөніндегі басқарма төрағасы Сәкен Үсердің болжамынша, Қазақстан Ұлттық банкінің бұл шарасы қазақстандық шикізат компаниялары үшін қолайлы әсер етпек.
«Егер мұндай компанияларда шикізат сату доллармен жүзеге асырылатындығын есепке алатын болсақ, олардың келесі тоқсандық есептері бойынша табатын табыс көлемі қазіргіден едәуір арта түсетіндігін болжауға болады. Бұл әсіресе, «Қазақмыс», «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ секілді ірі компанияларға қатысты күтілетін жайт. Бүгінгі күні Лондон биржасында тіркелген барлық қазақстандық компаниялар 8-15 пайыз көлемінде өсім алатын болады», – деп мәлімдеді ол.
Осыған байланысты сарапшы тұтынушыларға Лондон биржасында тіркелген қазақстандық компаниялардың долларлық акцияларын сатып алу жөнінде кеңес берген. Оның айтуынша, кешегі күннің өзінде қазақстандық қор биржасындағы осындай компаниялардың акцияларының бағасы 8-22 пайыз аралығында өсе түскен.
«Теңге бағамына өзгерістер оның осы уақытқа дейін қалыптасқан бағамын тұрақты ұстап тұру қиындық тудырғандықтан жүзеге асты деп есептеймін. Теңге бойынша банкаралық ставка өте жоғары деңгейде болды. Бұл банк секторының кірістілігіне кері әсерін тигізді. Сондықтан ерте ме, кеш пе бұл ставканы өзгертуге бәрібір тура келетін еді», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Ұлттық банктің бұл қадамы жалпылай алғанда, Қазақстан экономикасына, оның ішінде шикізат экономикасына оң әсер етпек. Осы ретте сарапшы теңге бағамының жоспарлы түрде өзгеруіне рубльдің қазіргі жағдайда елеулі әсер еткен деп есептейді.
«Дегенмен, бұл жерде рубльге қарағанда теңгенің реттеуге неғұрлым бейім екендігін айтуымыз керек. Егер бұл мәселені Кеден одағы аясындағы интеграциялық үдерістерге қатысты қарастыратын болсақ, онда Ұлттық банктің бұл қадамын осы мәселеде неғұрлым орынды, аталған одақ аясында ұлттық экономиканы қорғауға бағытталған шара ретінде атап көрсетуіміз керек», – дейді Сәкен Үсер.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».