Аймақтар • 16 Қазан, 2021

Құс тұмауы: Павлодар облысының тағы бір ауылында карантин енгізілді

396 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар облысының тағы бір ауылында құс тұмауына байланысты карантин енгізілді.Инфекция ошағында 20 үй құсының көзі жойылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Құс тұмауы: Павлодар облысының тағы бір ауылында карантин енгізілді

Бұл туралы облыстың ветеринария басқармасы хабарлады. Павлодар ауылының ветеринарлық пунктінің меңгерушісіне 2021 жылдың 9 қазанында үш құстың өлгені туралы жергілікті тұрғын хабарлады.

«2021 жылғы 11 қазанда Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа патологиялық материал және қан сарысуының екі сынамасы іріктеліп, зерттеу үшін жіберілді. Іріктеліп алынған сынамалар құс тұмауы бойынша оң нәтиже көрсетті», деп хабарлады ведомстводан.

Павлодар қаласының бас ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынысы бойынша Павлодар ауылының әкімі жоғары патогенді құс тұмауы бойынша ауыл тұрғынының жеке ауласына карантин жариялады.

2021 жылдың 3-14 қазан аралығында 31 тауық, 11 қаз және 22 күркетауық өлді. Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ ошақта тағы 20 үй құсын – 15 тауық пен 5 қазды жойды. Павлодар ауылы буферлік аймақ болып табылады, радиусы 50 км бақылау аймағы болып саналады.

Арнайы комиссия бір бас үшін баға белгілегеннен кейін иелеріне алынған құстың құны өтелетін болады.