Президент • 15 Қазан, 2021

ЕАЭО: Өзара әріптестіктің әлеуеті мол

211 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төраға­лығымен Жоғары еура­зиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы бейнебайланыс режі­мінде өтті.

ЕАЭО: Өзара әріптестіктің әлеуеті мол

Азық-түлік қауіпсіздігі жаһандық мәселе

Жиын барысында Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемле­кет­тердің басшылары – Куба Респуб­ликасының Президенті Мигель Диас-Канель Бермудес пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович сөз сөйледі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияға қарсы күресте айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгеніне қарамастан, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі ахуал бұрынғыша күрделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, коронавирустың жаңа штамдарының пайда болуы, халықтың толық вакцина алмауы сияқ­ты түйткілді мәселелер әлі де бар.

– Қазақстан Ресей Федерациясы сияқты өз вакцинасын – QazVac екпесін әзірледі. Вакцина Қазақстан­да жаппай салынып жатыр. Қазір оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Қарағанды қаласында ресейлік Спутник-V вакцинасын өндіру жөніндегі жобаны пандемия кезеңіндегі интеграциялық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі деп санаймын. Біз пандемияны сәтті еңсеру үшін күш-жігерімізді одан әрі біріктіре түсіп, ғылым мен фармацевтика салаларындағы бірлес­кен жобаларды әзірлегеніміз жөн. Сондай-ақ қажет болған жағдайда, санитарлық-эпидемиологиялық режім орнату жөніндегі іс-қимылдарымызды үйлестіруіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Одаққа мүше мемлекет­тердің экономикасы біртіндеп қайта қалпына келе бастағанын жеткізді. Еуразиялық экономикалық комис­сияның мәліметіне сәйкес, биылғы бірінші жартыжылдықта Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі ішкі жалпы өнімнің өсімі 4,5 пайыз болды. Ішкі жалпы өнімнің жиынтығы шамамен 900 миллиард долларға жетті. Бұған қарамастан, белгісіз сыртқы қатерлер мен факторлардың қаупі жоғары. Осындай жағдайларға байланысты Қазақстан Президенті бірнеше маңызды бағытқа назар аударуды ұсынды. Ең алдымен, бұл жаһандық деңгейде өзекті болып отырған азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне қатысты.

– Бүгінде жер шарының әрбір оныншы тұрғыны, яғни 700 миллионнан астам адам азық-түлік тапшылығы­ның зардабын тартып отыр. Әрине, біз­дің елдеріміздегі ахуал айтарлық­тай жақсы. Бірақ ел нарығында әлем­дік бағаның қымбаттауына байланысты туындаған қысым қазір­дің өзінде сезіледі. Проблеманың өзек­тілігі жылдан жылға арта береді. Бұған жауап ретінде Еуразиялық экономикалық комиссия Одаққа мүше елдермен бірлесіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ қағидаттары мен әдістерін әзірледі. Құжатта азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге, тапшылықтың пайда болу қаупін азайтуға, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенінде пайдаланылатын материалдық-техникалық ресурстардың импортын алмастыруға бағытталған шаралар қамтылған. Аталған құжаттың маңызын ескере отырып, оны Кеңестің Алматыда өтетін отырысында бекітуді ұсынамын. Құжат жүйелі әрі іс жүзіндегі ықпалдастыққа және нақты әлеуметтік-экономикалық нәтиже шығаруға негізделуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.

 

Өнеркәсіптік ынтымақтастық өрісті кеңейтеді

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станның дәстүрлі түрде өнеркәсіптік кооперацияға ерекше мән беретінін жеткізді. Бұл бастама Қазақстан төрағалығының басымдығы ретінде жасалды және еліміз оны белсенді ілгерілетеді.

– Тараптар Бағдарламалық құжатты жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жос­парын – 2025 жылға дейінгі өнер­кәсіп­тік ынтымақтастықтың негізгі бағыт­тарын мақұлдады. Біз бұл бағытта Ресей Федерациясымен жүйелі түрде ынты­мақтаса жұмыс істеп жатырмыз. Тек соңғы 2 жылдың ішінде бірқатар ірі өнеркәсіптік жобаны жүзеге асырдық. Атап айтқанда, «Лукойлмен» бірлесіп, жағармай материалдарын шығаратын зауыт, «КАМАЗ»-бен бірлесіп, автомобиль бөлшектерін шығаратын екі жоба, «Татнефтьпен» бірлесіп  дөңге­лек шығаратын зауыт және басқа да бір­қа­тар жоба жүзеге асырылуда. Алай­да Одаққа мүше өзге елдермен ара­дағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың әлеуе­ті әлі пайдаланылмай отыр. Ірі әрі өзек­ті инвестициялық жобалардың жетіс­пеу­шілігі байқалады. Үкіметтерге инте­гра­циялық ықпалдастықтың осы бағы­тын күшейтуді тапсырған жөн, – деді Қазақстан Президенті.

