14 Ақпан, 2014

Ақтауда тұрғын үй құрылысы қарқынды

409 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үйсіздік – күйсіздіктің басы. Тапқан ақшаңа пәтер жалдап, қожайынның қас-қабағына жалтаңдау  тозақтың тозағы. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, шыжынаған шілде мен азынаған ақпанда далада қалып, тағдырыңның тас-талқан болуы да оның бір ауыз сөзімен шешіледі. Яғни адам адамға кіріптар...

002 0589

Үйсіздіктен талай адамның, талай отбасының зардап шеккені белгілі, әлі басын сұғар тұрақты пана таба алмай, қиналып жүргендер қаншама?! Құрылыстар тоқтап-тоқыраған жылдардың зардабы осылай болған еді, қазір түйткілдің түйіні тарқатыла бастағаны анық. Басқа өңірлерді айтпағанда, бір ғана Ақтау қаласының өзінде орны белгіленгені бар, шарбақпен қоршалғаны бар, қазығы қағылғаны бар, іргетасы қаланғаны бар, қабырғасы көтерілгені бар, шатыры жабылғаны бар қаулаған құрылыс... Мектеп, балабақша, дүкен-дүңгіршек, түрлі қызмет көрсету орындарынан бөлек көңіл қуантатыны – тұрғын үйлердің көптеп салынуы. Бұл, әрине, «халықтың әл-ауқатының артуы – мемлекет дамуының негізі» деп санап, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуды бірте-бірте шешуді жолға қойған мемлекеттік мүдденің шапағаты. Талай отбасының үйлі болуына «Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасы себепкер болғандығын ешкім жоққа шығара алмас. Бағдарламада межеленген міндеттер мен жүктелген тапсырмаларды жүзеге асыру арқылы Ақтау қаласында қордаланған тұрғын үй мәселесін біраз серпілтіп тастауды ойлаған жергілікті басшылық іске мықтап кіріскендей. Құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқандығының дәлелі сол,  Ақтаудың көлемі жылдамықпен  ұлғайып келеді. Тіпті, тұтастай шағын аудандар қатарға қосылып жатыр деуге болады.  Жерді түгендеп, игілікті іске жұмсау барысында мемлекетке қайтарылған жер телімдері тұрғын үйлер салу үшін пайдаланылуда. Маңғыстау облысында 2013 жылы 532 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биылғы жыл да екпінмен басталды.

Өткен аптада облыс орталығындағы жаңа шағын ауданнан «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша жас отбасыларға арналған 100 пәтерлі тұрғын үйдің кілттері  өз иелеріне табысталды. Үй маңынан балаларға арналған шағын орталық өз тұсауын кесетін болады.

Облыс басшысы А.Айдарбаев, Ақтау қаласының әкімі Е.Жаңбыршин бастаған салтанатты сәтте  алдағы уақытта салынатын үйлер туралы да айтылды. Жуық арада бұл үйлермен көршілес тағы да 40 пәтерлі 5 тұрғын үй пайдалануға беріледі деген жаңалық көпшілікті жадыратты. Осы орайда 40 пәтерлі тұрғын үйдің іргетасы қаланып, онымен қатар тағы да 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүрмек.  Сондай-ақ, 120 пәтерлі 5 үйдің, 100 пәтерлі 3 үйдің жобалық-сметалық құжаттары жасақталу үстінде екен. Жалпы, жақын болашақта 32а деп аталатын жаңа шағын ауданның өзінде 3000-нан астам пәтер салу жоспарланған.

Баспанамен қамтуға бөлінген көңіл мен баспана салудағы қарқын Ақтау қаласында үй үшін кезекте тұрған 5 мыңнан астам отбасының арманын орындауды алысқа апармай, таяу жылдары шешіп беруі мүмкін деген жақсы болжамды алға тартады.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.

––––––––––––––––––––––

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ.