Шетелдік және отандық мамандар, әлемнің жетекші ғылыми және клиникалық орталықтарының ғалымдары мен тәжірибешілері түрлі тақырыпта баяндама жасады. Сонымен қатар Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандары шетелдік хирургтермен бірлесіп онкогинекология, маммология, торакальды онкология бойынша шеберлік-сағаттар өткізді.
Съезге онлайн режімде қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов елімізде онкологиялық көмекті жетілдіру Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының және онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспардың міндеттерін іске асыру шеңберінде жүзеге асырылатынын атап өтті.
«Бүгінгі таңда отандық онкология практикасына ісіктерді ерте диагностикалау мен емдеудің молекулалық-генетикалық, иммуногистохимиялық зерттеулер, таргеттік терапия, жоғары технологиялық сәулелік және химиотерапия, иммунотерапия, ең аз инвазивті, лапороскопиялық, ағзаны сақтайтын операциялар сияқты қазіргі заманғы әдістері кеңінен енгізілген. 2008 жылдан бастап жатыр мойны обырын, колоректальды обырды, сүт безі обырын скринингтеу бағдарламалары іске асырылуда. Елімізде онкологиялық көмек инфрақұрылымын дамыту жалғасуда, 2019 жылы Павлодарда жаңа онкологиялық орталық іске қосылды. Былтыр Маңғыстау облысында онкологиялық орталықтар салынды. Жамбыл облысында жаңа онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталуда. Барлық клиникалар заманауи емдеу-диагностикалық жабдықтармен: желілік үдеткіштермен, КТ және МРТ аппараттарымен, эндоскопиялық жабдықпен жарақталады, Алматы, Өскемен, Атырау, Павлодар қалаларында жаңа желілік жылдамдатқыштар орнатылды. Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ПЭТ-диагностика орталықтары табысты жұмыс істейді. 2022 жылдың соңына дейін Нұр-Сұлтан, Семей, Шымкент қалаларында және Ақтөбе облысында қосымша ПЭТ-орталықтарын ашу жоспарланған. Биыл сәуірде Семей қаласында радиоизотоптық диагностика мен радионуклидтік терапияны қолдана отырып, Қазақстандағы алғашқы ядролық медицина орталығы ашылды. Радийодтерапиямен емдеуді жүргізу басталды. Онкологияда көрсетілетін көмек пен кадрларды даярлау сапасына қойылатын талаптар едәуір артты. Өйткені тіпті ең жоғары сыныпты аппаратураны да даярланған мамандарсыз тиімді пайдалану мүмкін емес. Қазақстанда қатерлі ісікті зерттеу бойынша халықаралық ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Осы ынтымақтастықтың нәтижесі 15-тен астам елдің халықаралық сарапшыларының съезд жұмысына қатысуы болып табылады. Қазақстан онкологтері мен радиологтерінің VIII съезі аясында қазақстандық және шетелдік мамандар арасында тәжірибе мен білімнің, онкология саласындағы соңғы ғылыми жетістіктердің алмасуы өтетініне, бұл жалпы алғанда, еліміздің тұрғындарының денсаулығын нығайтуға қызмет ететініне сенім білдіремін», деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Ал Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой пандемияның күрделі кезеңіне қарамастан, ғалымдар мен дәрігерлер өз жұмыстарын жалғастырып, қатерлі аурулармен күресудің жаңа тәсілдерін іздестіруде екенін айтып өтті.
Гибридті форматта офлайн және онлайн режімде өткен съезд жұмысына Франция, Испания, АҚШ, Түркия, Корея, Грузия, Ресей, Украина және ТМД елдерінің жетекші ғылыми және клиникалық орталықтарының ғалымдары мен тәжірибелі онколог-мамандары, сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сабитов, облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов, Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы, «Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» АҚ басқарма төрайымы Диляра Қайдарова қатысқанын айта кетелік.
Басқосу бағдарламасында онкологиялық қызметті ұйымдастыру, аурулардың алдын алу және ерте диагностикалау, ісіктердің молекулалық биологиялық ерекшеліктері, сәулелік диагностика, хирургияның заманауи жетістіктері, скринингтік бағдарламаларды іске асыру, қатерлі ісіктердің дамуы мен эволюциясындағы ғылыми жаңалықтар сынды заманауи онкологияның өзекті мәселелерінің кең ауқымы қамтылды.
Академик, профессор, ҚазОжРҒЗИ басқарма төрайымы Д.Қайдарова съезд шеңберінде еліміздің және шетелдік мамандар арасында тәжірибе алмасу өнімі алынған білім кең тәжірибеге енгізілетінін айтты. Сондай-ақ съезде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Украина елдерінің онкологиялық қызметтерінің басшылары сөз сөйледі.
Айта кетелік, Түркістан облысында биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша қатерлі ісіктен пайда болған аурушаңдылық көрсеткіші – 79,6, яғни
1 227 науқас. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7,7%-ға өскен. Дегенмен өлім-жітім көрсеткіші төмендеген, яғни биыл 696 жағдай тіркелген. Өткен жылдың осы мерзімінде 733 жағдай орын алған. Қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтау көрсеткіші 9 айдың қорытындысы бойынша 17,6%-ды құрады (215 жағдай), бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 4,9%-ға жоғарылаған.
ТҮРКІСТАН