Сұхбат • 17 Қазан, 2021

Шындық айтылған жерде қоғам дамиды - Алдан Смайыл

581 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

 

Ұлтты ұлт ретінде танытатын нышанның бірі –зиялы қауым. Халқымыз зиялының сөзін ес тұтып, соған арқа сүйейді. Сондай танымал тұлғаның бірі – Алдан Смайыл. Жақында белгілі жазушы жетпіс бес жасқа толды. Біз осы мерейтой тұсында қаламгермен кездесіп, тәуелсіздік, қайраткерлік және көркемсөз өнері тақырыбында әңгіме өрбіткен едік.

Шындық айтылған жерде қоғам дамиды - Алдан Смайыл

Ұлттық идея Абайдың даналығында жатыр

− Сіз сонау егемендіктің елең-алаң шағынан тәуелсіздікті баянды ету жолында көптеген мазмұнды мақалалар жаздыңыз, сондай бір дүниеңізде: «Тіл мен ұлт және тәуелсіздік ұғымдарын бір-бірінен бөліп қарауға болмайды» депсіз. Осыны тарқатып айтасыз ба?

− Биыл Тәуелсіздіктің отыз жылдығын атап өтіп отырмыз. Тәуелсіздік деген өте кең ұғым, оны айтқанда ең алдымен тіл ұшында азаттық тұрады. Біз үш ғасыр отарлықтың қамытын киген елміз. Алдымен Шыңғыс хан жаулады, одан кейін Ресей империясының қол астында болдық, кейінгі 70 жылда Кеңес Одағының құрамында өмір сүрдік. Тоқсаныншы жылдардың басында, әлемді уысында ұстағысы келген КСРО-ның шаңырағы ортасына түсіп, оның құрамындағы он бес республика егемендігін алды. Бұл – саяси тәуелсіздік. Соның арқасында өз алдымызға жеке мемлекет болып, конституциямызды қа­былдап, шекарамызды бекіттік. Екінші – экономикалық тәуелсіздік. Ал үшінші – рухани тәуелсіздік.

Рухани тәуелсіздіктің басты кри­териі – тіл. Біз ана тілімізді, шын мә­нінде, мемлекеттік тілге айналдыра ал­­дық па? Қазақстанда тұратын этнос­тардың бәрі қазақша сөйлей ме, жоқ әлде, біз соларға жалтақтап, биік мінбе­ден өз тілімізде сөйлей алмай отырмыз ба? Кейбір деректерде, Кеңес заманында халқымыздың 40 пайызға жуығы өз ана тілін ұмытып, орысша сөйледі деп жазады. Шындығында, солай болды.

Біз осы отыз жыл ішінде қазақ тілінің бар асылын бойына сіңіріп, қазақшаны жетік сөйлейтін, сөйлеп қана қоймай, сол тілде мемлекет басқаратын жаңа толқын тәрбиелеп шығардық па? Рухани тәуелсіздік алдымен осымен есептеледі. Бұл жағынан, ептеп күмілжиміз. Қазір отыздағы жастардың дені қазақшаны жақсы біледі дей алмаймын. Өйткені қ­азақша мектепке барған балалардың көбі орысша сөйлейді. Орыс мектебінде оқитын қазақ жеткіншектері де жетерлік. Тіпті жыл сайын Нұр-Сұлтан мен Алма­тыда орыс мектебінің қатары артып келеді дейді. Мұның себебі неде?

− Шынымен неде деп ойлайсыз?

− Себебі қазақ тілі – шын мәнінде, мемлекеттік тіл тұғырына қонған жоқ. Конституциядағы орыс тілі «ресми тіл» болып есептеледі деген баптың салқынын әлі күнге сезіп келеміз. Қазір Мемлекет басшысы екі тілде сөйлейді, Парламент екі тілде сөйлейді, министрлер де екі тілде сөйлейді. Бірақ министрліктердің ішіндегі іс-қағаздары негізінен орыс тілінде толтырылады. Біз мемлекеттік тілге көшті деген министрліктердің бәрі толық көшкен жоқ. Осыны Парламент қабырғасында жүр­генде екі рет тексергенбіз, сонда оған көзім жеткен. Қысқасы, бізге саяси батыл­дық қажет.

