«Айналым схемасына» сәйкес, 16 қазандағы жағдай бойынша 5,4 млрд. теңге айналымға түсіп, қаламызда мақсатты деңгей 114,9 пайызға орындалды. Бұл туралы сенбі күні ҚР Премъер-Министрі А.Маминнің төрағалығымен өткен селекторлық мәжілісте еліміздің Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.
Нәтижесінде 20 мың тоннадан астам әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарларына сатып алулар жүргізілді. Бұл санаттағы азық-түлік тауарларының қатарына 19 өнім түрлері жатады: ұн, нан, макарон өнімдері, тұз, жұмыртқа, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс майы, сары май, сиыр және құс еті, сүт, айран, сүзбе, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат.
Өткен аптада көрсетілген азық-түлік тауарларына баға тұрақтылығы сақталды. Күріш, сәбіз, пияз, шекердің бағалары 0,3–3,7 пайыз аралығында төмендеген.
«Айналым схемасына» қаладағы ірі сауда желілері тартылған. Сауда орталықтары делдалдық ұйымдардың қатысуынсыз оператормен тікелей келісімшартқа отырған. Оператор келісімшарт талаптарымен бекітілген шарттардың орындалуын бақылап, мониторинг жүргізеді. Жүйе шеңберінде оператор да, сауда орталықтары да келісімшарт талаптарын сақтай отырып, бағаны осы құжатта айқындалған деңгей көлемінде сақталуына кепіл болады.
Қазір мұндай келісімшарттар «Magnum Cash & Carry», «GraMad Hypermarket», «Фиркан» сауда желілерімен түзілген. Бұл жүйенің тиімділігі ескеріліп, ауыл шаруашылық өнімдеріне форвардтық келісімшарттар түзу жоспарланған.