Үкімет • 15 Қазан, 2021

Ауыл тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге жеке бағдарлама қабылдануы мүмкін

287 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Түркістан облысында көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауыл тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге жеке бағдарлама қабылдануы мүмкін

Комитеттің көшпелі отырысының жұмысына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев, «Отбасы банк» АҚ Басқарма Төрағасы Ләззат Ибрагимова және басқа да салалық мекемелердің басшылары қатысты.

Тұрғын үй құрылысы саласындағы заңнаманы жетілдіру және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай ұлттық бағдарлама әзірлеу – талқылаудың басты тақырыбы болды.

Комитет төрағасы Дәурен Әділбеков қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттің негізгі әлеуметтік міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, отырыс тұрғын үй саясаты саласындағы проблемалық мәселелерді анықтауға арналғанын айтты.

Сенатор Әлімжан Құртаев ауыл тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз етуде жеке бағдарлама әзірлеу қажет деп есептейді. Бұл ауылда тұру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ жастардың қалаларға жаппай кетуін қысқартуы ықтимал.

«Қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларды ауылдық жерлерде іске асыру мүмкін емес. Осыған байланысты Қазақстанда тұрғын үй құрылысы процесін одан әрі жетілдіру мақсатында тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта ол Үкіметтің қарауында жатыр», деді сенатор өз сөзінде.

Өңірге сапар барысында парламентшілер жаңа шағын ауданның құрылыс барысымен танысты, құрылыс алаңдарында, трансформаторлық жабдықтар шығаратын зауытта, сондай-ақ көлік-логистика орталығында болды.