Әлем • 19 Қазан, 2021

Жаңа халықаралық тәртіптің бес нұсқасы

803 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

МАДРИД. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жаһандық институционалдық тәртіп ескірген. Бұл таңғаларлық жаңалық емес. Реформаның қажет екені бұрыннан белгілі еді. Дегенмен өзгерістерді көптеген адамның ойлағанынан да жан-жақты әрі шұғыл жасау керек. 

Жаңа халықаралық тәртіптің бес нұсқасы

Оның себебін анықтау қиын емес. Билік жаңа (және бұрынғыдан да көп) ойыншыларға тиесілі. Әсіре­се мемлекеттік емес ойыншылар үл­кен ықпалға ие. Халықаралық ынтымақ­тастық нақты ережелер мен келісімдерге негізделген қатаң құқықтық тәсілден жұмсақ заң мен өзін өзі реттеуге негіз­делген әдіске ауысты. Мұның жарқын мысалы – 2015 жылы қол қойыл­ған Париж климат келісімі. Құжат мем­ле­кет­тердің өзіне алған міндетте­ме­леріне негізделген.

Осындай өзгерістер кезінде тұрақты­лықты сақтау үшін маңызды салалар­дағы ынтымақтастықты (мәселен, қы­рып-жою қаруларын таратпау және кли­мат­тың өзгеруі) қолдай отырып, қол­да­ныс­тағы тәсілдер мен құры­лымдарды түбе­гей­лі қайта қарауымыз керек. Өткен айда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассам­б­леясының 76-сессиясы (UNGA 76) бас­талуы осы үдерістің, халықаралық тәр­тіптің қандай екенінен хабар береді.

Ауқымды декларациялар мен түзілуі тиіс тізімінен басқа UNGA-76 жиы­ны «халықаралық тәртіп» пен оның бола­шағына қатысты көзқарасты нақты­лады. Мұндай ұстаным бес санатқа бөлінеді. Олар – «ту ұстаушылар», «амбивалентті ойыншылар», «су жұқпас операторлар», «бұзушы стратегтер» және «жаңартушылар».

Еуропалық одақтың «ту ұстаушылар» атанғаны таңғаларлық емес. Тек заңда бар әрі заң арқылы әрекет ететіндіктен, Еуропалық одақ 1945 жылдан кейінгі ережелерге негізделген тәртіптің жетек­ші чемпионы саналады. Ұйым сондай-ақ құндылықтарға арқа сүйейді. Осылайша, реттеуші супер держава, өзіндік «әлемдік төреші» атануға ұмтылады.

Мұны Еуропалық кеңестің президенті Чарльз Мишельдің UNGA жиынындағы баяндамасынан анық аңғардық. Онда Еуропалық одақтың жаһандық, ережелерге негізделген бастамалардағы көшбасшылығын айқындап, БҰҰ жүйесінің негізгі ұстанымдарына – «ережелерге негізделген халықаралық тәртіпке» оралуға шақырды. Деген­мен Еуропалық одақтың ұстанымын­да да қарама-қайшылық бар. Ресей газын Германияға тікелей жеткізетін «Солтүстік ағын-2» құбыры Еуропа­лық одақтың ұстанымына сәйкес келе қоймайды. Сондай-ақ таяуда жасалған француз-грек қорғаныс келісімі де – осы қатарда.

«Амбивалентті ойыншылар» ретінде Америка Құрама Штаттары аталады. Иә, АҚШ қазіргі халықаралық тәртіпті құруға жетекшілік етті. Әрі ондаған жыл бойы оны белгілейтін негізгі ойын­шы болды. Бірақ Америка өздері тез келіс­кен келі­сімдерді ратификациялауға асық­­па­ды. Естеріңізде болса, АҚШ тарапы пре­­зи­дент Вудроу Уилсон іргетасын қала­­ған Ұлттар лигасының БҰҰ-ның ресми мүшелігіне енуіне қарсы дауыс берді.

Қазіргі таңда АҚШ президенті Джо Байден төрт жыл бойы Дональд Трамп басқарған кездегі «Америка бірінші» бас­­тамасынан кейін халықаралық тәр­тіптің орталығын «Америка қайта орал­ғанына» әлемді сендіргісі келеді. «Өз халқымызға пайда әкелу үшін басқа әлеммен де тығыз қарым-қатынас жасауымыз керек. Өз болашағымызды қамта­масыз ету үшін басқа серіктестермен, өз серік­тес­терімізбен ортақ болашаққа ұм­тылуы­мыз керек», деді ол БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде.

