Қоғам • 17 Қазан, 2021

Дастарқан мол болсын десек...

494 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласын жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету белдеуінде игілікті істер атқарылуда. Дегенмен бар мүмкіндікті пайдалансақ, әлі де ырысты молайтуға болатын тәрізді.

 

Дастарқан мол болсын десек...

Жаман тұмау жалпақ әлемді бір қауыздың ішіне сыйғызып жіберердей болып қусырып тұрғанда, дастарқанның жүде­меуі – маңызды мәселе. Азық-түлік бағасының мысықтабандап өсіп келе жатқаны жасырын емес. Елімізде ғана емес, әлемнің әр қиырында алаңдаушылық бар. Соңғы деректерді сүзіп шықсаңыз, бар шаруасына ыждаһатты шетелдерде де азық-түлік бағасының өсіп келе жатқандығы байқалады. Биыл тамыз айында ғана азық-түліктің кейбір түрлері 33 пайызға қымбаттаған. Атап айтқанда, қант – 9,6, өсімдік майы – 6,7, ұн бағасы 8,8 пайызға көтерілді. Бұл жағдай еліміздің ішкі нарығындағы бағаның өсуіне себеп болып отырған сыңайлы. Демек зәрулік те, сұраныс та бар. Нарықтағы бағаны қалыптастыратын да осы себептер.

Өңірдегі сәтімен сабақталып жатқан істі тілге тиек етсек, алдымен сүт және сүт өнімдері туралы таратып айта кетуге болады. Астана сөрелеріне жыл басынан бері 94,3 мың тонна сүт өнімдері жеткізілген. Ауыз толтырып айтуға лайықты өсім бар. Биылғы 10 айдың ішінде жылдық жоспарды орындап отыр. Солай бола тұра дүкен сөрелеріндегі шетелден жеткізілген ұнтақ сүт әлі де самсап тұр. Жергілікті өнім бәсекелестікте бәсі жоға­ры­лап, сапасы күмәнді өнімдерді ығыстыра алмай тұр.

Биыл өңірде 4,2 мың бас сиыр сауылатын 19 тауарлы сүт фермасын ұйымдастыру межеленген болатын. Қазір облыста 11 ферма ұйым­дастырылып, 1 461 бас сүті бұлақтай асыл тұқымды сиыр сауылып, ісі алға баса бастады. Бұл орайдағы жоспарды облыс 57,9 пайызға орындады. Жыл соңына дейін 1 933 бас сауын сиыры бар 7 тауарлы сүт фермасы іске қосылады. Астрахан ауданы жылдық жоспарын 200 пайызға орындаса, Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Бурабай тәрізді аудандар алға қойған мақсат үдесінен табылып, тапсырманы толық орындап шықты. Жекелеген аудандарда сүт және сүт өнімдерін өндіру табысты салаға айналуда. Өндірілген сүт көлемі де тәп-тәуір. Айталық, астрахандық малсақ қауым жыл басынан бері 319,9 тонна сүт дайындаса, Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Ақкөл ауданында 267,8 тонна сүт сауылған.

– Алдағы уақытта ұйымдасқан ша­р­уа­­шылықтарға салмақ түсетін болады, – дейді облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов, – өйткені тұ­тынушылар сапаға айрықша мән беріп отыр.

Осы арада астаналықтардың дастар­қанына жеткізілетін сүт және сүт өнім­дерін молайтуға әбден болатын, әзірге тұтастай қолға алынбай жатқан ре­зерв­тің бар екенін айта кетелік. Бұл – жекеменшіктің қолындағы сүт. Ауыл шаруашылығын дамыту шеңберінде облыста 23 сүт қабылдайтын модульдік орындар ашылған. Бірақ, бір шеті мен бір шеті күншілік жол болатын, аумағы тым үлкен өңір үшін бұл аздық етеді. 23 орын ғана 17,1 мың тонна сүт жинаған. Осы бір ғана мысал кооперативтердің қажет екенін айғақтайды. Тек басында таудай болып басталған бастама соңғы уақытта сұйылып кетті. Облыс немесе аудан орталықтарына жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары болмаса шалғайдағы шағын ауылдарда бұл мәселенің мұрты бұзылмай жатыр. Егер әрбір ауылдық округте халықтың қолындағы сүтті бір орталыққа жинап, сатып алуды ұйымдастырса, екі жаққа да тиімді болар еді. Біріншіден, мал сүмесімен күн көріп отырған қауым бағымдарындағы азды-көпті малдың сүтін сатып, қаражат тапса, екінші жағынан сүт зауыттары сапалы әрі арзан сүтке қарық болады. Есесіне өнім көлемі де кем дегенде екі есеге жуық көбеймек. Сол кезде сүт өнімдерінің арзандауы әбден мүмкін. Бағаны нарық белгілейді емес пе? Тағы бір тиімді жері – елдің қолындағы мал өз төлі есебінен көбеймек. Сүтін қажетіне жаратып, тиын-тебен тапса, қыстық жемшөбін де ақ арқылы сатып алуға мүмкіндік туады.