Екіншіден, бұған мемлекет кінәлі деп кесіп айтуға болмайды. Халықтың да кінәсі бар. Мысалы, өзім тұратын үйде же­дел сатыға мінген ата-аналардың балаларымен тек орысша сөйлесетінін күнде көремін. Тіпті менің жасымдағы үлкендер де немересіне орысша тіл қатады. Солардың санасында: «Осы немеремді қазақша тәрбиелеп, өз ана тілінде оқытайын» десе, қолын кім қағады. Соның бәрі ұлттық намыстың кемдігінен.

Тілді білудің де ерекшелігі бар, мә­селен бір министр немесе депутат бір-екі ауыз қазақша үн қатса, соған кәдімгідей қуанамыз. Бірақ ол қазақша емес, ресми, жаттанды тіл. Енді солар қазақтың көркем әдеби тілін қалыптастырған Абай­ды, Мұхтар Әуезовті және басқа да ұлт қаламгерлерінің шығармаларындағы көркемдікті, қазақша тіркестердің астарындағы мағынаны тұшынып оқи ала ма? Әрине, оқи алмайды. Міне, осындай өзекті мәселелерден кейін рухани тәуелсіздікке толық ие болуға әлі көп жұмыс істеуіміз керек.

Қазір ана тіліміздің келешегіне алаң­даған белсенді жастар өздері қоғам құрып, іске кірісті. Мен солардың үш-төртеуін білемін. Олардың біреуі тіл тарихына үңіл­се, екіншісі – грамматиканы зерттеуді қолға алды. Енді бірі тілдің маңызын елге түсіндіріп жүр. Солардың бірде-біреуі мемлекеттен қаржы алған емес, сонда да, тілді дамытуға тиісті министрліктің жұмысын атқарып жатыр. Осындай ынталы жастарды қолдап әкетуіміз керек. Рухани тәуелсіздік дегеніміздің өзі жастардың, белгілі бір ұйымдардың шын­дықты айта алуы. Мемлекет осыны қамтамасыз етуі қажет. Шындық айтылған жерде қоғам дамиды.

− Тәуелсіздік алғаннан бері зиялы қауым өкілдері Ұлттық идея туралы айтып келеді, ол жайында не айтасыз?

− Шын мәнінде, Саяси, Экономикалық және Рухани тәуелсіздікке жеткізетін – Ұлттық идея. Ұлттық идея аяғы аспаннан салбырап түспейді. Мысалы, Қытайды алып елге айналдырған ұлттық идея – Конфуций философиясы. Кезінде оны Мао Цзе Дун жақтырмағанымен, одан кейін билік басына келіп, Қытай экономикасын дүр көтерген Дэн Сяопиннің саяси реформасын батыстың экономистері мен саясаткерлері «Конфуцийдің коммунизмі» деп атады. Неге десеңіз, Дэн Сяопинің сая­си реформасының бәрі Конфуцидің философиясынан туған. Конфуцидің негізгі ілімі – «Ең бірінші Қытай адамын сыйлау, одан әулие ешкім жоқ», «Мемлекеттің барлық күші қытай адамын дамытуға жұмсалуы керек», «Өзің жетілмеген адам болсаң, өкіметтің басына ұмтылма», «Сен егер мемлекеттің басында отырсаң ұлт түсінбейтін сөз айтпа» деп келеді.

− Мысалы, хакім Абай даналығы да Конфуцийден кем емес...

− Біз Абайды биліктің идеологиялық ұстанымдарына айналдыра алмай отырмыз. Конфуций жіктеп, жіліктеп айтқан ойлар хақында Абай да толғанған. Хакім «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» деді. Онымен де шектелмей, адамзат­ты туған бауырыңдай тұтас сүюге шақырды. «Қиянатшыл болмақты естен кеткіз» деді. «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деді. Білім, ғылымға үгіттеді. «Пайда ойлама, ар ойла» деді. Осылардың қайсын алсаң да жеке әлеуметтік-фило­софиялық категория бола алар еді. Тегінде, Конфуцийдің «Парасатты тұлғасы» мен Абайдың «Толық адамы» – егіз ұғым. Бір сөзбен айтқанда,Ұлттық идеяның негізі Абайдың даналығында жатыр.

 

Ұлтты ұйыстыру үшін

мінез де, күрес те керек

− Өткен тоқсаныншы жылдар басында Целиноград атанған облыс пен қаланы, өзінің көне атауы – Ақмолаға ауыстырудың басы-қасында жүрдіңіз. Бұл іс қалай жүзеге асты?

− Жариялылықтың желі оңынан соққан 1990 жылдың мамырында осында «Тіл және мәдениет» деген қоғам құрып, мақсат-міндеттерімізді айқындап, жұмысқа кірістік. Бұл кезде Тың өлкесін басқа ұлт өкілдері билеп-төстеп отырған еді. Ең алдымен, оған дейін Буденный аталған бұрынғы Қажымұқан ауылына даңқты балуанның атын қайтарып бердік. Содан кейін облыс пен қалаға Ақмола атауын қайтаруды қолға алдық. Бұған 1990-жылдан бастап кірістік. Ол кезде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Браун еді, ұмытпасам, сол жылы қыркүйекте, соның қабылдауында болып, облыс пен қаланың атын тарихи атауы − Ақмолаға ауыстыру керек деген ұсынысымды айттым. Ол «Не айтып тұрсың?» деп шалқасынан түсті. «1832 жылы осында округ құрылғанда аты Ақмола болды, оны Хрущев келіп, «Це­линоград» деп өзгертіп кетті. Енді соны қайтару керек» дедім. Ол болса: «Ертегі соқпай, қолдарыңнан келе­тін жұмыспен айналысып, тыныш жүрсеңдерші» деп бет қаратпады. Онда «Осы ұсынысты облыстық депутаттар кеңесінің сессиясының күн тәр­тібіне кіргізейік» дедім. Оған келісті. Сессияда менің ұсынысымды депутаттар қабылдаған жоқ. Сосын мен: «Оларға осы мәселені зерттейтін облыстық кеңестің жанынан комиссия құрайық» деп едім, оған да қарсы болды. Алайда Браун ко­миссияға құруға қарсы болмады. Маған керегі осы еді. Сөйтіп заңды комис­сия құрылып, оған қаладағы ұлттық мәдени ұйымдардың мүшелері кірді. Ко­миссияның төрағасы өзім болдым. Содан «Целиноград облысы мен облыс орталығы Ақмола болып өзгертілсін» деген мақсатпен өңірдегі аудан, ауылдарды аралап 12 мың қол жинадық. Оған қаладағы ұлттық мәдени орталықтары да қосылды. Енді осы жиналған қолды Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесіне жеткізейін деп Алматыға жол тарттым. Ол кезде Жоғарғы Кеңес төрағасы, жазушы Әбіш Кекілбаев еді, Әбекеңе кіре алмағаннан кейін елдің ұсынысын, ол кісінің баспасөз хатшысы, ақын, журналист Ербол Шәймерденовке жолығып, барлық мән-жайды түсіндіріп, айттым. Сөйтіп уақыт өте берді.

Сонымен не керек, 1993-жылдың жа­зы еді. Жұмысқа келе жатып, газет сататын дүңгіршектен «Егемен Қазақстан» газетін алып, бірінші бетін ашып қалсам, Президенттің Целиноград облысы мен қаласын Ақмолаға ауыстыру туралы жарлығы жарық көріпті. Сонда қаладағы пединституттың ұстазы, Бекен Нұртазин деген математик ғалым ағамыз: «Құдай-ау, осы күнге де жеттік-ау» деп ағыл-тегіл жы­лағаны бар. Сол кезде өзім араласып жүрген орыс зиялылары: «Әй, сендердің күндерің туды, енді сендер «тізелерің батты» деп бізден өш алмасаңдар болды. Басқасының бәріне көнеміз» деп айтқаны бар еді. Тіпті 1993 жылы орыстың кейбір азаматтары балаларын біз ашқан қазақ балабақшасына берді. Солардың осы бет­алысын мемлекет іліп әкете алмады.

− Тағы қандай жұмыстар атқа­рылды?

