Экономика • 15 Қазан, 2021

Шылаушынның шығыны аз, пайдасы көп

780 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыр бойындағы Қазалы ауданының төрт тұрғыны тың кәсіп түрін бастап жатыр. «Қазалы Агро KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне топтасқан жігіттер кәдімгі шылаушын өсіруді қолға алыпты. Жердің құнарын арттыру үшін дамыған елдерде кең танылған бұл кәсіп түрін қазір Қазақстанның әр түкпірінде кәдеге жаратып отырғандар кездеседі.

Шылаушынның  шығыны аз, пайдасы көп

Сыр бойы үшін жаңалық саналатын жауынқұрт өсіріп, тыңайтқыш саудалауды бастап кеткен серіктес жігіттер бұл биз­­нестің болашағына сенеді. Жуырда аудан әкімі Мұхтар Ораз­баев осы кәсіпті қолға алған аза­маттармен кездесіп, олардың болашақтағы жоба-жоспарымен танысты.

Кәсіпкер Сәбит Аралбаевтың айтуынша, олар өсіріп жатқан калифорниялық қызыл құрттың қоршаған ортаға зәредей да залалы жоқ, керісінше топырағын сор басып тұратын Сыр өңірі үшін аса қажет бастама.

– Калифорниялық қызыл құрттардың «тамағы» – органи­калық қалдықтар. Жапырақтың ші­ріндісін, малдың тезегін талғамай жей береді. Оны өңдеп, биологиялық тыңайтқыш жасайды. Сондықтан да оның қорегінен көп қинала қоймаймыз. Жер сорланудан бөлек құрғап кеткенде де осы биотыңайтқыштың көмегі көп, – дейді кәсіпкер.

Бұл жәндік 1959 жылы АҚШ-тың Калифорния штатында жауынқұрттардың әр түрін будандастыру арқылы пайда бол­ған. Біздің елімізге 2004 жылдан бастап келе бастады. Кәдуілгі шылаушыннан 5-6 есе тез көбейеді. Жергілікті жауынқұрттар 3-4 жыл, ал калифорниялық түрі 16 жыл өмір сүреді. Құрт өсіруді қолға алған азаматтар алдағы уақытта 15 гектар аумаққа жылы­жай салуға бел буып отыр. Тек бұл үшін инфрақұрылым қажет. Кәсіп­керлер аудан әкімі Мұхтар Ораз­баевқа осы жағынан көмек беріп, қолдау көрсетуін сұрады. Аудан бас­шысы тың іс бастаған талапты жігіт­терге көмек көрсетуге уәде берді.