Журналистік жолымды бастап, табаны күректей жиырма екі жыл бойы тер төккен, ыстығына күйіп, суығына тоңған Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газеті мен үшін ерекше ыстық. Сол қарашаңырақта болып жатқан шығармашылық ізденіс пен өзгерістерге үнемі құлақ түре жүремін. Кезінде негізін Мұхамеджан Сералин, Бейімбет Майлин сияқты ұлтымыздың біртуар ұлдары салған үнпарақта сол асыл ағалардың жалғасындай болған талай қарымды қаламгерлер қазір де еңбек етеді. Солардың бірі – «Қостанай таңы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі Сәлім Меңдібаев.
– Бүгінде мен өзімді кезінде Би-ағаң атқарған жұмысты жалғастырып жүргендей сезінемін. Ал бұл ерекше жауапкершілік, – дейді әріптесім.
Сондықтан да болар, осы ұжымда қырық үш жыл бойы абыройлы еңбек етіп келе жатқан Сәлім Тоқмырзаұлы үнемі жаңа бір бастамаларға мұрындық болып жүреді. Ана бір жылдары редакция тіршілігіне ерекше бір серпін берген газеттің жастарға арналған «Намыс», әйелдерге арналған «Ақсұлу», тарихи-танымдық «Зерде» қосымшаларын осы Сәкең өзі бас болып, оқырмандар назарына ұсынды.
Өткен 2013 жылы жазушы-журналист қаламынан үш бірдей тамаша кітап «Қостанай таңының» кітапханасы» сериясымен дүниеге келді.
Бірінші кітап «Тұмарымыз – Түркістан» деп аталады. Оған автордың жетекшілігімен осындай айдармен газет бетінде жарық көрген очерк, деректі әңгімелер мен жолжазбалар топтастырылған. Бұл күндері қасиетті Түркістанда Қостанай-Торғай өңірінен шыққан тоғыз бірдей баһадүр бабамыздың жерленгені белгілі болып отыр. Олар: Шақшақ Жәнібек, Қарабалуан Алдиярұлы, Мешітбай Сүгірұлы, Мерген Бабасұлы, Бекбаулы Өтейұлы, Әлібек Құдайбердіұлы, Айтпай Аткелтірұлы, Шобан Жаманқұлұлы, Мадияр Жауғаштыұлы. Бұлардың бәрі кешегі Жоңғар шапқыншылығы кезінде Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін қан мен тер төккен тарихи тұлғалар. Сол бабалар ерлігін насихаттауда бұл тарихи-танымдық туындының алатын орны ерекше.
Автордың екінші кітабы «Біздің елдің жігіттері» деп аталады. Бұл еңбекте есімдері бүкіл елге әйгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаров, ғұлама ғалымдар Өмірзақ Сұлтанғазин, Жұмағали Ысмағұлов, Сағындық Сатыбалдин, Жанкелді Отарбаев, ауылшаруашылық өндірісінің көшбасшылары Жәзит Құдайқұл, Сайран Бұқанов, Өмірзақ Ихтиляпов сияқты талай танымал азаматтардың бейнесі сомдалады.
Ал «Армысың, алтын таң!» атты кітап шыға бастағанына тоқсан жылдан астам уақыт болған «Қостанай таңында» соңғы он-он бес жыл көлемінде жарияланған Сәкеңнің таңдамалы шығармаларынан тұрады десек, қате айтқандық болмас. Бес тараудан тұратын туындыда журналистің әртүрлі тақырыпты қамтыған ой-толғамдары өз оқырманын табады деп кәміл сеніммен айта аламыз.
Журналистік алғырлығы мен жазушылық шеберлігін танытқан әріптесіміз бұдан бұрын да «Жүрек лүпілі», «Еменнің айыр бұтағы», «Мөп-мөлдір дүние», «Еркімбайдың Сұлтаны», «Терең тамыр» атты кітаптар жазып, жариялаған болатын. Ал «Қостанай таңының» кітапханасы» сериясымен шыққан соңғы үш туындысы әріптесімізді биік тұғырға көтерген келісті еңбек болып есептеледі.
Қайсар ӘЛІМ,
«Егемен Қазақстан».