Әйтсе де, АҚШ бұрынғыдан бетер бір полярлана түскен. Байден әкімшілігі Қытаймен ұлы державалық бәсекелестік саясатын жалғастырып жатыр. Шын мәнінде, Байден айтқан сөздің көп бөлігі қытайлық әріптесі Си Цзиньпинге арналған.

«Қателеспеңіз, Америка Құрама Штаттары өзін, одақтастарын және мүд­делерін шабуылдан қорғауды жалғас­тырады. Сондай-ақ АҚШ-тың маңызды ұлттық мүдделерін, соның ішінде тұрақ­ты және ықтимал қауіптерден қорғай береміз», дейді ол.

«Су жұқпас оператордың» озық үлгісі саналатын Си басқаша шешім қабылдады. Ол пандемия басталғаннан бері Қытайдан басқа жерге аяқ баспады. БҰҰ-ға қаты­су­шыларға арнаған бейне хабарламасында Си кейінгі кезде айтып жүрген «қасқырға тән жауын­герлік сөздерінен» алыстап, әлемді тың­­дағысы келетіндей ойды жеткізді. Қытай­­дың «әлем­дегі бейбітшілікті құру­шы», «халық­ара­лық тәртіпті қорғау­шы» ретін­дегі көз­қарасын алға тарта отырып, «ынты­мақ­­тастық», «бәріне жеңіс сый­­лай­тын се­рік­тестік» және «нағыз көп­жақ­­­ты­­лық» туралы айтты. Си халық­ара­­лық құ­­қық­ты өз пайдасына қалай қол­дану­ды жақ­сы біледі. Дегенмен ол шын мәнін­­де «Вестфаль егемендігін» ғана мойындайды.

«Вестфаль егемендігі» – «бұзушы стратегтердің» ең көрнектісі саналатын Ресейдің де сүйікті қағидасы. Бірақ Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың пікірі бойынша егемендік «ережелерге негізделген тәртіп» жөнін­дегі батыстың тұжырымдамасына мүл­дем сәйкес келмейді. Лавровтың сөзі көбі­не елене бермейтін шындықты аң­ғар­тады. Ресей жай ғана «бұзушы» емес. Путиннің популизмі мен демагогиясы – либералды әлемдік тәртіпті бұзу үшін мұқият жасалған әрекеттің бөлігі.

Соңғысы «жаңартушылар» деп Үнді­станді айта аламыз. Премьер-министр Нарендра Моди өз сөзінде Үнді­станды «демократияның анасы» ретін­де сипаттап, елде мыңдаған жылға созылған демократияның ұлы дәстүрі бар екенін жеткізді. Модидің үнді демократиясын британ отаршылдық мұрасынан бөліп қарастыруы мынаны аңғартады. Орта деңгейдегі мемлекеттердің басшылары ескі институттық ұстанымға жаңа серпін беруге тырысады.

Көптеген сарапшы жаңа одақ­тарды, келі­сімдер мен ынтымақтастықты соғыстан кейінгі либералды тәртіптің орнына қалыптасып жатқан жаңа жаһан­дық тәртіпсіздік ретінде қарастырады. Олар БҰҰ мінберінде кейбір мемлекеттер басшылары айтқан деструктивті немесе ақылға қонбайтын пікірлері мұны күшейтуі мүмкін деп қарастырады.

«Ту ұстаушылар» адал, бейтарап диалог құру үшін «Жаңартушылармен» (әрине, АҚШ-пен де) ынтымақтасуы керек. Бұл либералды тәртіпке ғана сүйену­ді білдірмейді. Керісінше қазіргі әлемге бейімделген, мағыналы және ой­лас­тырылған реформаны қарас­тырады. Еуропалық одақ бұл бастаманың алдың­ғы қатарында болу керек.

 

Ана ПАЛАСИО,

Испанияның бұрынғы сыртқы істер министрі, Дүниежүзілік банк тобының бұрынғы вице-президенті және бас кеңесшісі, Джорджтаун университетінің штаттан тыс мұғалімі

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org