Эндопротездеу – қандай да бір кеселдің немесе жарақат салдарынан зақымданған буынды хирургиялық жолмен жасанды буынға алмастыратын ота. Осы ота арқылы аяқ-қолдың қимылын қалпына келтіруге болады.
Алматы қалалық №4 аурухананың эндопротездеу бөлімінің меңгерушісі Манарбек Әубәкіровтің айтуынша, жоғарыдағы зейнеткер автобустан құлап жарақат алған. Дәрігерлер бірден жамбас сүйегінің жабық субкапиталды сынығы деген диагноз қойыпты.
«Науқас ауруханаға түскен кезде пациент жамбасы ісіп, қатты ауыратынын айтып, шағымданды. Сонымен қатар қимыл-қозғалысы қиындап, жүріп-тұрудан қалған. Қабылдау бөлімінде оны кешенді тексеруден өткіздік, терапевт, травматолог, анестезиологтан құралған мультидисциплинарлық команда қарады», дейді М.Әубәкіров.
Жасы тоқсанды алқымдаған Вера Ким отаның бұл түрінен хабардар екен. Сондықтан ол кісі ота жасауға бірден келісім береді.
«Базардан қайтып келе жатып автобусқа міндім. Түсерде аяғым тайып кетіп жолдың жиегіндегі тасқа құладым. Сөйтсем жамбас сүйегім сынған екен. Бірден жедел жәрдем шақыртып, олар мені №4 ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер қарап шыққаннан кейін ота жасау қажеттігін айтты. Балаларым да бірден келісті. Ота тез, жақсы жасалды. Содан бері міне, бір апта өтті, қазір аяғымды басып жүремін. Қартайған шағымда осындай қуаныш сыйлаған дәрігерлерге ризамын», дейді В.Ким.
Буын алмастыру отасы жалпы құны 1,5 млн теңгеден басталатын жоғары технологиялық операциялар қатарына жатады. Ота зейнеткерге МӘМС пакеті шеңберінде тегін жасалды. Эндопротездеу соңғы жылдары көп жасалып жүрген манипуляциялардың бірі. Себебі ол буыны ауыратын сырқаттың ауруын жеңілдетіп, емін-еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді.
Медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, сақтандырылған тұрғындар жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын қызметтерді, КТ, МРТ сынды консультативтік-диагностикалық қызмет түрлерін, реабилитациялық көмекті тұрақты түрде пайдаланып келеді.
«МӘМС пакетінің ауқымы кең. Сақтандырылған азаматтар көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін осындай ота түрлерін жасату қажет болған жағдайда медициналық қызметті көп шығындалмай, кедергісіз пайдалана алады. Сондықтан барша азаматтарды сақтандыру жүйесіне қатысуға шақырамын», деді филиал директоры.