Білім • 19 Қазан, 2021

Мазмұн мен сапаға мән берілсе

303 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазір ХХІ ғасыр – білімнің заманы. Білімсіз ешқайда бара алмаймыз. Сондықтан білім сапасын жақсарту мақсатында көптеген өзгеріс жасалуда. Соның бірі – білім беру платформаларының еліміздің экономикалық дамуына да тигізер әсері мол. Қазақстанда жекеменшік ондаған білім беру платформалары бар. Бірақ оның көпшілігі көршілес ресейлік плат­формалардан материалдардың түрлі нұс­­қаларын сол күйі алып, атауын ғана өзгерте салған жобалар.

Мазмұн мен сапаға мән берілсе

Оны кө­ріп те, біліп те жүрміз. Елі­міз­дегі бі­лім ала­тын оқушылар үшін онлайн бі­лім беретін оңтайлы шешімдерді қарас­­тырған платформалар санаулы. Со­ның бірі – қазақстандық Daryn.Online платформасы. Жоба мақсаты – уақыт пен қашықтыққа тәуелсіз үздік білім платформасын көпшілікке ұсыну. Қазақ­стандағы өз саласы бойынша еңбегі кө­рінген білікті ұстаздарды жинап, бей­несабақтар түсірілді. Кез келген пәннің ішіндегі тақырыпты оқушыға 5-7 минут аралығында жетік түсіндіреді. 2019 жылы Білім және ғылым министрлігінің мамандары мектептерге онлайн білім алуға болатын платформалардың бірі ретінде таңдады. Жоба карантин кезе­ңінде толық ақысыз режімде көпшіліктің игілігіне ұсынылды. Алайда қазіргі уақытта бұл платформалар ақылы түрде қызмет көрсе­теді. Соның салдарынан, біріншіден, қол­данушы оқушылар, мұ­­ға­лімдер сирек пайдалануда. Бұл білім беруші мекемеге де байланысты, себебі келісімшартқа қол қойылмаса бе­рілген мүмкіншіліктер білім алушылар мен ұстаздарға қолжетімді бола бермейді. Екінші жағынан, еңбекті баға­лау да маңызды. Қанша дегенмен, Қазақ­станның әр аймағындағы білікті ұста­з­дармен байланыс жасап, офлайн білім алуға мүмкіндік беріліп, табысқа жетіп те жатыр.

Платформаның барлық пән бойын­ша слайды, видеосабақтары, сабақ жоспарлары, БЖБ, ТЖБ, шығармашы­лық виртуалды тапсырмалары және т.б. ресурс­тары бар. Білім қоры үлкен. 2021 жылы жоба қарқынды дами келе Daryn Teacher мен Daryn Tutor платформалары да іске қосылды. Қолдану мүмкіншіліктері артты. Платформада еліміздегі кез келген ұстаз репетитор ретінде тіркеліп жұмыс істей алады. Әри­не, жұмыс барысы арнайы шарттарға сәйкес болуы қажет.

Соңғы жылдары білім платформалары мен сайттарында ақылы курстар, олимпиадалар, диплом, ақылы сертификаттар алу мүмкіндіктері көбейді. Бұл бір жағынан тәжірибе алмасуға пайдалы, екінші жағынан білімнің сапасыздануына алып келеді, яғни біліктілікті растайтын құжаттардың қолжетімді бо­луы артуда. Мұғалімдер аттестаттаудан өтуі үшін портфолиоға сертификаттар жинап, кейіннен ол құжаттардың да жарамайтындығы анықталды. Бірақ тиісті органдар оны да басты назар­ға алды. 2021 жылдан бастап оқу жылына арнайы кәсіби даму сайыстары, оқушылардың заман талабына сай қа­лыптасуына арнал­ған министрлікпен бекітілген сайттар, са­йыстар, білім платформалары мен орталары бар. Мемлекет цифрландыруға кө­шу мақсатын да өзі ұсынып отыр.

Онлайн платформа – қажет дүние. Дегенмен, қолданыстағы платфор­ма­лар­дың кемшілік тұстары да жетерлік. Қазір бәріміз цифрлы орталар мен құ­рыл­ғыларға тәуелдіміз. Қазақстандық на­рықта білім платформалары өте аз. Мы­салы, BilimLand платформасының маз­мұнына келетін болсақ, ресурстық қоры тым аз және жаңартылған білім мазмұны бойынша толықтай барлық пәндер бойынша өзгертілмей ескі контентпен берілгендіктен, оқу үдерісінде кең көлемде қолдануға мүмкіндік бере бермейді. Сондықтан, ресурстарды жа­ңартып отыру өте маңызды. Білім алу және білім беру негізінде бұл плат­формалар­ға қызығушылықтарын арттыру мақса­тын­да бір мезетке жаппай қолжетімді бо­лу үшін мүмкіндігінше тегін жазылым болғаны абзал. Серверлердің техника­лық мүмкіндігін кеңейту мен сапалы видео контенттер, ресурстарды толықтырып жаңартып отыру қажет. Мұндай плат­формалардың заман талабына сай дамуы, пайдалы, қолжетімді болуы сіз бен біздің қолымызда. Пәнге байланыс­ты ақпараттарды платформаларға енгізу барысында кейбір кіріккен сөздерді тура мағынада аудармай, қазақ тілінде мағыналы, сауатты жеткізуге көп көңіл аудару қажет. Болашақ ұрпақтың ана тілінде кез келген пәнді еркін ойымен мағыналы әрі сауатты жеткізе білуі қажет әрі міндетті. Неге оқу платформаларының контенттерін жаңартып отырмасқа?! Мысалы, ҰБТ-ға дайындық деген арнайы бөлімдер орналастырылған. Дайын тесттік тапсырмалардың талапкерлер­дің білімін жетілдіріп ҰБТ-ға дайындалу­ға мүмкіншілігі төмен. Пәндер арасында байланыс жоқ, қазіргі жекелеген кон­тенттер жаңа мазмұнмен толықтай ен­гізілмеген. Платформаны жасаушы ұйым­­дардың жұмысы сапалы, қолжетімді болуы үшін, мектеп мұғалімдерімен неге байланыста болмасқа?! Қазір жа­ңар­тылған білім мазмұны бойынша жа­салған оқулықтар ғылыми бағытқа не­гізделген. Сондықтан білім беру плат­формаларындағы білім беру ресурс­тары ғылыми бағыттарға негізделіп жаңар­тылса дейміз. Білім беру жүйесінде со­ны­мен қатар жаратылыстану-мате­ма­тикалық бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде өткізу қолға алынуда. Осы мақ­сат­та ағылшын тіліндегі контенттерді де платформаларға қосу қолға алынса деймін. «Сын түзелмей, мін түзелмейді», «Көш жүре түзеледі» демекші, жоға­рыда айтылған артықшылықтар мен кем­шіліктер ескеріліп, оқу платфор­ма­ларының мүмкіншілігі жоғары деңгейде болады деген сенім білдіремін.

 

Айзада ӘБДІЖАППАРОВА,

Нұр-Сұлтан қаласындағы №82 «Дарын» мамандандырылған лицейі информатика пәнінің мұғалімі