Қарағандының қабақ түйген күзі болатын. Көше бойындағы тал-теректерден жауған жапырақ тоңази бастаған кешкі сәтте достармен бірге дабырласа, сабақтан оралып, жатақханадағы бөлмеме кірер-кірместен, елең еттім. Елең еткізген ән еді. Ән болғанда да, жаныңның нәзік пернелерін тап баса, жүрек түпкірінде жасырынған тылсым сезімдеріңді бұлқынта, ғажайып бір әлемге жетелеп әкеткен ән еді. Ән еліктіріп әкетті. Жалт бұрылып, сырлы саз әуелеп жатқан көрші бөлмеге бардым. Амандық жоқ, саулық жоқ, орындықтардың біріне отыра кеттім.
«Кезімде қадіріңді сезбес мынау,
Бекер-ақ, қарғам, маған кездестің-ау...» – деп жалындаған сезім мен өртенген өкінішті қатар тербеткен ән де аяқталды.
Әлгінде ғана ән төгілтіп тұрған магнитофон тетігін сырт еткізе сөндірген бөлме иесі Айдар Әбеуов ағам жымия қарады. – Әншіні таныдың ба? – деді.
Бұған дейін мынадай ғажап дауысты естімегеніме, бір естігеннен жүрек түпкіріне ұялап үлгеретін сиқырлы дауыс иесін осыған дейін білмей жүргеніме ыңғайсыздана: «Бұрын естімеген әншім екен», – дедім.
Марқая, масаттанып қалған Айекең:
– Бұл Мейірхан Адамбеков деген әнші! – деп мақтана жауап қайырды да, бұл айтқаны аздық етердей сезінді ме: – Ғаламат әнші! – деп және қосты.
Онысы да аз болғандай, «Бұдан былай біліп жүр!» – деп ескертіп үлгерді.
Назқоңыр үні жүрегімде ұялап үлгерген әнші ағаның өзімен жүзбе-жүз танысуымыз да күтпеген жерден болды.
Сабақтан шыққан бір топ студент оқу ғимаратының алдында жан-жаққа тарасып, мен Гагарин алаңындағы автобус аялдамасына беттеген едім. Дене бітімі дембелше келген, орта бойлы, келбеті келісті, жылы шырайлы жүзінен шуақ төгіліп тұрғандай әсер ететін ағаның мен жаққа мойын бұра қарап тұрғанын алыстан аңғардым. «Бұл кісі кім болды екен? Кім болса да, сәлем бергенім жөн болар» деп ойлана жақындай бергенімде, бейтаныс азамат та маған қарай бір-екі адымдап, шола қарап өтті де:
– Сен Аманжолсың ба? Аманжол Әлтаев деген ақын жігітсің бе? – деп көз тіге қарады.
Айтыс аламанына енді-енді араласа бастағандықтан, өзімді ақынмын деп айтуға әлі де именшектеп жүрген кезде түр-тұлғасы сымбатты, қимыл-қозғалысынан да, үнінен де салиқалы мінез аңдалатын ағаның сұрағына сәл тосылып барып: «Иә, аға, Аманжолмын», – деп жауап қайырдым. Бейтаныс адамның танығанына іштей біршама масаттанып қалғаным да рас.
– Бәсе, жаңылыспауға тиіс едім. Онда бүгіннен бастап таныс болайық, бауырым. Мен Мейірхан Адамбеков деген ағаң боламын, – деді.
Ағаның ауызынан шыққан «бауырым» деген сөзде адам баласына деген жылы сезім, ізгі ниет, ілтипат есіп тұрғандай еді.
– Мен де сізді білемін, аға.
– Қайдан білесің?
Әнші ағам сынай қарағандай болды.
«Кезінде қадіріңді сезбес мынау,
Бекер-ақ, қарғам, маған кездестің-ау...» – деп баяу әндетіп жіберген едім, Мейірхан ағамның мейірлі жүзі тіпті шуақтанып сала бергендей сезілді.
– Білгеніңе разымын. Екеуіміздің бүгінгі кездесуіміз де бекер емес секілді. Тағдырдың өзі табыстырып тұрған шығар. Сондықтан қадірімізді білетін аға мен бауыр болайық, – деді де, жымия күліп, бауырына тартты.
Көптен бері көңіл төрінен орын алып үлгерген әнші ағаның бірден жақын тарта сөйлеген бауырмалдығына алабұртып кетсем керек:
– Әрине, аға! – дегеннен басқа сөз аузыма түсер емес.
Ағаның автобусы келді.
Жүзіне мейірім тұнған Мейірхан ағам автобусына бір қарады да:
– Ал, бауырым, сенен мықты ақын шығады, талабыңа нұр жаусын! – деп, сыпайы қоштасты да, көлікке беттеді.
Автобус ұзап бара жатты. Ұзап бара жатқан автобус ішінде адам баласын алалауды білмейтін мейірім кетіп бара жатты, Мейірхан ағам кетіп бара жатты...
