Үкімет • 16 Қазан, 2021

Асқар Мамин бағаны тұрақтандыру бойынша кеңес өткізді

393 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын реттеу мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Асқар Мамин бағаны тұрақтандыру бойынша кеңес өткізді

Қазіргі жағдай мен жүргізіліп жатқан жұмыс туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев және т. б. баяндады.

 

Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 0,2% құрады. Бұған қырыққабат бағасының 3,5%-ға және жұмыртқаның 1,6%-ға қымбаттауы әсер етті. Қырыққабат бағасының ең көп өсуі Алматы қаласында (19,3%), Ақтөбе (7,4%) және Түркістан (6,7%) облыстарында тіркелді. Атырау облысында жұмыртқа бағасының едәуір өсуі орын алды (27%).

 

«Айналым схемасы» шеңберінде өңірлерде 273,6 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауар сатып алынды. Өткен аптада жұмыртқа (+70,6 млн дана), картоп (+17,4 мың тонна), сәбіз (+7,2 мың тонна), пияз (+4,7 мың тонна), қырыққабат (+4,8 мың тонна) және т. б. сатып алу ұлғайтылды.

 

Өткен аптада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нан, жұмыртқа және ұн өндірушілеріне бағаның мүмкін өсуі туралы жария мәлімдегені үшін 4 ескерту жасады. Нұр-Сұлтан қаласында, Түркістан және Маңғыстау облыстарында 18 тауар позициясы бойынша сауда үстемесін көтерудің 7 фактісі анықталды. Түрлі бағаларды қолдану белгісі бойынша хабарламаны орындамауына байланысты «Тараз қант зауыты» ЖШС-ға қатысты тергеу тағайындалды.

Бүгінгі күні өндірушілермен және ірі супермаркеттермен баға мен сауда үстемесін төмендету туралы, оның ішінде республикалық ірі сауда желілерімен ӘМАТ-қа сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету туралы, сондай-ақ Қазақстанның жұмыртқа өндірушілер қауымдастығына кіретін Қазақстанның 14 құс фабрикасымен 108 монополияға қарсы комплаенс актісі жасалды.

Премьер-Министр өңірлердің әкімдеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру жұмысының тиімділігін, оның ішінде «айналым» схемасын қаржыландыруды және тұрақтандыру қорларына сатып алуды ұсынылатын көлемдерге дейін жеткізу, азық-түлік тауарларының өңіраралық үздіксіз ағынын ұйымдастыру, сондай-ақ сауда субъектілерінің сауда үстемелерін асыру фактілерінің жолын уақтылы кесу арқылы арттыруды тапсырды.

Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру бойынша жүйелі жұмыс жүргізудің және жалпы Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін тиімді іске асырудың маңыздылығын атап өтті.