 

Үшінші елдермен және одақтармен серіктестік орнату маңызды

Мемлекет басшысы трансшекаралық көлік жолдары мен логистикалық хабтардың әлеуетін арттыру маңызды деп санайды. Оның пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақтың «Бір белдеу, бір жол» бастамасына ұштасуы және заманауи логистикалық инфрақұрылымның қалыптасуы Одақтың әлемдік тауар тасымалына тигізетін экономикалық әсерін айтарлықтай күшейтеді.

– Одаққа мүше мемлекеттер инфрақұ­рылым­дық және көліктік жобалардың топ­та­масын дайындады. Олардың жүзе­ге асырылуын жеделдету ғана емес, сон­дай-ақ  трансшекаралық тауарлардың легі­не көрсетілетін қызметтер үшін оңтай­лы тарифтік баға жасау да маңыз­ды. Біздің көліктік ведомстволарды мей­лінше тығыз ынтымақтастық жасау­ға тағы да шақырамын. Бұдан бөлек, Ко­мис­сия тараптармен бірлесіп, көлік дәліз­деріне, кедергілерге, шекарадағы кепте­ліс­терге кешенді сараптама жасап, келеңсіз­дік­терді жоюдың нақты шараларын ұсына алар еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, пандемияның салдарын біртіндеп жоюды ескере отырып, үшінші елдермен және одақтармен ынтымақтастық орнату аса маңызды болмақ.

– Израиль, Египет, Үндістан елдері­мен еркін сауда-саттық туралы келісім жасау жөнінде келіссөздердің жүргізіліп жатқанына 5-6 жыл болды, ал Моңғолия мен Индонезия нарықтары екі жылдан астам уақыттан бері зерттелуде. Комиссия келіссөздер үдерісін жылдамдатып, өзге елдермен сауда-саттық жөнінде ынтымақтастық орнату үшін ұсыныстар дайындағаны жөн болар еді деп ойлаймын. Бұл жұмыстардың біршама кешеуілдеуі пандемияға байланысты екені түсінікті. Бірақ осы күрделі жағдайдан біртіндеп шығып, келіссөздерді тездетуге болар еді. Шанхай ынтымақтастық ұйымымен арадағы ықпалдастықты да арттыру маңызды. Бұл бағытта алғашқы және аса маңызды қадам жасалды. Биылғы қыркүйекте Еуразиялық экономикалық одақ пен Шанхай ынтымақтастық ұйымы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ендігі жұмыстар нақты іске асырылатын бағытта жүргізілуі керек. Жаңа сауда бірлестігі – Жан-жақты қамтылған өңірлік экономикалық серіктестікпен өзара іс-қимылдардың жолдарын пысықтаған жөн болар еді, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың климатқа қа­тыс­ты күн тәртібі оған мүше мем­лекет­тердің экологиялық қауіпсіздік пен көмір­­тегіне бейтарап даму бағытына көшудің жаһандық мақсаттарына бейілді екенін көрсетеді деп санайды. Бүгінде Қазақстан парниктік газдардың қалдығын азайтуға арналған ұзақмерзімді стратегияны әзірлеу саласындағы Париж келісімінің міндеттемелерін орындау үшін белсенді жұмыс жүргізе бастады. 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегінен бейтараптыққа қол жет­кізу Доктринасының жобасы әзірлен­ді. Бұл бағыт бойынша Президент Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер экономикасының ерекшелігі мен құрылымын ескере отырып, күн тәр­тібіндегі «жасыл экономика» мақ­саттарына қол жеткізу үшін үкіметтер арасындағы тәжірибе алмасу мен ықпалдастықты жолға қоюды ұсынды.

Мемлекет басшысы іс-шараға қатысушыларға Қазақстанның Одақ аясындағы өзара тиімді экономикалық интеграцияның әлеуетін іске асыру үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

Отырыс қорытындысы бойынша Одаққа мүше мемлекеттердің басшы­лары Еуразиялық экономикалық одақ­тың мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастырудың екін­ші кезеңіне көшу туралы шешімді бекіт­ті. Еуразиялық экономикалық одақ­тың мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нары­ғын қалыптастырудың ұйым­дас­тыру­шылық және әдістемелік негізін жасауға бағытталған бірінші кезеңнің іс-шаралары табысты орындалды.

