Өнер • 14 Қазан, 2021

Сұлу Көкше – ән мен жырдың Меккесі

565 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл күндері ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған, ілкідегі рухани өмірімізге мәңгі өлмес мұра қалдырған сал-серілердің асқақ үні, ғажайып салтанатының сұлбасы әлі күнге дейін көгілдір аспанда кілкіп тұрған Көкшетау биыл Қазақстанның мәдени астанасы мәртебесін алып отыр.

Сұлу Көкше – ән мен жырдың Меккесі

Өткеннің өнегесін бүгінгінің бойына жұқтыру парыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қа­нымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп атап көрсеткен болатын. Шынында да, ата-бабаның алпыс екі тамырындағы, бар болмысы мен бірегей бітіміндегі өзгеше қасиеттің өңі бүгінгінің бейнесін нұрландырса, жан дүниесін жайласа, сол арқылы түлеп, түрленіп, мәңгілік елдің мәртебесіне қызмет етсе, ғанибет емес пе?!

Биылғы мамыр айын­да мәде­ниет және өнер қыз­­меткерлері бас қосқан алқа­лы жиын – «Ру­хани қазына» рес­публикалық фес­тивалінде Көк­шетау 2021 жылғы Қазақ­стан­ның мәдени астанасы деп жа­рия­ланған болатын. Мәдени астананың символдық белгісі қо­са тапсырылған. Белгімен бірге зор жауапкершілік те жүк­те­ліп тұр­ғандай. Жұмыс ауқым­ды, міндет межесі биік. «Қа­зақ­станның мәде­ни астанасы» жоспарын мүлтіксіз жүзеге асы­ру үшін өңірде Жол карта­сы жасалып, облыстық әкім­діктің қолдауымен 500-ден аса іс-шара өткізу белгіленді. Өзге өңір­лердегі мәдениет басқар­ма­­ларымен ақылдаса отырып, бар­­лық жұмысты үйлестіру үшін облыстық мәдениет, архив­тер және құжаттамалар бас­қар­ма­сының жанынан арнайы штаб құрылды. Алты Алаш бауырына басқан сайын даладағы саф ал­тындай тұнып жатқан бар мә­дени мұраны шып-шырғасын шы­ғармай толық қамтып, жарқы­ратып көрсету арқылы бүгінгі замандастарымыздың көкірегіне рухани нәр құйып, көңіл терезесін ашуға ықпал ететін іс-шаралар республикалық жоспармен астасып жатты.

Міне, бүгінде қасиетті Көкше­тау топырағында Қазақстан Рес­­публикасы Мәдениет жә­не спорт министрлігінің ұйым­дас­ты­руымен «Сәлем, Елорда!» ІІ респуб­ли­ка­лық фестивалі өтіп жатыр. Алма­тыдан бастау алған айтулы өнер мерекесі сұлу Көкшеде жалғасын тауып, дами түсуде.

Музей, кітапхана, театр ұжым­дары қызғылықты концерттер мен мәдени-көпшілік шараларын мәнді етіп ұйымдастыруда. Жаман тұмау жағадан алғалы ән сүйетін, мәнді мәдениеттің мәйегін айыра біле­тін көпшілік шөліркеп-ақ қалған екен. Жан жадыратар жағымды жаңалықтан құлақтанған соң бар ынта-ниеті ауқымды шаралар­­ға ауған. Алаштың айтулы перзен­ті Қажымұқан Мұңайтпасов­тың туға­нына 150 жыл толуына орайластырылған аймақтық фоль­к­лорлық фестиваль айрықша мән­­ді шара болды. Бурабай бау­ра­­йындағы әйгілі Абылай хан ала­­ңында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қа­ла­­сының үздік фольклорлық ұжым­­дары мен жеке орындаушылар киелі мекенді думанға бө­леді. Өнерпаздар да өлкенің өткенімен танысуға мүмкіндік алды. «Фольклорлық аспаптар мен аранжировка негіздері» тақы­рыбындағы семинар-тренингке қатысты. Ашық аспан астындағы «Ботай-Бурабай» музейіндегі мұ­ра­ғаттардың тылсым сырын көкі­рекке түйді. Облыс орта­лы­ғындағы тарихи-өлкетану музе­йінде «Тәуелсіздік туын биік кө­терген Абылай хан», «Ұлы дала жауһары», «Алты Алаш­тың Жам­былы», «Құт қонған Қос­танай» тақырыбындағы көрме көрер­мендер көңілінен шықты. «Астана-балет» театрының гас­тролі мен Ақан сері атындағы Сол­түстік Қазақстан облыстық филар­мониясының «Бір шаңырақтың астында» концерттік бағдарлама­сы ұзақ уақыт ел есінде сақтала­тын нағыз мәнді, мазмұнды шара болды. Қостанайдың Назымбек Молдахметов атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің «Ду­ман­ды Тобыл» және Арқалық жасөспірімдер театрының «Мәң­гүрт» драмасы шоқтығы биік шы­райлы шығармалар ретінде көрер­меннің көңіл көкжиегін кеңейтіп, рухани әлеміне ойып тұрып олжа салған дүние болды.

Көкшетаулық көрермен қос бір­дей көркем дүниенің куәсі болды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Шахмет Құсайынов атын­дағы қазақ му­зы­калық-драма теат­рының 25 жылдығына орай ұйым­дас­тырылған ІІІ аймақтық фес­ти­валінің шеңберінде Қоста­най, Қарағанды, Павлодар, Пет­ро­павл қазақ театрларының қо­йы­лым­дары ілкімді ізденістің ілге­рілеуін аңғартса, «ТеART-Көкше» халықаралық ІІІ фестивалі аясында Қазақстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстанның 11 театрының тамаша өнері кірпияз көрермен­нің көңіл шымылдығын айқара ашып, рухани әлемге құйылған таза, мөлдір бұлақтың бастауы болды. Сыйлы сыбаға мұнымен де үзілген жоқ. Нұр-Сұлтан қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік қазақ академиялық музыкалық-драма театры «Күй – керуен, ән – әлем» бағдарламасын ұсынып, ұлы өнердің ұлағатын паш етті.

Өнер керуені өңірдегі ұлылар салған соқпақпен жалғасып, келе­шектің көкжиегіне жетелеп барады. Кешегі Кеңес заманында көзі бітелген қайнар бұлақ қайта ашылғандай маржан тамшыларын жарқырата шашып, өнер аспаны жарқырай жанған жұлдызға толы ғажайып сәт болды бұл.