Жүрдек уақыт студенттік дәуреннің де соңына жетіп, университетті тәмамдап, кафедраға аға оқытушы болып қызметке қабылдандым. Өнердің арқасында Мейірхан ағамен түрлі кештерде, жиындарда жиі кездесетін болдық. Кездескен сайын ойымыздың ортақ, ниетіміздің бір екенін сезініп, етене араласа бердік. Аға мен бауыр сыйластығы болып басталған байланыс бірте-бірте қылаусыз достыққа ұласты. Аға-достың болмысында үлгі тұтар өнеге, кім-кімді де сүйсіндіретін қасиет мол еді.
Ең бастысы – Мейірхан ағамның хас өнерге адалдығы, мәні мен сәні үндескен мағыналы әнге іңкәрлігі, талғампаз сырбаздығы болатын. «Бабадан жеткен байтақ өнерді саф, таза қалпында ұрпаққа аманаттау – парызымыз» дегенді жиі айтатын. Айтып қана қоймады, бар ғұмырын ұлт өнерін асқақтатуға, ән тазалығын сақтауға арнады. Басқадан да соны талап етті.
Өнерден пайда табуды емес, өнерге пайдасын тигізуді көздеді. Сондықтан да Мейірхан әнші өз репертуарына мұқият қарады. Дауысты мың құбылтуды емес, ән әсерін арттыруды, ән арқылы сезім пернелерін тап ба суды, сол арқылы қалың жұртқа нағыз әннің қадірін, қасиетін сездіруді мақсат етті. Домбыра шанағынан шыққан алғашқы дыбыстан бастап, ән соңындағы соңғы дыбысқа дейін ыждаһатпен зер салды. Мейірхан әншінің әр әні сондықтан да жүректерге жол тапты. Өйткені ол өз бойына сіңіп, өз жанының жылуы дарымаған әнді халыққа ұсынбайтын.
Ол орындаған әндердің алуан-алуан иірімдерінің жүрек қылын шертіп-шертіп өтуінің сыры әншінің жүрек қағысымен үндесіп жатуында еді. Әнші ағам өзі орындайтын әндермен бірге жаралғандай болып, әр әнінде адам жаратылысының сан түрлі күйін бастан өткеретін. Мысалы, Мәдидің «Шіркін-айы» секілді әнді айтқанда, қырық күндік тірлікте жалғанның қызығынан гөрі, қысталаң-қыспағын, талас-тартысын көп көріп, жаны күйзелген Дала дарабозының шер күйін, өкінішті мұң-зарын өз басынан өткергендей халге түсіп, тебіренте отырып, енді бір сәтте қайратына қайта мінгендей жігерлене, көзі жайнап шыға келетін. Ал Біржанның «Айтбайы», Шашубайдың «Аққайыңы» тәрізді кең тынысты әндерге келгенде, Сарыарқаның сақи даласын еркін шола, көк жүзінде жалғыз қалықтаған қырандай еркін самғайтын. Серік Ақсұңқарұлының «Шайтанкөл», Нұрғиса Тілендиевтің «Сағындым ғой» әндерін айтқан кездерінде әншінің жан тереңіне бойлаған лирикаға бейім сезімтал жанының қыр-сырына қаныққандай әсерге бөленер едің. Әнші ағаның осындай шеберлік биігіне жетуінің сыры дауыс құдіреті мен өзінің жан дүниесін, сезім әлемін жарасымды үйлестіре білуінде жатқаны анық. Мейірхан ағаның әншілік даралығы – жан дауысының әнге бөленіп жетуінде.
Мейірхан әншіні тыңдай отырып, әннің динамикасын, психологиялық көңіл күйін, драмалық шиеленісін, лирикалық сұлулығын, интонациялық айқындығын, акустикалық үнділігін сезінбеу, аңғармау мүмкін емес. Әншінің ұлылығы мен дарындылығы осында.
Жақсы әнші бір әнді орындап біткенше тұтас драмалық қойылымның басты рөлінде ойнап шыққандай жауапкершілікті мойнына артады. Біздің Мейірхан аға сахнаға әр шыққан сайын осындай күй кешкенін мен жақсы білемін!
Әнші ағаның екінші ерен қасиеті – ұстазға, үлкенге деген құрметі!
Үлкендерден бата алып, әнші болуды армандай, Алматыға барған кезінде әйгілі Жүсекеңе, Жүсіпбек Елебековке қалай сәлем бергенін, ән қазынасына айналған ұлы тұлғаның қалай ілтипат танытқанын мақтан тұта, аңыздай етіп әңгімелеген сәттерінде ән өнеріндегі ұлы ұстазына деген кіршіксіз құрметі анық сезіліп тұратын.
Рухани ұстазы Қайрат Байбосынов пен төл ұстазы Жәнібек Кәрменовтердің алдындағы шәкірттік парызынан жаңылып көрген емес еді. Олардың өнердегі нұсқаған жолын, санаға сіңірген тәлімін өмір бойы ұстанып қана қоймай, өзгелерге де ұлағат етіп өткен болатын. Ұлының есімін Жәнібек деп қоюы да ұлағатты ұстазына деген адал көңілінің, кіршіксіз құрметінің айғағы екені анық.
