Қоғам • 17 Қазан, 2021

Психикалық денсаулық кабинеттеріне келушілер артты

958 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 

Қазақстандықтардың психикалық денсаулығы соңғы жылдары назар аударатын көкейкесті мәселеге айналып барады. Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Денсаулық сақтау министрлігінің Психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының міндетін атқарушы Қуаныш Алтынбеков осы жылдың тоғыз айында психикалық денсаулық орталықтары мен психикалық денсаулық кабинеттеріне келушілердің саны 300 мыңға жуықтағанын жеткізді.

Психикалық денсаулық кабинеттеріне келушілер артты

Психикалық денсаулық жа­йын­­да ашық айтудың себептерін тү­сіндіре келіп, Қуаныш Алтын­бе­ков күрделі болғанымен де бұл ауруды емдеуге болатынын атап өтті. Бүгінде арнайы ата­лып өтетін дүниежүзілік пси­хи­калық денсаулық күнінде әлем­дік қоғамдастықтың күш-жігерін бірік­тіріп, оған қоғам болып на­зар аудару маңызды. 2018 жылға дейін психиатрлар арнайы пси­хиа­триялық ұйымдарда қа­был­даса, қазіргі кезде азамат­тар пси­хикалық денсаулық орта­лық­тарының кеңесіне жүгіне бастаған. Психикалық ауытқу­лардың алдын алу, емдеу және мем­лекет тарапынан қол­дау мақ­сатында елімізде 17 өңір­лік психикалық, қалалық емханалар құрылымында 82 бас­тап­қы психикалық денсаулық орта­лы­ғы, аудандарда 201 кабинет жұ­мыс істейді. Сонымен бірге пси­хикалық ауытқулары бар адам­д­арға арналған психикалық ден­саулық ұйымдарында 735 тө­сектік орынмен күндізгі 16 ста­цио­нардың жұмысы жолға қо­йыл­ған.

Балаларға қолжетімді көмекті дамыту туралы айта келіп, Қуаныш Алтынбеков сондай-ақ, соңғы жылы балаларға арналған 65 төсектік орынға арнал­ған күндізгі стационардың 3 бөлімшесі құрылғанын жеткіз­ді. Қарағанды облысында және Шымкент қаласында ме­ди­ци­на­лық-әлеуметтік оңал­ту­дың екі бөлімшесінде бір ауысымда 20 балаға дейін қабылдайды. Соңғы жылдары денсаулық сақтау ұйымдарында балалар психиатрларының саны артқан. Көрсеткіш 2017 жылы 65-ті құ­ра­са, биылғы жылы 97-ге жеткен. Сонымен бірге осы жылы резидентураны тәмамдаған 124 психиатр дәрігер жұмысқа кіріскен болса, келер жылғы бітіретін түлектер саны жүзге жуықтайды.

Ал өткен жылдың сәуір айынан бастап БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен ДСМ рес­публикалық Психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған интернет платформа жұмыс істеп келеді. https://onlinehealth.kz сайтынан онлайн кеңестер алып, сұрақтарға жауап алуға болады. Осы кезге дейін сайт қызметін 80 мыңнан астам адам пайдаланса, 400-ге жуық толыққанды онлайн кеңестер беріліп, 200 жазбаша өтініш қаралған.

Брифингте ДДҰ елдік офисі­нің Қазақстандағы және Орталық Азия елдеріндегі психикалық денсаулық жөніндегі ұлттық кеңесшісі Николай Негай психиатрия саласында қазақстандық мамандар қатысқан бағдар­лама­ларға, нақты айтқанда, «Жас­өс­пі­рімдердің өркендеуіне ықпал ету» әдістемелік материалдар жиынтығы туралы айтып берді. Оның айтуынша, бүкіл әлем­де жасөспірімдер мен жас­тар­дың психикалық денсау­лы­ғына алаңдаушылық басым. Сондықтан ДДҰ мен БҰҰ Балалар қорының бастамасымен биылғы жылдың көктемінде жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайту және қорғау, қауіпті мінез-құлықтың түрлі нысандарының алдын алу стратегиясы жарияланған. Бұл бастаманың негізінде бар­лық азаматтық қоғамда жас­өс­пірімдердің психикалық ден­сау­лығын сақтау және нығай­ту үшін мемлекеттік құры­лым­дармен күш біріктіру тұжы­рым­дамасы жатыр. Сонымен қатар психиатрлар ДДҰ-ның Caregiver Skills Training (бала­лар­ға күтім жасау дағ­ды­ларын үйрету) бағдар­ла­масын дамуында кемістігі бар және артта қалған балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін әзірлеген.

«ДДҰ Еуропалық бюро­сы­ның қолдауымен рес­пуб­ли­калық Психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бұл бағдарламаны Қазақстанда осы жылдың қаңтар айында іске қосты. Бағдарламаны қа­зақс­тандық мамандар аударып, бейімдеп, арнайы тренерлер дайындап, оларға жетекшілік етті», деп атап өтті Н.Негай. Бе­йім­деу жұмыстарына «Қазақ­­с­тан­­ның аутизм және басқа да даму проблемалары бар бала­лары мен жасөспірімдеріне қол­­дау көрсету» қоры, «Ашық Әлем» ҮЕҰ және «Autism қол­же­тімді орта» жеке қоры қа­тыс­қан. Бүгінде бағдарлама ая­сында алғашқы медициналық-санитарлық желіден командалар құрылып, тренингтер сараптамадан өткен. Келесі жылы бағдарлама аясында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды жаппай қамту міндеті тұр. Ал отандық психиатрлар жұмыс істейтін үшінші бағдарлама – өзін өзі зақымдау мониторингі жүйесін енгізу. Н.Негайдың айтуынша, мониторинг барысында жиналған мәліметтер өзіне-өзі қол жұмсау және өзіне-өзі зиян келтіру әрекеттерін анықтауды мақ­сат етеді. Бұл әдіс Ресей мен Ирландия тәжірибесіне де енгізілген, бүгінде Түркістан және Қостанай облыстарында қолданысқа еніп отыр. Н.Негай айтқан төртінші бағдарлама психиатриялық емес бейіндегі мамандарға арналған. Бұл жалпы практика дәрігері және басқа мамандықтар тәжірибесінде психикалық денсаулықтың бұзылуының жиі кездесетіндігі туралы бағдарлама. Бүгінде С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да толықтай бейім­дел­іп, мемлекеттік тілге ауда­рыл­ған осы бағыттағы бағдар­ла­ма бойынша мамандар оқы­ты­луда.