Аймақтар • 18 Қазан, 2021

Туған өлке тарихы – ұрпаққа тағылым

1132 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістанда Қожа Ахмет Ясауидің тарихи болмысын, өмірі мен ілімін әлемге өз деңгейінде танытып, ғұламаның терең зерттелген рухани мұраларын қою мақсаты көзделген музей пайдалануға берілген болатын. Бүгінде заман талабына сай салынған сәулетті орталықта Ясауи мұралары мен шет мемлекеттердегі шәкірттерінің еңбектері жинақталуда.

Туған өлке тарихы –  ұрпаққа тағылым

Аумағы 3 200 шаршы метр музей құрылысын «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның тапсырысымен «Базис-А» компаниясы жүргізді. Ұлы тұлғаға арналған музейде 100 адам жұмыспен қамтылмақ. Жалпы, Түркістанды туризм орталығына айналдыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Туризм саласы тарихи-танымдық, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм болып, 3 бағытта қарқынды дамып келеді. Жыл соңына дейін 38 туристік инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 1050 жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Солардың ішінде Қожа Ахмет Ясауи музейі де жұртшылық жиі келе­тін орынға айналады деген сенім мол.

Музей салып, жәдігерлер жинақтау «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған ауқымды істердің бірі. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ла­малық мақаласында әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертетін туған жердің тарихы мен әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған біртуар перзенттерін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс екенін айтқан болатын. Ал «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Елбасы тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар ат­қа­­­рылғанын айта келе: «Бірақ баба­ла­рымыздың өмірі мен олардың ға­жап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр», деді. Осы орайда жуырда «Әзірет Сұлтан» мем­лекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері Мәскеу қаласындағы архив материалдарымен танысуға аттанғанын айта кетелік. «Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві ХІХ-ХХІ ғасырлардағы Ресей тарихына қатысты 7 миллионнан аса іс-құжаттары бар ең үлкен архив саналады. Қойнауы тарихи деректерге толы бұл орталық өз жұмысын 1992 жылы кеңестер одағы мен кеңестік Ресейдің мемлекеттік архивтері негізінде бастаған. «ХІХ ғасырдың ортасы – ХХІ ғасыр басындағы Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени тарихын кешенді зерттеу» ғылыми бағдарлама тақырыбы аясындағы бұл сапарымыз Түркістан қаласының тарихы туралы тың деректерді Ресей патшалығы кезеңі және кеңестік кезең материалдарынан табуға септігін ти­гі­зеді деген ойдамыз», дейді қорық-музей директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Тастанбеков. Бұған дейін түркістандық ғалымдар рухани астана жайлы тың деректер іздестіру мақсатында Ал­маты, Шымкент қалаларында және Өз­бекстан Республикасындағы мұрағат құжаттарымен танысып шыққан болатын. Жоба аясында ғылыми айналымға енбеген жаңа деректер топтастырылмақ.