Қадірлі Мекемнің өзі ардақ тұтқан абзал ағалары аз болған жоқ. Солардың бәріне де ақ-адал ниетімен құрмет танытты, кез келген сәтте іні болып қызмет етуге даяр жүретін. Әсіресе, Ғабдолла Құлқыбаев ағамызға ықылас-пейілі, құрметі ерен еді. Ғабекең қайтпас сапарға аттанғанда: «Ағаның арыстаны еді-ау, енді кімге еркелейміз, кімнен ақыл сұраймыз?!.» – деп қатты қамыға, дауысы дірілдей, көңілі босағаны әлі есімде.
Мейірхан ағам Қарағанды руханиятының қарыштап дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер жан Рымбала Кенжебалақызының абзал болмысын ардақтай құрметтеп, туған апасындай қастерледі. Бәрімізге де қамқорлығын аямаған аяулы апамыз да әнші ағамызды туған бауырындай жақын тұтып, өнерпаз азаматтың қадір-қасиетіне жете білді, қолдады, демеу болды.
Әнші ағаның келесі керемет қасиеті – достыққа адалдығы. Мағауия, Айташ, Құрмаш секілді аға-достарының ортасында ерке баладай еркін жүрді. Ағалары да еркелете білді. Оның сыры достардың бір-біріне деген берік сенімінде, кіршіксіз көңілінде еді. Олар бір-бірін қолдай білетін, бір-бірін қорғай білетін. Қиналса, демей білетін, ұмтылса, жебей білетін достар еді. Кез келген сәтте жанынан табылатын әзиз достары Мағауия мен Айташ ағалар дүниеден өткенде жапанда жалғыз қалғандай жаны күйзеле, құлази қайғырған сәттеріне куә болған едім.
Ал өзінің үзеңгілес әнші досы Жақсыкелді Кемалов ағамызбен арадағы достығы Арқа жұртына аңыз болғаны қашан. Екеуі қоңыр домбыраның қос шегіндей үндесе, күнделікті өмірде адал достықтың өнегелі жолын көрсетті. Өнер көгінде қос қырандай қатарласа самғады. Қиындықты көтерісті, қызық-қуанышты бөлісті.
Жақан ағамның тұңғышы Ақан кенеттен қайтыс болғанда, әнші ағаның қайғысына қалың елдің қабырғасы қайыса, ортақтасқаны да белгілі. Ал Мейірхан ағамның уайым-алаңы тіпті бөлек болған еді. Ақанжанды өз баласындай жоқтады. Сөйте жүріп, жан досына алаңдаумен болды.
Өкініштісі сол, Жақан досына алаңдап, уайым кешіп жүрген Мейірхан ағамның өзі жарық дүниеге қош айтып кетті. «Өмір болжаусыз, дүние жалған» деген осы шығар...
Мейірхан ағамның әр мінезінен адам алалауды білмейтін ақ-адал көңіл әрдайым аңдалып тұратын. Інілері мен қарындастарына деген ниеті қандай болса, келіндері мен күйеу балаларына да сондай ағалық сезіммен қарап, еркелете мейірленіп, ұдайы қамқорлық жасап жүретін. Жанына жақын тарта жақсы көрген бауырларының да, келіндерінің де есімдерін тура атамай, Қойлан, Аужан, Халкен, Баукен деп, еркелете ат қойып алушы еді.
Аға-досыма айналған Мекемді танып-білгеніме қаншама жыл болса да, ашуын сыртқа шығара, кісі баласына дауыс көтеріп ренжігенін көрмеген екенмін. Кімнің қателігін көрсе де, көңіліне ауыр тиіп қалса да, соның бәрінде сабырынан жаңылмастан, қас-қабақпен аңғартуға, иә болмаса, байыппен түсіндіруге ұмтылатын. Әйтсе де, парасатты қалпынан танбай, әр сөзіне қорғасындай салмақ арта, ойын жеткізген кезінде айтқан сөзі көңілге қатталып қалатын. Қауесет қаузап, өсек-аяң өршіту сияқты жұғымсыз тірліктен бойын аулақ ұстап, айналасына жақсы сөзден жылу шашып өткен еді ағамыз.
...Бізді алғаш таныстырған ән еді. Аға-достың әні еді... Абзал ағамның әнін алғаш естігенімде күз еді. Қазір де күз. Ызғарлы күз... Бәлкім, бұл күзге де Мейірхан ағамның жан жылуы жетпей тұрған болар. Кім біліпті?..
Құлағыма Мейірхан ағамның «Сағындым ғой...» деп әндеткен дауысы жеткендей. Елеңдей, терезеге жақындап едім, қарлы жаңбыр жауып тұр...
Қазақтың ұлан-ғайыр даласы да пейілі көлдей ағамды аңсап, көз жасын төгіп тұрғандай... Сағындым ғой, Аға!.. Пейіште нұрың шалқысын, Аға!
Аманжол ӘЛТАЙ