Таяуда Астанада Көлікті бақылау күні өтті. Оны «KAZLOGISTICS» көлік одағы мен Көлік және коммуникациялар министрлігінің Көліктік бақылау комитеті ұйымдастырды.
Шара барысында бизнес құрылымға, автомобиль саласындағы қауымдастықтар мен мекемелерге арналған дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Сондай-ақ, «Ахуал орталығының» тұсаукесер рәсімі болды. Оған Көлік және коммуникациялар вице-министрі А. Бектұров, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, ҰКП, ҚазАТО қауымдастығы, автокөлік саласы мен басқа да мекемелердің өкілдері қатысты. Онда Көліктік бақылау комитетінің 2014 жылға жасалған жоспарлары мен саланың өзекті мәселелері талқыланды.
Отырыста логистикалық ахуалды жақсарту тұрғысындағы физикалық кедергілерді болдырмаудың бірлескен жобасы және көліктік бақылаудың стационарлық бекеттеріне мониторингтік бақылау орнату жайы қаралды. Мұнымен бірге, автоматтандырылған арнайы өлшем құралының жүйесі, автомобиль көлігімен жолаушылар және жүк тасымалдауды мониторингтік бақылау мен кіші бақылау желісі, көліктік мониторингтік бақылаудың GPS жылжымалы бекеті, «Техникалық бақылау» бірыңғай ақпараттық жүйесі, жол техникасы жұмысына мониторинг жасаудың, А-1 трассасындағы «Астана – Көкшетау» ақпараттық ауа райын бақылаудың, сондай-ақ, Кеден одағы сыртқы шекаралық жүйесін бұзғандығы туралы автокөлік құралдары иелерін құлақтандыру желісінің жұмысы сарапталды.
Халықаралық жолдарда автокөлікпен жүк немесе жолаушы тасымалдауда шетелдердің рұқсат ету ережесін сақтау керек. Осы мақсатта Көліктік бақылау комитеті көліктік бақылау орнатудың тиімді тұстарын ұсынды. Мәселен, автоматтандырылған арнайы өлшем құралы, сондай-ақ, көліктік бақылаудың стационарлық бекеттерін кезең-кезеңімен азайту, халықаралық автокөлік тасымалындағы рұқсат ету жүйесінің ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, бақылауды күшейту, еліміздің шекаралық қызметі мен кеден органдарының шетелдік автокөліктерінің жүрісін қадағалаудағы ақпарат алмасуы сарапшы мамандардың талқысына түсті.
Қазақстанда трансқұрлықтық бағыттарда мультимодальдық тасымалдаудың көлемі артып келеді. Осыған байланысты өзара іскерлік ықпалдастықты дамыту көзделіп отыр. Нәтижесінде Көліктік бақылау комитеті мен «KAZLOGISTICS» көлік одағы арасында меморандумға қол қойылады.
Қайсар ЖҮСІП.