− 1990-жылдан бастап орыс мектеп­терінен қазақ сыныбын ашуға қаладағы көпқабатты үйлерді аралап, қол жинап, балаларды тарттық. Балабақшадағы қазақ тобын ашу үшін де осылай жаса­дық. Тіпті қазақ балабақшасына бара­тын балдырғандар көбейіп, жеке қазақ балабақшасы керек болғасын, қала­лық атқару комитетінің төрағасы Аман­жол Бөлекпаев пен облыстық партия коми­тетінің екінші хатшысы Қайсар Омаров деген азаматтар үлкен қолдау көрсетіп, осындағы «Құрылыс комбинаты» деген үлкен мекеменің бақшасын алып берді.

Осы жерде қалалық Білім басқарма басшысының қиянатын айта кетейін. Шовинист Еговцев деген біз тапсырған өтініштерді жыртып тастаған. Соған қыркүйектің алдында барып, «енді қанша қазақ сынып ашасыздар» десек, «маған ешқандай өтініш түскен жоқ» деп қарап тұр. Содан қайта бір жеті ішінде қол жинап, қалалық атқару комитетіне тапсырып, қазақ сыныбын аштық. Енді ана тілімізде оқулықтар керек болғасын Қызылорда, Алматы, қазіргі Түркістан облыстарының Білім басқармасына хат жазып, олар бізге өздерінен артылған оқулықтарды поштамен салып жіберді.

− Сонда қазақша қанша сынып ашылды?

− Қысқасы, қаладағы қазақ сыныбы ашылмаған төрт мектеп қана болды, басқасының бәрінде ашылды. Сосын оны аудандарда жалғастырдық. Уақыт зымырап өтіп жатты. Енді ол балалар 3-4 сыныпқа көшті, оларға сабақ беретін мұғалімдер жоқ. Орыс мектептерінде білім беріп жүрген қазақ ұстаздарымен сөйлесіп, оларды осындағы Білім жетілдіру инс­титутынан қайта даярлықтан өткіздік. Оларға қосымша ақы төленді.

Сонымен қатар сол кездегі шаһардағы Медицина институты, Педагогикалық инс­титут, Ауыл шаруашылығы институты және Инженерлік жол-құрылыс институты секілді төрт жоғары оқу орнының негізгі факультеттерінен қазақ бөлімін ашқыздық. Сөйтіп оқуға келген абитуриенттер емтиханды қазақша тапсырды. Осы жұмыстың іске асып кетуіне, сол оқу орындарында істеген саналы, парасатты азаматтардың көмегі көп тиді. Олар орысша оқулықтарды өздері аударып, қазақ жастарын оқытты. Қазіргі Сәдуақас Ғылмани атындағы мешітті салдыруға ұйытқы болдық.

Ұлтты ұйыстыру үшін мінез де, күрес те керек. Тіл және мәдениет қоғамын басқарып жүріп, таяқ та жедім, сөз де естідім. Осындағы казактардың алғашқы құрылған ұйымын біз осы жерде таратып жібердік. Әділет басқармасының казактардың ұйымын тіркеген жарғысын орталық алаңда шеруге шығып алдырып тастадық. Сол ереуілден кейін казактар менің баламды сабап кетті, өзіме де телефон соғып, қоқан-лоқы жасады.

Бітік жазуы күні аталса...

− Екі мәрте Парламент Мәжілісінің депутаты болдыңыз, сонда көтерген өзек­ті мәселелердің ішінде «Осы ұсы­ны­­сым жүзеге аспады-ау» деген өкіні­шіңіз бар ма?

− Бірінші, Парламент Мәжілісіндегі әріптестерім Гүлнар Сейтмағамбетова, Гүлмира Исимбаева үшеуміз балаларды зиянды ақпараттардан қорғайтын заң жобасын жаздық. Сол заң біздің уақытымызда «дәстүрлі емес жыныстық қатынасқа түскендердің кәмелетке тол­маған балалардың арасына үгіт-на­сихат жүргізуге рұқсаты жоқ» деген бір тармақшасы үшін қабылданбады. Се­наттан өтіп тұрып, күшіне енбей қал­ды. Біз кеткеннен кейін Парламенттің алтыншы шақырылымда заң жобасы қайтадан кіріп, бірақ мен айтып отырған тармақшасыз өтті. Осының салдары үлкен. Біз ислам дініндегі зайырлы Қазақ елі бола отырып, сол азғындардан өзіміздің жасөспірімдерді қорғай алмағаныма өкінемін.