Ет өндіру бағытында да сүбелі іс атқарылуда. Өткен он айдың ішінде 20,8 мың тонна ет және ет өнімдері өндіріліп, Нұр-Сұлтан қаласының сау­да сөрелеріне жөнелтілді. Биыл етті 5,9 мың бас қара мал өсіретін 112 ферма ұйымдастырылуға тиіс еді. Қазіргі күні 57 фермада 3 466 бас мал бағылуда. Яғни жоспар 58,5 пайызға орындалды. Жыл соңына дейін 827 бас мал бағатын 17 ферма өз жұмысын бастамақ. Міне, осы орайда мүмкіндігінше мал басын көбейтудің жолын қарастырған жөн екенін айтқымыз келеді. Жоғарыда жекеменшік шаруашылықтар сүттерін кәдеге асырып, мал басын көбейте­тін болса, олардың төлі бордақылау алаңдарын да толтырмас па еді. Азық-түлік молшылығын жасау үшін мықтап қолға алатын әзірге кәдеге аспай жатқан резерві осы. Әрине, төл толымды, асыл тұқымды болуы керек. Ғалымдардың есептеуінше, ірі қараның 18 айда тірі­дей салмағы 4 центнерге жетуге тиіс­ті. Егер одан асып кетсе, өзіндік құны қымбатқа түседі. Өйткені артығы­рақ бағылып, жемшөп шығын болады. Ал бұл көлемге жету жеке шаруа үшін мүлде мүмкін емес. Жеке шаруаның қолында байытылған жемшөп жоқ. Бұл орайда ұйымдасқан бордақылау алаңдарының қолы ұзын. Ендігі бір мәселе, мал тұқымын асылдандыру. Асыл тұқымды ірі қара ғана 18 айдың ішінде жоғарыда айтқан салмақты жинай алады.

Облыстағы малсақ қауымның бағымындағы малдың 21,2 пайызы ғана асыл тұқымды. Демек бұл орайда да атқарар шаруа шаш етектен. Мал тұқымын жақсарту үшін 1 107 асыл тұқымды бұқа сатып алынған. Келер жылы асыл тұқымды мал көлемі 34,4 пайызға көбейеді деген үміт бар. Егер асыл тұқымды мал басы көбейсе, сапалы ет және ет өнімдері молая түспек.

Өңірде картоп пен сәбізді өсіру көлемі артқанымен өнім бағасы бере­келі күзде де арзандай қойған жоқ. Өзге өңір­лерден жеткізілетін көкөніс бағасы­на оны тасымалдау мен бөлшек сауда шығыны әсер ететіні сөзсіз. Егер нақты шаралар қолға алынбаса, бұл өнімдердің бағасы одан әрі шарықтауы әбден мүмкін.

– Бүгінде облыс бойынша сауда жүйелерімен және тасымалдаушылармен 71,5 мың тонна тауарға келісім жасалды. Бұл жұмыс жалғасуда. 1 қарашаға дейін тұрақтандыру қорына 30,4 мың тонна бидай жиналуға тиісті. Оның әр тоннасы 90 мың теңге төңірегінде бол­уы керек. Әлеуметтік нан сататын 6 дүкен бар. Азық-түлік тауар­ларының 8 түріне 1,1 млрд теңге несие беріл­ді. Оның ішінде сүт өнім­дері, қант, құс еті, картоп бар. Тұрақ­тан­дыру қорында 261 тонна күріш, макарон, қарақұмық жармасы, қант, ұн, өсім­дік майы тәрізді өнімдер бар. Бүгінгі таңда аталған корпорация тұрақтан­дыру қорына күнбағыс майын, ұн, қырыққабат, сәбіз, пияз бен картоп сатып алу үшін конкурс өткізуде. Бұл бағытқа облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлінбек. Қаржының жалпы сомасы 2,8 млрд теңгені құрайды, – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов.

