Тізімдер
Жат жерде мәңгі қалған қазақстандық жауынгерлердің толық тізімі (Германия аумағындағы 6228 адам, Австриядағы 1000-нан астам адам)Германияда жерленгендер - көшіріп алу Австрияда жерленгендер-көшіріп алу Тағы қайдан іздеуге болады?Әдістемелік нұсқау
Атам қазақта: “Іздер, сұрарың бар ма?” деген сөз бар. Астарына үңілсең, көп нәрсені ұқтырады. Бұдан кейін “Өлі риза болмай, тірі байымайды” дегенді және қосып қояды. Осыдан 65 жыл бұрын аяқталған сұрапыл соғыстың жарасы әлі жазылар түрі жоқ. Шейіт кеткен миллиондаған адамның дерегін әлі іздеумен келеміз. Бұрын ортақ арнада тірлік жасасақ, енді тәуелсіз Отанымыздан аттанып, хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздеу жалғасуда. Соның бір айқын дәлелі, “Арманда кеткен боздақтар” және Петер Сикелдің “Естелік кітабы” дер едік. Алғашқы кітаптың жарық көруіне Германиядағы Қазақстан елшілігі ұйытқы болыпты. Бұл естелік кітап – сол сұрапыл соғыс жылдары Қазақ елінен әскерге шақырылып, түрлі себептермен тұтқынға түскен, нацистік лагерлердің барлық зұлымдықтарын бастан кешкен, ақыры сол жерде соңғы демі таусылып, туған жерінің бір уыс топырағы бұйырмай, жат жерде мәңгілікке қалып қойған 6228 жауынгердің аты-жөні, туған күні, айы-жылы, ұлты, қай өңір, қай қаладан барғаны, өмірден түңіліп көз жұмған уақыты, ажал лагері, жерленген жері туралы жан-жақты мәлімет береді. Алғысөзін жазған Германиядағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Н.Онжанов: “Осы қан төгіс соғысқа 1,2 миллионнан астам қазақстандықтар қатысты. Олардың 600 мыңға жуығы қан майданда қаза тауып, нацистік лагерлерде құрбан болды. Соғыс тұтқындарының ащы да қайғылы тағдырларына дәлел болар көптеген мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттер жиналды” деп соның нәтижесінде “Арманда кеткен боздақтар” атты естелік кітаптың шыққанын, тұтқында қаза болған бауырларымызды іздестіру жұмысының жалғаса беретінін, бұл тізім соңғы тізім емес екенін алға тартады. Ал “Қазақ елі ардагерлер ұйымы” қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің мүшесі, соғыс ардагері, қоғам қайраткері М.Сағдиев кітапты қарап шыққанын айтып, “Бұл кітап қаза тапқандарды еске алып, қайғыру ғана емес, сонымен қатар, олардың дүние жүзі халықтарының бостандығы жолындағы ерліктерін мақтаныш ету. Олар болмаса жеңістің өзі де, демек сіз бен біздің болашағымыз да болмас еді” деп сөз аяғын түйеді. Саксон Мемориалдары бірлестігі құжаттама орталығының қызметкерлері д-р Клаус Дитер Мюллер, Александр Харитонов “Қайтарылған рух” атты шағын жазбаларында: “Сіздердің қолдарыңыздағы кітап – екінші дүниежүзілік соғыста миллиондаған отбасы тап болған қайғы-қасірет туралы қабырғаны сөгер естелік. Майданда қаза тапқан жақынының қазасы отбасы үшін орны толмас ауыр қайғы болса, “хабарсыз кеткен” деген суық сөз, жақын адам тағдырының еңсені езер белгісіздігі мүлде ұмытылмайды. Әрқашан үміт ұшқыны сөнбеген, сөнбейді де, мүмкін әлі кездесіп қалармыз деген сенім жоғалмайды” дей келіп “Өкінішке орай, біздің қолымыздағы құжаттар бойынша адамның тағдыры қалай аяқталғанын анықтау әрдайым мүмкін бола бермейді. Мысалы, кейбір карточкаларда адамның қаза болғаны туралы белгі бар, бірақ оның соңғы тынысы біткен жері көрсетілмеген. Ал қайсыбірінде қайтыс болғаны туралы белгі жоқ, тағдыры қалай болғаны да көрсетілмеген”, деп өздері іздестіру жұмыстарын әлі жүргізіп жатқанын, Қазақ елі азаматтарының белгісіз кеткен бауырларын жоқтау жолындағы тынымсыз тірліктеріне ризалығын білдіріп, атақты қолбасшы Суворовтың: “Соғыс –соңғы жауынгер жерленгенде ғана аяқталады”, деген сөзінің әлі құнын жоймағанын алға тартады. Бұл кітапта белгісіз жауынгерлердің анықталған аты-жөнімен қатар, өзге де көптеген деректер бар. Екінші кітаптан Австрияда жерленген қазақтар туралы мәліметтермен танысуға болады. Құнды дүниеге жазған алғысөзінде сол мемлекеттегі Төтенше және өкілетті елшіміз Ержан Қазыханов екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастың алтын арқауындай бұл кітапта қазақстандық жауынгерлер туралы алғаш рет мәлімет беріліп отырғанын атап өтеді. Австрия Республикасының Федералдық ішкі істер министрі маг. д-р Мария Фектер осы уақытқа дейін қазақ топырағынан келіп қаза тапқандар саны 500 шамасында делініп келсе, Петер Сикелдің зерттеуі бойынша, екі есе көбейгенін айтады. Кітап авторы бұл қанқұйлы соғыс 40 миллионға жуық адамның өмірін жалмағанын айта келіп: “Соғыста қаза тапқан әрбір жан мағынасыз қайғы-қасіретті және қайтыс болған миллиондаған адамдарды есімізге салып отыруы қажет. Біздің жоғалтқанымызды ешкім ешқашан қайтара алмайды. Бірақ туыстары үшін әкелерінің, аталарының және өмірлеріндегі ең жақын адамдарының соңғы тыныштық тапқан жері туралы ұзақ уақыт күттірген хабарды алу оларға жалғыз ғана моральдық жұбаныш болып табылады. Әскери бейіттер бейбітшілік пен татуластық, жаңа соғыстарды болдырмау символы ретінде өзара құрметтеу мен адамдардың бірін-бірі жақсырақ түсінуіне ықпалын тигізетін болсын. Осындай жағдайда ғана бұл құрбандықтардың бекер болмағаны туралы батыл айтуға болады”, дейді. Міне, қапыда кеткен бауырлар туралы екі кітап жарық көріп отыр. Онда тасқа басылған мыңдаған адамның тізімін жіті қарап отырсаң, белгісіз солдаттар белгілі болып, өздері оралмаса да аты-жөндері елге жетіп, рухы жаңғырып тұр. Осы арада оларға көрсетер құрмет туралы қазақтың жауынгер ақыны Әбу Сәрсенбаев былай деп кеткен еді: “Бізді жалмамақ болған ажалды өр кеудесімен қақты. Ол арыстанша алысты, өлім соққысын өз үстіне алды. Денесін оқ пәршелесе де ел намысын қорғап қалды. Сен құрметте оны! Түсіндің бе, қарағым?”. Сүлеймен МӘМЕТ.
Тағы қайдан іздеуге болады?Әдістемелік нұсқау http://obd-memorial.ru сайтынан. Бұл сайт соғыста және одан кейін жоғалғандардың ең үлкен электрондық қоры, Ресей Үкіметінің тікелей нұқсауымен жасақталған. Қордан келесідей тәсілдермен іздеуді ұсынамыз. Мысалы, "Жәдігеров" деген фамилия "Жадыгеров", "Жадигеров", "Ядигаров", т.с.с. вариациямен кете беруі мүмкін. Бұл әсіресе, майданға резервтен емес, бірден шақырылған боздақтарға байланысты. Кейбір адамдардың аты-жөні дәл құжатындағыдай емес, естілуі бойынша жазылуы әбден мүмкін. Егер ізделінді аты-жөні дауысты дыбыстан басталса, онда да бірнеше вариациямен көруіңізді өтінеміз, мысалы: "Оймауытов" - "Аймауытов", тіпті - "Иматов" боп кетуі мүмкін.
Зор құрметпен: "Егемен Қазақстан" газетінің редакциясы