Өнер • 17 Қазан, 2021

Камералық зал композитордың есімін иеленді

397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында қасиетті өнер шаңырағы Жамбыл атындағы мемлекеттік филарманиясының басшылығы жағымды жаңалық сүйіншіледі.

Камералық зал композитордың есімін иеленді

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясының камералық залына КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, дирижер, күйші-композитор Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің есімі беріліп, мемориалдық тақтасы ашылды.

Салтанатты шараға қатысушылар алдында Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Әбдуәлі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Дариға Тілендікеліні, «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Дін-Зухра Тілендиева, ҰҒА академигі Оразалы Сәбден сөз сөйлеп, қазақ мәдениетіндегі айтулы оқиғаға орай композитор туралы жылы естеліктерімен бөлісті.

Комитет төрағасы Ақан Жылқышыбайұлы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау сөзін оқып берді. «85 жылдық тарихы бар Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясының камералық залына КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің есімін беру – қазақ музыка өнеріне өшпес із қалдыраған талантты тұлғаларымызды есімін ұлықтап, рухына тағзым ету һәм қазақтың музыкалық өнері мен мәдениетінің мерейлі мерекесі деп есептеймін. Нұрағаңның өнегелі өмірі мен өнері, ғажайып туындылары халқымыздың игілігіне мәңгілік қызмет етері сөзсіз» дейді А.Рахметоллақызы құттықтау хатында.

Ашылуын көптен күткен жаңа камералық залда композитордың жеке тұтынған заттары, фотосуреттерінен мазмұнды көрме ұйымдастырылып, кеш қонақтарына Н.Тілендиевтің музейінің қымбат жәдігерлерін тамашалау мүмкіндігі туды. Ал кешкісін академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі мен Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының қатысуымен еске алу концертінің шымылдығы түрілді. Салтанатты кеш «Ата толғауы» күйімен ашылып, Жалғасбек Бегендіков пен Мүсілім Әмзе дирижерлік жасап, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дина Хамзина, Нұржан Жампейісов, Гүлзия Стамбек, Мейрамбек Бесбаевтың, халықаралық байқаулардың лауреаттары Әміре, Фархад Кубиев, Тайыр Тәжіғұлов, Данияр Байжұманов, Әсем Әубәкірова, Эльмира Қашқымбаева секілді  белгілі әртістер композитордың шығармаларын орындады.   

АЛМАТЫ