Жыл басынан бері астанаға 192 млн дана жұмыртқа тасымалданды. Азық-түлік белдеуін дамыту аясында 46 жоба жоспарланса, оның 18-і жүзеге асырылды. Былтыр жұмыртқа қыркүйек айынан бастап қымбаттай бастады. Облыс жұмыртқа өндіруден еліміз бойынша екінші орында тұрғанымен, қордаланып қалған мәселе аз емес.

– Құс өсірушілер бағаның өсуінің жанама себептері көп деп түсіндіруде, – дейді Қасым Итқұсов, – ең алдымен құс азығы қымбаттады, электр энергия­сы, газ бағасы да өсіп келеді. Шаруа­шы­лықтар шығынмен жұмыс істей алмайды ғой. Оның үстіне «Ижевск» өндірістік кооперативі жүйесін жаңғырту үшін біршама уақыт тұрып қалды. Қазір «Қазгер құс» серіктестігі 42 теңгеден босатуда. Өнім тұтынушыға жеткенше бағаның өсіп кететіні белгілі.

Әлеуметтік азық-түлік тауарлары тұтынушыға өндірушінің бағасымен, ешқандай делдалсыз жетуі үшін алдағы уақытта екі ортада кідіріс болмайтын жәрмеңкелер ұйымдастырылмақ. Яғни азық-түлік тауарын өндірушілер өз­дерінің маңдай термен өсірген тауа­рын өздері сатады. Сол кезде халық үшін тауарлар қолжетімді болмақ.

Мамандардың айтуына қарағанда, тұтынушылардың сұранысына ие картоп көлемін бұдан да көбейтуге болады. Суармалы жер көлемі де әлдеқайда кеңейді. Биылғыдай құрғақшылық жылы өңірдегі картоп өсірушілер суар­малы алқаптардың артықшылығын аңғарып отыр.

– Мәселен, картоп өсірушілердің жұмысының нәтижесін сараптасаңыз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов, – жай алқаптардан алынған өнімнен суармалы алқаптардан алынған өнім үш есеге жуық көп. Демек тауар өндірушілер табиғат сынына төтеп беруі үшін суармалы жерлердің көлемін көбейткені жөн. Мемлекет те бұл орайда үлкен көмек көрсетуде. Айталық, ауыл шаруашылығы техникалары құнының 25 пайызы мемлекет тарапынан қайтарылатын болса, суармалы жерлерге қажетті құрылғылардың 50 пайызы өтеледі. Өте көп көмек емес пе?!

Мамандардың сараптауына қараған­да, облыстың ішкі қажеттілігі мен Нұр-Сұлтан қаласының тұтынушы­ларын қамтамасыз етуге толық жеткенімен, сақтау қиын екен. Картоп өсірушілердің барлығында бірдей көкөніс қоймасы жоқ. Сондықтан олар өндірген өнім­дерін жаңа жылға дейін сатып жіберуге мүдделі. Көктемде бағаның күрт өсуі осындай келеңсіздікке байланысты. Алдағы уақытта азық-түлік бағасының тұрақтануына әсер ететін осы жайт шешімін табуға тиісті. Сонда екі жаққа да тиімді болмақ. Картоп өсірушілер өнімдерін күзде амалсыздан арзан бағаға өткізбей, жыл бойы саудаларын сәтімен сабақтамақ. Ал, тұтынушылар болса тұрақты бағамен сатып алады.

Әлеуметтік маңызға ие 17 түрлі азық-түлік тауарымен толықтай Нұр-Сұлтан қаласының сауда сөрелерін қамтамасыз етуге қауқарлы өңірдің ішкі мүмкіндігі әлі де бар. Тек соны ілкімді пайдалана білсек қана ұтымды болмақ.

 

Ақмола облысы