Әлемдік қаржы рыногында доллар бағамының төмендеуі АҚШ экономикасының көтерілуіне алып келді. Долларға қарағанда басқа ұлттық валюталар бағамының көтерілуі көптеген елдердің экономикасына кері әсерін тигізе бастады. Осыдан келіп, соңғы уақытта 22 дамушы елдің ұлттық валюталары әлсіреді. Әлемдік экономикаға барынша интеграцияланған Қазақстан бұл жағдайдан сырт қала алмады. Осыған байланысты қаржы реттеушісі ретінде Ұлттық банк теңге бағамын өзгерту туралы шешім қабылдады. Ел экономикасы үшін, отандық тауар өндірушілер үшін бұл өте тиімді қолдау болып табылады. «АЛЗ» ЖШС осы жағдайға байланысты өзіне қатысты 2-басымдықты ерекше атап өтеді. Біріншіден, біздің серіктестіктің несиелік міндеттемелерінің бәрі ұлттық валютаға негізделген. Біз доллар бағамының ауытқуына тәуелді емеспіз. Сонымен қатар, экспортқа шығаратын өнімдерімізден түсетін кіріс АҚШ доллары есебінен болады.
Екіншіден, біз табысымыздың 90 пайызына жуығын экспортқа шығаратын болат бұйымдарымыздың есебінен аламыз. Сортты және қалыпты прокаттарды біз соңғы уақытта ішкі рынокқа да көптеп шығара бастадық. Міне, нақ осы ішкі рынокта біздің өнімдеріміз импорттық өнімдермен бәсекелестікке түсе алмай қалды. Себебі, импорттық арзан өнімдер біздің шығарған өнімдеріміздің өзіндік құнының қымбаттауына ықпал етті. Теңге бағамының өзгеруіне байланысты енді «АЛЗ» ЖШС шығаратын болат прокаттар ішкі рынокта импорттық өнімдерге қарағанда бәсекеге қабілетті болады. Теңге бағамының өзгеруіне байланысты импорттық өнімдердің бағасы қымбаттап, олардың отандық рынокқа көптеп келуіне тосқауыл қойылады. Бұл отандық тауар өндірушілерді қорғаудың ең тиімді жолы болмақ.
Осы ретте айта кететін ерекше мәселе, Үкімет әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттамауына барынша бақылау жасауы керек. Бұл ретте өзіміздің елімізде өндірілетін энергетикалық қуат көздерінің бағасын тұрақтандырудың маңызы ерекше. Егер газ, жылу және электр қуатының бағасы тұрақты болатын болса, отандық тауар өндірушілер ешқандай қосымша шығынға ұшырамайды. Өз кезегінде олар өндіретін тауарларының бағасын қымбаттатпайды. Сондықтан ішкі рынокта алыпсатарлыққа жол бермеу басты міндет болып табылады.
Сәуле БАЙМҰХАМБЕТОВА,
«АЛЗ» ЖШС-нің қаржы директоры.