Әрбір жеке ұлт үшін теңдессіз бақыт оның әлем мойындаған тәуелсіз ұлттық мемлекеттілігінің жариялануы және оның қалыпты өмір сүру құқығының сақталуы. Бұл аксиома адамзат қоғамының тарихи дамуы дәлелдеген шындық.
Тәуелсіз ел болу арманы жүзеге асып, дербес даму жолындағы мемлекет құрудың отыз жылдығын еңсерген еліміздің егемендігі жайында Президент: «...Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық», деді.
Бейбіт өмір ғана адамзат ұрпағын жасампаздыққа құлшындырады, оның жаратылысындағы еңбекпен келетін руханилықты шабыттандырады, ол өз кезегінде әрбір қоғамның дамуы мен өркендеуіне кепілдік береді. Мұның бәрі қазіргі замандағы адамзатқа ортақ проблемалар – жер шарының түкпір-түкпірінде болып жатқан саяси-әскери қақтығыстармен қоса, пандемия жағдайында, азаматтардың өз Отаны мен мемлекетіне деген сенімділігін арттырып, көзінің қарашығындай сақтауға, бағалауға мүдделі болатынын көрсетіп отыр.
Ғылыми танымның ақпараттық технологияны дамытқан зор мүмкіндігі «жабық шымылдықтар» тасасында өмір сүретін мемлекеттер мен қоғамдардың келмеске кеткен дәуірін көз алдымызға әкелуде. Осынау ақпараттық жаһандану үрдісінің ғажайып әлеуеті ендігі мемлекеттік дамудың барлық саладағы күретамырына айналатынын Мемлекет басшысы жан-жақты ашып көрсетеді: «... Қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі – барынша цифрландыру. Қазақстан үшін заманауи цифрлы технологиялар трансферті, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу айрықша маңызды. Біз шетелдегі стратегиялық серіктестерімізбен белсенді жұмыс істеуге тиіспіз. Сонымен бірге, отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет» деп, осы салаға барынша көңіл бөлуді тапсырды.
Еліміздегі электронды құжат айналымы, электронды үкімет құру өзгерістерінің цифрлы Қазақстан дамуымен жалғасуы өз нәтижелерін беріп, стихиялық түрлі апат жағдайында қашықтан онлайн білім алу, денсаулық сақтау мәселелерінде біршама тәжірибелерге қол жеткізілгені мәлім. Бұл салада атқарылатын жұмыстармен қатар мамандарды даярлау, оқыту және олардың жалақыларын, әлеуметтік мәселелерін көтеру де өзекті. Мәселен, елімізде архив ісі саласынан бірнеше білім беру бағдарламаларын жүргізетін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі ақпараттық технология, архивтану және құжаттану мамандығын даярлау қоғам сұранысына бейімделген жаңашылдығымен де беделді. Жолдауда көрініс тапқан архив саласы қызметкерлерінің жалақыларын көтеру қоғамның осы мамандарға деген сұранысын толықтыра түсері сөзсіз.
Жолдаудың еліміздің ғылым саласын дамытуға арналған тұстары ерекше назар аудартады. Ғылым саласындағы түйткілдерді дер кезінде шешудің маңыздылығы айтылып, «...Ең алдымен, жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн. Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырдым. Құзырлы министрлік осындай ғылыми мекемелерді іріктеудің және қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлеуі керек» дей келе, Президент ғылыми грант мерзімін ұзарту, Апелляция институтын енгізу қажеттігіне тоқталды.
Жолдауда ұлттық экономиканы, ауыл шаруашылығын, бизнесті, еңбек нарығын реттеу, азаматтардың әлеуметтік қорғалуы, денсаулық саласын жақсартудың өзектілігі нақтылы жоспарлармен қарастырылады.
Бұл көтерілген мәселелердің барлығы еліміздің тыныштығымен, тұрмыс-тіршілігі өзара сыйластыққа негізделген халқымыздың биік парасатымен жарасымды үндестік тапқан.
Гүлбану ЖҮГЕНБАЕВА,
тарих ғылымдарының докторы