Қазақстан-Франция Іскерлік кеңесінің кезекті отырысында сөз болды
Еліміздің Сауда-өнеркәсіп палатасының қолдауымен кеше Тәуелсіздік сарайында Қазақстан-Франция Іскерлік кеңесінде екіжақты қарым-қатынастарға кедергі болатын проблемалар тарқатылып, ынтымақтастықты арттыруға қажетті тетіктер жан-жақты сөз болды. Француздық іскерлер Қазақстанмен өндірістік, инвестициялық, технологиялық және сауда әріптестігіне мүдделі. Соның бір дәлелі ретінде Франциядан ірі бизнес-делегацияның келуін атап өтуге болады. Елімізге 40-қа тарта белді компания мен экономикалық ұйымдар өз өкілдерін жіберсе, солардың кейбірі қазіргі таңда біріккен инвестициялық жобалардың қатысушылары («Тоталь», «Альстом», «Арева», «Вика», «Шнайдер Электрик», «Санофи» және басқалары). Ал аталған шараға қазақстандық тараптан ұлттық компаниялар, экономикалық және ғылыми-зерттеу ұйымдарының 50-ден астам өкілі келіп қатысты. Жалпы, кеңес отырысының негізгі бөлігі «Қазақстан мен Францияның ынтымақтастығы. Ғылыми қамтымды экономикалық дамудың моделі» деген тақырыпта өтті. Онда алдымен Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Қазақстан-Франция Іскерлік кеңесінің экономикалық ынтымақтастық жөніндегі тең төрағасы Әсет Исекешев құттықтау сөз сөйледі. Кеңес отырысы осымен алтыншы рет өткізіліп отырғанын сөз еткен тең төраға 2012 жылдың көрсеткіші бойынша Франция сауда-экономикалық әріптестікте бесінші орында екенін және өзара сауда көлемі 6 миллиард АҚШ долларына жеткенін атады. Ал инвестиция салуда Франция төртінші тұғырдан көрініп отыр. 2005 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Франция еліміздің экономикасына 10 миллиард доллардың тікелей инвестициясын құйыпты. Қазіргі таңда Қазақстанда 150-ге тарта француздық компания жұмыс істеуде. Тек соңғы бес жыл ішінде еліміздің индустрияландыру бағдарламасы бойынша келіп жұмыс істей бастаған компаниялар да жеткілікті. Қазақстан-Франция Іскерлік кеңесінің тең төрағалары «Визор Холдинг» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Кәріпжанов пен «Total» компаниясының бас директоры Ив-Луи Даррикаррер де сөз сөйледі. И.Даррикаррер өз сөзінде қазақстандық әріптестерімен бірге жұмыс істеп келе жатқандарына жиырма жылдан астам уақыт болғанын, Қазақстан Орталық Азиядағы басты экономикалық державаға айналғанын ерекше атады. Қазақстанға инвестиция салуда француздар алдыңғы лекте келеді. Оның айтуынша, делегация құрамындағылардың 25 пайызы бірінші рет қазақ жеріне аяқ басыпты. Ондағы мақсат – Қазақстан туралы жан-жақты ақпарат жинап, екі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қосу. Іскерлік кеңесінің екі елде кезек өткізіліп тұратынын алға тартқан А.Кәріпжанов елордадағы осы шараға қазақстандық компаниялар өкілдерін барынша көптеп қатыстыруға мүмкіндік туғанын айтты. Бұл ретте, Франция еліміздің Еуропадағы стратегиялық әріптесі екені де ерекше атап өтілді. Сондықтан да кеңес жұмысы барысында жергілікті үлесті арттыру, зияткерлік меншікті қорғау сияқты проблемалар талқыға түсуде. Бұдан кейін қатысушыларға Франция Сыртқы сауда министрі Николь Бриктің бейне-үндеуі көрсетілді. ҚФІК-тің тең төрайымы болып табылатын Брик ханым өз сөзінде Францияның сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға және ЭКСПО-2017 жобасына қатысуға мүдделі екенін жеткізді. Франция үкіметі Астананың болашақ дамуындағы экологиялық таза «жасыл» қала ретіндегі жобаларын әзірлеуге қаржы бөліп отырғаны да атап өтілді. Артынан талқылау үш пленарлық сессияда: «Адами ресурстар және өндірісті оқшаулау», «Астана ЭКСПО-2017» жобасы», МЖӘ жүйесі және көпжылдық мемтапсырыс», «Кеден одағы мен БСҰ» деп аталған тақырыптарда жалғасын тапты. Оларда «Астана ЭКСПО-2017», «Қазақстан темір жолы», «Қазақстан ғарыш сапары», «Самұрық-Энерго», «Қазақстан Инжиниринг», «Бәйтерек» ҰБХ және Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылары баяндама жасады. Сондай-ақ, аталған шараға «Самұрық-Қазына» ӘАҚ, «ҚазМұнайГаз», «Қазақтелеком», «ҚазАгро», «Қазпошта», «Қазақстан Даму банкі», «Назарбаев Университеті» және өзге де құрылымдар өкілдері қатысты. Жалпы, Іскерлік кеңесі жұмысынан екі жақ та тиімді шешімдердің болғанына мүдделі екендігі байқалды. Ал шара барысында француздық делегация өкілдері Қазақстан үкіметі мүшелерімен кездесулер өткізуге мүмкіндік алды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».Басылым • Бүгін, 08:48
Бас қалаға арналған балалар байқауы
Байқау • Бүгін, 08:45
Қоғам • Бүгін, 08:42
Жас экологтердің озық жобалары
Жоба • Бүгін, 08:40
Ғылым • Бүгін, 08:38