06 Мамыр, 2010

ЖЕҢІС-65

714 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

КЕШЕГІ НИКОЛАЙ – БҮГІНГІ НАЙМАНБАЙ

АТЫН ӨЗГЕРТІП, ЗАТЫН ЖӨНГЕ КЕЛТІРГЕНІМЕН ШЕНЕУНІКТЕР КЕДЕРГІСІНЕН АСА АЛМАЙ ЖҮР

1941-1945 жылдарғы Отан соғысында Еуро­паны қан­құй­лы фашистерден азат етуге қатысқан жас жігіт­тердің қатарында Найманбай Құрбанов Қызыл­орда облысы, Жаңақорған ауданы, Бірлік кол­хозынан соғысқа аттанған болатын. 1942 жылғы қазанның 1-10 күндері 335-ші атқыштар полкы­ның жауынгері ретінде Сталинград ма­ңындағы кескілескен шайқаста ауыр жараланды. Мина жарықшағынан бір аяқ, бір қолы сынды. Үш ай әскери госпитальда жатып, айыққан соң қаңтарда соғысқа қайта  аттанды. Ұлы Жеңісті Германия іргесінде қарсы алды. Көптеген орден, медальдардың иегері соғыстан соң да халық шаруашылығын өркен­детуге, “Бірлік” совхозындағы асыл тұқымды қаракөл қойын өсіруге аянбай кірісті. Әр жүз аналықтан 145-тен 165-ке дейін төл өргізген кезі болды. Төрт қыз, төрт ұл өсіріп жетілдірді. Найманбай Құрбановтың әскерден келгеннен кейінгі басты қиындығы – Сталинград түбіндегі шайқаста ауыр жарақаттанып, әскери госпиталь­да жатқан уақытында тілі Найманбайға келмеген әскери (писарь) хатшы оны Николай деп құжат­тарын түгел сол атпен толтырып жіберген көріне­ді. Елге келгеннен кейін барлығын басы­нан бас­тап, қайта құжаттандырып, Николайды Найман­байға өзгертуге қыруар уақытын жіберген екен. Сол кезде: “Сіз орыстың жері үшін соғыстыңыз, орыстың атын алыпсыз. Барлық атақты Ресейден сұраңыз!” деп тепсінген шенеуніктер де болыпты. Енді міне 87-ге келген шағында шенеунік­тердің шексіз қақпақылына ұшырап отыр. Ұлы Жеңістің 60 жылдығына 1953 жылы тұрғызған үйінің орнына “жаңадан там салып беремін” деген аудан әкімі ауысып кеткен соң, одан бергі басшы­лар бірі-біріне сілтеп жүріп-ақ, жиі ауы­сып кетіп отырған. Бес жылда Жаңақорған­ға әкім­дік еткен Т. Мұстафаев, Н. Мұсабаев, Б. Бекті­баев, Б. Қал­таев,Б. Еламановтардың бірде-біреуі оны орындай алмаймын демейді. Телефон автомат секілді. “Күте тұрыңыз” деп діңкесін құртып келеді. Ашынған ақсақал өткен жылы қарашада Елбасы өткізген тікелей эфирге де шағымын жол­дапты. Одан келген жауап сатылап төмен­дей келе, қолында ешқандай құзыры да қар­жысы да жоқ Бірлік ауылының әкімі Рақыш Мәметовтің қолына түсіпті. Содан дәрменсіз­дігіне өкінген әкім Рақыш пен сексеннің жетеуіндегі соғыс және еңбек ардагері, үшінші дәрежелі мүгедек Найманбай ақсақал екеуі қосыла жер шұқып отырып қалыпты. – Жылда Жеңіс мерекесіне дейін әкімдер мен шенеуніктер хабарласып отырады да қалай мереке өтті пышақ кескендей, сап тыйылады. Биыл да уәдені үйіп-төгіп беріп жатыр. Егер сөз­дерінде тұрмаса: “Сіз орыстың жері үшін соғыс­тыңыз, орыстың атын алыпсыз. Барлық атақты Ресейден сұраңыз!” деп тепсінген шенеу­ніктің айтқанымен Ресей Президенті Дмитрий Мед­ведев пен Премьер-министрі Владимир Путин­ге хат жазғалы отырмын, – дейді қарт кемсеңдеп. Сонда әкім-қаралардың “Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді” деген қарапайым қағиданы да білмегені ме деген сұрақ ойымызды онға, санамызды санға бөлді. Ескендір ЕРТАЙ. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылы. ЕЛІН СҮЙГЕН ЕР БОЛАР Астана қаласындағы №37 жалпы білім беретін орта мектепте оқумен қатар тәрбие жұмыстары да жақсы жолға қойылған. Елбасымыздың “Ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраға сүйеніп, ертеңгі және бүгінгі күннің мәдениетін дамыту керек” деген сөзін басшылыққа ала отырып, мектеп­те тәрбие “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы бо­йын­ша жүргізіледі. Бұл бағдарла­маның­ мақсаты—оқушылар­дың бойын­да туған жеріне, еліне деген сүйіспенші­лік сезімдерін тәрбиелеп, тарихи қазынамызды сақтау, дамыту және келешек ұрпақтарға табыс ету. Бағдар­ламаның бағыттары әр сы­нып­қа жас ерекшеліктеріне байла­нысты бөлінген. Атап айтқанда, 1-4-сыныптар үшін “Қазақстан халқы­ның ғасырлық салт-дәстүрлері”, ал 5-сыныптар үшін “Мен—табиғаттың бір бөлігімін”, 6-сыныпта “Кітап – ой-білімнің кәусар бұлағы” атты тақырыптарда өтсе, 7-сыныпта Жі­бек жолының және көне қалалардың тарихы, 8-сыныпта ата-бабалары­мыздың тарихи мұрасы, 9-сыныпта ел тарихынан тәлім беріледі. Бағдарлама бойынша Жеңістің 65 жылдығына орай да іс-шаралар өтіп жатыр. Оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу, соғыс ардагерлеріне тағ­зым ету мақсатында Кеңес Одағы­ның Батыры, қолбасшы Бауыржан Мо­­мыш­ұлына арнап 5-11 сынып ара­лығында “Қазақ халқының ержүрек азаматы” атты сынып сағат өтті. 5-11 сынып оқушылары Отан соғысы­ның ардагерлеріне және батыр баба­лары­мызға арнап өз өлеңдерін оқы­ды. Оқу­шылар қалалық “Жеңіс даң­ғылы” туристік экспедициясын жүзе­ге асыру барысында “Менің отаным—Қазақ­стан” экспедициясына қатысып Бауыржан Момышұлы даңғылымен жүріп өтті, 2 сынып оқушылары және сынып жетекшілері Айнаш Хасенова, Сағыныш Байбо­лова Ұлы Отан соғы­сының ардагері Берлешов Барлы­бай атаның үйіне барып әңгімелесіп, сыйлықтарын табыс етті. Осындай өнегелі істердің басы-қасында сынып жетекшілерімен қатар үнемі мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Сәуле Байбекова табылады. Өскелең ұрпаққа тәрбие беруде ол өзінің білімі мен тәжірибесін кеңінен пайдаланып, әркез жөн-жоба көрсетіп отырады. Гүлден НҰРҚАБЫЛ, №37 мектептің мұғалімі.