Әңгіменің әлқиссасын Маколей Калкиннен бастағанымыз бекер емес. Сол баланың қиқар қылығында не құдірет бар дейсіз ғой!? Біз мысалға алған жас актердің жұлдызды суреті норвегиялық экспрессионист суретші Эдвард Мунктың атақты «Айқай» картинасынан алынған екен. Кескіндемеде қанды қызыл аспан астында үмітсіз айқайлап тұрған адам мүсіні жазылған. Соны айна қатесіз қайталаған Кевиннің тапқырлығы комедияның негізгі кілтіне айналады. Әрине, мұнда режиссердің жеке шеберлігін айта кетпеске болмас. Мунктың туындысы өз алдына бөлек әңгіме, десе де сол даңқты картина мен комедиялық кинокартинаны байланыстырған фильм авторларына қайран қалмасқа шара жоқ. Тығырыққа тіреген қарақшылардың жоспарын 8 жасар баланың тапқырлығы тас-талқанын шығарады. Баланың айқайы афишаға айналады. Міне, киноның ұлылығы экран бетін жаулап алған баланың сотқар қылығында жатыр. Әлі күнге дейін сол образды көшіріп суретке түсетіндер жетерлік. Үлкенге де, кішіге де қызық көрініс. Бүгінде «айқай» синдромға айналып үлгерді.
Енді «сайтан алғырға» келейікші. Негізгі сөздің басы осы еді. Тақырып қызықты болуы үшін төбедегі мысалдан тарқатқанды жөн санадық. Естеріңізде болар, КСРО-ның халық әртістері Юрий Никулин, Анатолий Папанов, Андрей Миронов ойнаған Леонид Гайдайдың «Алмас қол» фильмі. Бізге орысша айтқанда «Бриллиантовая рука» деген атауымен ыстық. 1968 жылы түсірілген комедиялық фильм кеңес елдері ішінде кең таралды. Тіпті бүгінде Әзербайжан астанасы Баку тарихында өшпес із қалдырды десек артық болмас.
Бұл кинокартинаның авторлары Семен Семенович отырған круиз Ыстанбұл жағалауына аяңдап, сонда саяхатшылар 2 апта емін-еркін қыдырып келгендей қылып көрсетеді. Әрине, бұған сол уақытта экранның бергі бетіндегі қарапайым жұртшылық имандай сенді. Әйтсе де, бұл комедияға Түркияның түк қатысы жоқ. Аталған сюжет Баку көшелерінің бірінде таспаланған. Түсірілім 1968 жылдың сәуір айының соңында басталып, қараша айының ортасына дейін жалғасады. Кеңес Одағында алтын мен гауһар импортының тарихын растау үшін осындай қадамға барған «Мосфильм» киностудиясына бас имеске болмас. Кино – идеология құралы екеніне дау жоқ. Қараңызшы, сценаристер кейіпкердің қарапайым қызметкер ретінде суреттей отырып, елдің экономикалық басымдылықтарына сілтеме жасайды. Сол арқылы халықаралық саяси аренадағы кеңестік рубльдің рөлін екшейді де.
Қызығы да сол, аға экономист Семен Семенович Горбунков әйелінің қалауымен алғаш рет шетелге табаны тиіп отыр. Сондықтан көптен қалып қоям ба деп, сапарласы Геннадий Петровичтің қасынан қалмайды. Ал круиздегі көршісі – кәнігі контрабандист. Жоспар бойынша Геша көне шаһар көшесіндегі әлдебір дәріхананың алдында сүріне құлап, «сайтан алғыр» деуі тиіс. Бұл – құпия код. Әрі қарай сондағы тілі бөлек, тірлігі бір қарақшылар қағып алып, сол қолына гипс салады. Келіскендей арасына бағалы тастарды жасырмақ. Бұл шекарадан асудың жалғыз амалы. Әйтсе де бәрі өзгеше өрбиді. Ақыры Семен аузын ашып жүріп, алып шәріде адасады. Адасып қана қоймай, қапияда дәл сол дәріхананың алдында қарбыз тілігіне шалынады. Ол ол ма, тротуарға есінен тана құлайды. Құлап бара жатып ауызына «сайтын алғырды» да іле кетеді. «Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, ұрылар шатасып алтын-жауһарды экономистің қолына байлап береді. Сөйтіп қарапайым экономист қылмыстық топтың қытығына тиеді.
Шынында түсірілім кезінде тайып жығылуға ыңғайлы бананның қабығын табу мүмкін болмаған. Сондықтан режиссер оның орнына қарбызды пайдаланады. Ал тәтті қарбыз сол тұста Баку базарының сәні еді. Дегенмен, күні бүгінге дейін көрермен бұл детальға мән бермей келеді.
Никулин құлаған көше – Ичери-шехер ауданына қарасты Кичик Гала көшесі. Бүгінде туристер Бакуға бара қалса, алдымен осы ескі қалашыққа қарай тартады. Семеннің «сайтан алғырын» айтып, жантая жатып, суретке түспесе жаны жай таппайды. Негізі аталған аудан кинодағыдай адам адасып кететін жер емес, шынайы өмірде мүлде бөлек. Аумағы кең, ғимараттар да өте биік орналаспаған. Қазір сол маңға барсаңыз ретро стильде салынған «Сайтан алғыр» атты шағын кафені көресіз. Іші тола фильм көріністері. Қабырғаға ілінген әрбір сурет кеңес адамына нәзік ностальгия сыйлайды. Ең бастысы, мұнда Никулин, Миронов және контрабандист Каневский мен Шпигельдің фотогалереялары бар. Құдды, кино ішінде отырғандай күй кешесіз.
Маколейдің «айқайы» мен Никулиннің «сайтан алғыры» жыл айналған сайын кинолентадай көз алдынан өтеді. Әрбір кино сондай қызық та шытырман шағын сюжетімен мәнді емес пе? Алдымен қоғам санасына орнығады, сосын әдетіне айналады. Ал әдеттің уақыт сахнасынан оңайлықпен түспейтіні анық. Біз мысалға алған қос көрініс ұлы туындылардың өмірге әкелген актерлерге деген құрмет деп біліңіз, құрметті оқырман! Сол асқақ фильмдерді сағынсаңыз, қайыра көріп шығыңыз!