Екінші, жүзеге аспай қалған нәрсе, славянтектес мемлекеттер жыл сайын кириллица күнін атап өтеді. Бізде Күлтегін ескерткішіндегі, өркениетімізге айғақ болатын Бітік жазуы бар. Славяндар кириллицаны атағанда, біз неге өзіміздің төл жазу күнін атап өтпейміз деген мәселе көтердім. Бұған Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева болғанда, осы мәселені қайта көтеріп, ол кісінің көзін жеткіздім. Осыған орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде конференция ұйым­дастырдық. Аталған жоғары оқу орнына Күлтегін ескерткіші 18 мамырда қойылды. Енді сол күнді Бітік жазуы, былайша айтқанда, жыл сайын Түркі жазу күні аталатын болсын деген шешім қабылданды. Оны Үкімет басшысы мен тиісті органдарға бердік, олар да бұл ұсынысты қостады. Бірақ Бітік жазуы күні аталып өтілмеді. Неге екенін әлі күнге білмеймін.

Үшінші, Тілдер туралы заңның 23-бабына сәйкес «Қазақ тілін білетін кәсіптердің тізімін жасау керек» деген мәселені көтеріп бақтым. Егер соны жасайтын болсақ, мемлекеттік тілді айқайламай дамытатын едік. Қазақ тілін жетілдіретін бір тетік осы. Сондай-ақ Тілдер туралы заңның ішінде «Қазақ тілімен орыс тілі қатар қолданады» деген баптар толып жатыр, соларды сүзіп шықсаңыз, «орыс тілін қатар қолданылады» деген тармақтарды еркін алып-тастауға болады. Мен осы Тілдер заңына өзгерістер енгізуді айтып едім, ол да қабылданбады.

Әдебиетті

әдебиетшілер ғана оқиды

− Жұртшылық сізді алдымен қабыр­ғалы қаламгер ретінде жақсы біліп, шы­ғар­маларыңызды ұнатып оқиды. Жазу­шылыққа қалай келдіңіз?

− Жас күнімнен өлеңге үйір болдым. Сонда да әкем мені оқу бітіргесін «Сен инженер боласың, жалақың көп болады, содан құрметті мамандық жоқ» деп Қарағандының политехникалық институтына берді. Сөйтіп сол жоғары оқу орнының тау-кен факультетіне қабыл­дандым. Бірінші курста жүргенде бізді көмір қазып жатқан шахтаға алып барды. Адам түсетін жер емес екен, сыртқа шық­қанша берекем кетті. « Бес жыл оқы­ғанда, баратын жерім осы болса» деп ойланып қалдым. Сол кезде «Орталық Қазақстан» газетінде жазған дүниелерім жарияланып жүретін. Сондағы мәдениет бөлімінің меңгерушісі де барған сайын маған: «Сенің қолыңнан жазу келеді» деп жылы ілтипатын білдіретін. Сонымен бір күні бекіндім де оқуды тастап, ауылға оралдым. Әкем оған ашуланып, мені «Игілік» деген жерде отырған қойшыға көмекші етіп жіберді. Ауылда бір жыл қой бағып, келесі жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түстім.

− Алғашқы прозалық кітабыңыз қашан жарық көрді?

− Үшінші курста оқып жүргенде Алматы облысының «Жетісу» газеті жаңа жазып жүрген жастарға әдеби бет арнай­ды, оны Оралхан Бөкей жинақтап жатыр» дегенді естіп, «Марғасқа» деген әңгімемді апарып бердім. Оны Орекең ұнатып, жылы пікірін білдірді.

Оқу бітіргеннен кейін жолдамамен Ақмолаға келіп, радиода, облыстық газетте жұмыс істедім. Ол кезде газет жұмысы қиын, іссапардан көз ашпайсыз. Сөйтіп жүргенде, бір күні Оралхан аға жұмысқа: «Әй, сен қайдасың, сенен әжептәуір жазушы шығады деп жүрсем, неге жоғалып кеттің. Қолында жазған дүниелерін бол­са, маған алып кел, «Жалын» деген жас­тарға арналған баспа ашылды, соған ауы­сып жатырмын» деп хабарласты. Содан жазғандарымды үстінен бір қарап, то­лық­­тырып, Алматыға апардым. Осы­лай «Тамыздың таңы» деген алғашқы жинағымды Орекең шығарып берді.

