Саясат • 18 Қазан, 2021

Ауылдықтарды баспанамен қамтамасыз ететін бағдарлама қажет

435 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Түркістан облысында көшпелі отырыс өткізді. Тұрғын үй құрылысы саласындағы заңнаманы жетілдіру және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай ұлттық бағдарлама әзірлеу талқылаудың басты тақырыбы болды.

Ауылдықтарды баспанамен қамтамасыз ететін бағдарлама қажет

Комитет төрағасы Дәурен Әділбеков қазақстандықтарды қол­жетімді баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттің негізгі әлеуметтік міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Тиісті мемлекеттік бағдарламаны іске асыруды заңнамалық қам­та­масыз ету процесінде парла­мент­шілер рөлі аза маңызды. Де­путат, сондай-ақ, Сенат ко­ми­­тетінің көшпелі отырысы тұр­ғын үй саясаты саласындағы проб­лемалық мәселелерді анық­тауға арналғанын жеткізді. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында тұрғын үй мәселелерін шешуге бағыт­талған «Біртұтас тұрғын үй бағ­дар­ламасын» әзірлеу қажеттігін айтқан болатын. Осыған байланыс­ты, комитет төрағасы отырысты тұрғын үй құрылысы саласындағы нақты үш мәселе төңірегінде ұйымдастыруды ұсынды. Сенатор Әлімжан Құртаев өз сөзінде ауыл тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз етуде жеке бағдарлама әзірлеу қажеттігін айтты. «Осыған байланысты Қазақстанда тұрғын үй құрылысы процесін одан әрі жетілдіру мақсатында тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта ол Үкіметтің қа­рау­ында жатыр», деді сенатор. Сондай-ақ Ә.Құртаев отандық тұрғын үй нарығының қалыптасуы халық шаруашылығының басқа салаларын ынталандырушы және нарықтық экономикаға өтудің негізгі факторларының бірі ретінде қарастырылатынын айтып өтті. Бұл бағытта айтарлықтай істер атқарылып жатыр, мысалы «Бақытты отбасы» жобасы бо­йынша бір жылдың ішінде Нұр-Сұлтан қаласында 2000 пәтер халық­қа берілді. «Статистикалық мәлі­меттерге сәйкес 2021 жы­лы Қа­зақстанда 17 млн шаршы метр тұр­ғын үй салыну жос­пар­ланған. 2021 жылдың 8 айының қоры­тындысы бо­йынша 8,9 млн шаршы метр (2020 жылмен салыстырғанда +10,5%), 77 мыңнан астам тұр­ғын үй пайдалануға берілген (пәтер­лер мен жеке үйлерді қосқан­да). Сонымен бірге тұрғын үй құрылысына инвестициялар 1,3 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,7% жоғары. Жалпы, соңғы жылдары тұрғын үй саласына қатысты мем­лекеттік бағдарламалар біршама нәтижелі жүргізілуде. Мемлекет басшысы Үкіметке (Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі (АҚ негі­зінде жергілікті атқарушы орган­дарда кезекте тұрғандарды (562 мыңға жуық азамат) бере отырып, толыққанды даму және қол­дау институтын – «Отбасы бан­кін» құруды тапсырған болатын. Осыған орай, елімізде бірыңғай тұрғын үй құрылыс саласын одан әрі жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау сауалнамалары бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп Үкімет қарауына енгізілді. 

Комитеттің көшпелі отырысына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Жетпісбай, ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин, «Отбасы банк» АҚ басқарушы директоры және басқа да салалық мекемелердің басшылары қатысқанын айта кетелік. Сондай-ақ отырыста Түркістан облысында жүргізіліп жатқан тұрғын үй құрылысының барысы баяндалып, бірқатар ұсыныс айтылды. Мысалы, облыста 2019-2020 жылдары қаржыландырудың барлық көздерінен 1,35 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде, бюджет қаражаты есебінен 189,3 мың шаршы метр тұрғын үй құры­лысы аяқталып, 3 425 отбасы бас­панамен қамтамасыз етілді. Ал Түркістан қаласы бойынша 2019-2020 жылдары 373,8 мың шаршы метр тұрғын үй берілсе, оның 81,2 мың шаршы метрі (1 536 пәтер) бюджет қаражаты есебінен іске асырылған. Сонымен қатар 2019-2020 жылдар аралығында ауылдарда инженерлік желілермен қамтамасыз етілген жеке тұрғын үй салу үшін 2101 мың жер телімі бөлінді. Биыл облыс аумағында 790 мың шаршы метр тұрғын үй тапсыру жоспарланған. Бүгінгі күні, оның 432,4 мың шаршы метрі пайдалануға берілді. Бюджет қаражаты есебінен облыста 2021 жылы 118 тұрғын үйдің (6 850 пәтер) құрылысы жүргізілуде, жыл қорытындысымен 58 тұрғын үй (3 270 пәтер) құрылысын аяқтау, сондай-ақ 5458 жер телімінде жеке тұрғын үй салу үшін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Сонымен қатар көшпелі отырыста облыстың бюджет мүм­кін­шілігін, әлеуметтік-кредиттік тұрғын үйге деген халықтың жоғары сұранысын ескере отырып және жергілікті бюджетке түсетін жүк­темені азайту мақсатында, тұрғын үйдің бір шаршы метріне арналған шығыстар лимитін 180 мың теңгеден 220 мың теңгеге дейін ұлғайту мүмкіндігін қарас­тыру ұсынылды. Құрылыс мате­риалдарының қымбаттауына байланысты өткен жылдары салына бастаған 33 тұрғын үйдің сметалық құндарына түзету енгізіліп, ұлғаю сомасы 6,2 млрд теңге болған. Бұл сома қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті бюджеттен қар­жыландырылуға тиіс.

Сондай-ақ 2021 жылы құры­лысы басталған тұрғын үйлерді аяқтау үшін жергілікті бюджеттен 23,8 млрд теңге қоса қаржыландыру қажет, яғни жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын сома 30,0 млрд теңгені құрап отыр.