Бұл туралы Көкшетау қаласының әкімі Жарқын Жұмағұлов журналистермен өткен брифингте мәлімдеді.
Соңғы жылдары шын мәніндегі құрылыс алаңына айналған Көкшетаудың келбеті, осымен біргелікте тұрғындардың көңіл күйі де шырайланып қалғандай. Мәселен, 2013 жылы 15 көпқабатты үй салынса, жас отбасыларға 5 мың шаршыметрлік жайлы пәтерлер бөлінді. Оның үстіне, жалдап тұру әдісімен 3 мың шаршы метрге жуық жаңа пәтер пайдалануға берілді. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі серпінді қимыл танытқанын айта кету керек. Жаңа бастама иелері 12 мың шаршыметрлік заманалық тұрғын үйлерді қатарға қосып, көкшеліктер ризашылығына бөленді.
Сондай-ақ, Көкшетауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қайта жаңғырту ісі жандана түсуде. Олай деуімізге жыл ішінде 19 көпқабатты үйдің сән-салтанаты ашыла түскені негіз болады. Бұл мақсатқа облыс қазынасынан 400 миллион теңге қаржы жұмсалып, толық игерілген. Қала тұрғындары арасында мемлекеттік бағдарлама ұстанымдарын кеңінен түсіндіру, ақпараттық жұмыстардың ауқымын кеңейту жұртшылық арасында қозғалыс тудырып отыр.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
КӨКШЕТАУ.