Одақтың мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру туралы халық­аралық шарттың жобасын әзірлеу екін­ші кезеңнің негізгі нәтижелері болуға тиіс.

Сонымен қатар мемлекеттер басшы­лары­ның Климат мәселесі жөніндегі мәлімдемесі мақұлданды. Онда Одаққа мүше елдердің экологиялық қауіпсіздік пен көміртегіне бейтарап даму бағытына көшудің жаһандық мақсаттарына және агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп, энер­гетика, көлік салалары бойынша эконо­микалық ынтымақтастықты нығайтуға бейілді екені көрсетілген.

Сонымен қатар маңызды тауарлар­дың тізімін Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметі Бірыңғай тауар номенклатурасының жаңартылған нұсқасымен сәйкестендіру туралы шешім қабылданды. Ол 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

 

ЕАЭО-ны дамыту – ортақ мүдде

Беларусь Президенті Александр Лукашенко Еуразиялық экономикалық одақты одан әрі дамытуды Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамыту­дың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын толық әрі уақтылы іске асырумен байланыстырды. Ол қазірдің өзінде осы құжатта көзделген шараларды орындауға ден қою маңызды екенін атап өтті. Беларусь басшысы тек осы жағдайда ғана 2025 жылы 1 қаңтарға қарай тауарлар, көрсетілетін қызметтер, капиталдар мен еңбек ресурстары бірыңғай нарыққа тоғысқан толық форматты экономикалық одаққа қол жеткізуге болатынын алға тартты.

Ресей Президенті Владимир Путин тұрақты ортақ нарықты қалыптастыру үшін Еуразиялық экономикалық одақ­қа мүше елдердің өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынты­мақ­тастықты арттыруды одан әрі жалғас­тыруы керек екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл бағыттар бойынша қазірдің өзінде қол жеткізген нәтижелер бар, атап айтқанда ЕАЭО-ға мүше елдер бөлшек сауданы дамытуды біріздендіре түсті.

Еуразиялық экономикалық одақ Қырғыз Республикасы үшін мүше мемлекеттерді жақындастыруда және орнықты дамуды қамтамасыз етуде әлеуеті жоғары аса маңызды өңір­лік интеграциялық бірлестік екенін алға тартқан Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров интеграция­ны дамытудың перспективалы бағыт­тарына ғана назар аударып қоймай, сонымен бірге Одақтың қол жеткізген қазіргі табыстарын нығайту мен өсіруге де мән беру керек екенін ескертті.

Отырыста сондай-ақ Армения Респуб­ликасының Премьер-министрі Никол Пашинян мен Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы байқаушы мемле­кет­тердің басшылары – Куба Республи­касының Президенті Мигель Диас-Канель Бермудес пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев те сөз алды.

Мемлекеттер басшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысын, сондай-ақ «Жаһандық өзгерістер кезеңіндегі экономикалық интеграция» тақырыбындағы Бірінші Еуразиялық экономикалық форумды биыл 10 желтоқсанда Алматы қаласында өткізуге уағдаласты.

Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бо­йынша бекітілген актілер тізімі:

  1. «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге үшінші елдердің экономикалық қысымы туралы» мәселе аясындағы нұсқаулық.
  2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің климаттық күн тәр­тібі аясындағы экономикалық ын­ты­мақ­тастығы туралы мәлімдеме (Комиссия­ның және ұйымға мүше мемлекет бас­шы­ларының ресми сайттарында жариялау).
  3. «Еуразиялық экономикалық одақ­тың мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастырудың екінші кезеңіне көшу туралы» шешім.
  4. «Импорттық кедендік баж мөлшер­леме­сін өзгерту туралы шешімді Еуразия­лық экономикалық комиссия Кеңес қа­был­дай­тын маңызды тауарлар тізіміне қа­тыс­ты өзгерістер енгізу туралы» шешім.
  5. Ресей Федерациясының азаматтары болып табылатын Еуразиялық экономикалық комиссия мен Еуразиялық экономикалық одақ сотының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамтамасыз ету бөлігінде 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама.
  6. «2019 жылы Еуразиялық экономи­калық одақ органдарындағы сыртқы аудиттің нәтижелері туралы» шешім.
  7. «Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысын өткізу уақыты мен орны туралы» өкім.
  8. «Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы мүшесінің өкілеттігін тоқтату туралы» шешім.
  9. «Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының мүшесін тағайындау туралы» шешім.