Кейін ол кісі «Жұлдызға» кетті, «Қазақ әдебиетіне» барды, сонда да ол ме­нің әңгіме-повестерімді жариялап жүрді. Қыс­қасы, Оралхан Бөкейдің қолда­уының арқасында әдебиетке оралдым. «Ала­бұғаның ажалы» деген әңгімем де көлдің билігіне таласқан алабұға мен шортан бір-біріне билікті қимай, екеуі де қармаққа түседі. Шығарма солай аяқталатын. Соның аяғын Орекең «Бірақ олар бұл өзен-өмірде тағы да бір Алабұға өсіп келе жатқанын білген жоқ» деп қосыпты.

− Шығармаларыңыздың желісінде аңыз-әпсаналар қосарланып жүреді. Мұны сіз әдейі қолданасыз ба?

− Бұл менің ерекшелігім десем болады. Қазіргі өмірдің шындығын ашу үшін ертеде болған аңыздардың көмегі көп. Тіршілікте болып жатқан құбылыстар мен іс-әрекеттердің көне дәуірмен жалғасқан бір сілемі бар. Бүгінгі өмірді өткен аңыз­дармен қиюластырып, баяндайтын болса, оның оқырманға әсері мол болады. Мысалы, Әбіш Кекілбаевты оқу қиын дейді, негізі, ол кісінің туындылары адам­ның жан дүниесіне терең бойлайды. Оралхан да солай. Ал адамның мінезін, болмысын кішкентай детальмен ашып беретін жазушы – Сайын Мұратбеков. Біз кітап оқып өскен ұрпақпыз. Мен өз заманымдағы үлкен-кіші жазушының бәрін оқыдым. Қазір әдебиетті белгілі бір топ пен әдебиетшілер ғана оқитын болды. Қоғам әдебиеттен алыстай бастағасын классик дейтініміз көбейді.

− «Классик» деп қалдыңыз, қазір осы сөздің салмағы тым жеңілдеп кеткен жоқ па, жалпы «классика» деп нені айтамыз?

− Меніңше, «классика» деп, бірінші қаншама ғасыр бойы қазақтың құмарын қандырған «Халық әндерін», екінші, «Қазақ ертегілерін», үшінші – «Мақал-мәтелді» айтар едім. Көркем әдебиетке келгенде, Абайдан артық классик жоқ. Ғабиден Мұстафин: « Абайды менің атам оқыды, одан әкем оқыды, өзім оқыдым, менен кейін балам оқыды, енді оның баласы оқиды. Өйткені Абайдың поэзиясы – шынайы, сенің сана-сезіміңді қозғайтын терең ойлар» деп айтыпты. Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесін» классика деуге болады. Онда Қырғыз халқының тағдырын 2-3 кейіпкермен түгел ашқан. Қазір әлем әдебиетінде сұрыптау жүріп жатыр. Кезінде қазақ әдебиетінен әлемдік шығармалар қатарына Мұхтар Әуезов қана кірді. Алдыңғы жылы тағы сондай жүз атақты жазушының туындылары енген жинақ шықты. Оған біздің елімізден ғана емес, кешегі Кеңес Одағы құрамындағы түркітектес халықтардан шыққан жазушы­лардан ешкім жоқ. Сол жинақта бесінші болып, Лев Толстойдың «Соғыс және бейбіт­шілігі» емес, «Қажымұраты» емес, «Анна Каренинасы» тұр. Неге? Өйт­кені жазушы осы романында орыстың ақсүйек әйелі мен ақсүйектерінің өмірі арқылы бүкіл Ресейдің болмысын берген. «Анна Каренина» − орыс руханиятының құрбаны. Лев Толстой егер осылай кете берсек, ұлтымыз құрбан болады деген ойды меңзеген. Түйіндеп келгенде, нақтылы бір ұлттың, адамның нақтылы бір кезеңдегі бастан кешкендерін суреттей отырып, сол ұлттың болмысын ашып, соның тағдырына қатысты ой айтқан көркем туындыны классика дер едім.

− Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Азамат Есенжол,

«Egemen Qazaqstan»