Саясат • 20 Қазан, 2021

Ауылды дамытуға басымдық берілуде

728 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай және «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылу барысы қаралды.

Ауылды дамытуға басымдық берілуде

Соңғы екі аптада ауру деңгейі 17%-ға төмендеді

Денсаулық сақтау министрі А.Цой хабарлағандай, әлемде 240 млн-нан астам адам КВИ жұқтырған, тәулігіне 300 мыңға жуық жағдай тіркеледі. 4,9 млн-нан астам адам қайтыс болды. ДДҰ Еуропалық аймағының мәліметтері бо­йынша, соңғы екі аптада 54 елдің 33-інде аурудың өсуі байқалды.

Соңғы 14 күнде аурудың ең көп өсу деңгейі Польшада байқалды, онда сыр­қат­тану деңгейі 122%-дан астам өсті, Гру­зияда – 98%, Украинада – 69%, Мажарстанда – 50%-дан астам, Арменияда – 40%-дан астам, Ресейде – 30%, Түркия, Аустрия және Германия, Қырғызстан, Беларусь елдерінде 2%-дан 10%-ға дейін өсіп отыр.

Сырқаттану деңгейінің төмендеуі ДДҰ-ның Еуроаймағында 21 елде бай­қалады, оның ішінде Израильде – 61%, Испанияда – 43%, Швейцарияда – 39%, Черногорияда – 24%, Италияда – 22%, Францияда – 16%, Әзербайжанда 7% деңгейінде тіркеліп отыр.

Қазақстанда соңғы айда тәуліктік сырқаттану 2,1 есеге, ауыр және өте ауыр жағдайлардың саны 1,6 есеге азайды. Сондай-ақ стационарлық емде­лу­дегі науқастар санының 1,4 есеге (18 қыркүйектегі жағдай бойынша 13 мың­нан 18 қазандағы жағдай бойынша 9,1 мың адамға дейін) азаюы, амбулаторлық емделудегі науқастар саны 1,3 есеге (57 мыңнан 43 мың науқасқа дейін) төмендегені байқалады.

Еліміз бойынша 1 тамыздан бас­тап инфекциялық орындардың жүк­телу деңгейі 56%-дан 34%-ға дейін, реани­мациялық орындардың жүк­телуі 45%-дан 29%-ға дейін тө­мен­деді. Резервте 20 мыңға жуық орын бар.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, эпидемиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты уақытша инфекциялық нысандарды жабу жұ­мыс­тары жалғасуда. Биыл 25 тамыз бен 18 қазан аралығында барлық өңірде 103 нысан (30 881 инфекциялық орын) жабылды.

Сонымен қатар халықты КВИ-ге қар­сы вакциналау жалғасуда. Вакциналау жоспары қайта қаралды және бүгінде шамамен 11,4 млн адамды құрайды. «Вакцинаның бірінші компонентімен 8 млн-нан астам адам егілді, бұл екпе алуға тиісті халық санының 70,7%-ын немесе халық санының 42,7%-ын құрады. Екінші компонентпен 7,1 млн-нан астам адам егілді, екпе алуға тиісті халықтың 63%-ын немесе халық санының
38%-ын қамтыды» деп хабарлады ведомство басшысы.

Тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда шамамен 1 млн 380 мың адам немесе тиісті халықтың 54,5%-ы егілді. Вакциналаумен республикалық көрсеткіштен жоғары қамту 7 өңірде байқалады, оның ішінде Түркістан облысында екпе алуға жататын халықтың 85%-ы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Ақмола және Қызылорда облыстарында 60%-дан астамы, Алматы қаласында және Шығыс Қазақстан облысында 55%-дан астамы қамтылған.

Эпидемиялық жағдайдың тұрақ­та­нуын, сондай-ақ вакциналауға жататын контингенттің 70%-дан астамының қамтылуын ескере отырып, ВАК 2021 жылғы 20 қазаннан төмендегі жағ­дай­­ларға рұқсат беру туралы шешім қа­­былданды: Келушілер COVID-19-ға қар­сы вакциналаудың толық курсын алғаны туралы құжатты немесе ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық тек­се­ру­дің теріс нәтижесі бар және мерзімі нәти­жесі берілген күннен бастап 3 тәулік­тен аспаған құжатты ұсынған жағдайда медициналық-әлеуметтік объектілердің (қарттар, мүгедектер, балалар үй­лері және басқалар) пациенттеріне бару мүмкіндігі; түнгі клубтардың қызметі тек «жасыл мәртебесі» бар тұлғалар үшін 50%-ға дейінгі толымдылықпен іске асады, бірақ: келушілер саны «жасыл аймақта» 100 адамнан, «сары аймақта» 70 адамнан, «қызыл аймақта» 50 адамнан артып кетпеуі керек.

ASHYQ жобасына қатысатын бизнес объектілерінің жұмыс уақытын ұзарту туралы мынадай өлшем ұсынылады: «Жасыл аймақта» сағат 03-00-ге дейін, ASHYQ жобасының көшбасшылары үшін сағат 05-00-ге дейін; «Сары ай­мақ­та» сағат 01-00-ге дейін, ASHYQ жо­басының көшбасшылары үшін сағат 03-00-ге дейін.

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин коронавирус пен тұмауға қарсы егу науқанын жал­ғас­тыруды тапсырды.

 

«Ауыл – ел бесігі» жобасына 106 млрд теңге бөлінді

Үкімет отырысында «Ауыл – ел бе­сі­гі» жобасының іске асырылу барысы қаралды. Бұл мәселе жөнінде Ұлт­тық экономика министрі Әсет Ерға­лиев, Павлодар облысының әкімі Әбіл­қайыр Сқақов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Алматы облы­сының әкімі Амандық Баталов баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев елімізде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес 2019 жылдан бастап «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатқанын айтты. «Алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік және мемлекеттік қызметтердің қол­жет­ім­ділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ өмір сүруге жайлы орта құру бойынша шаралар іске асырылуда. Жобаның шеңберінде 3,5 мыңнан астам перспективалы ауыл айқындалды, онда еліміздегі ауыл халқының 90%-ға жуығы тұрады. Атап айтсақ, 1 173 тірек және 2 388 серік­тес ауыл іріктелді», деді Ә.Ерғалиев.

Тірек ауыл – көлік байланысы бар жә­не оның ішінде спутниктік ауылдардың тұрғындары үшін де (10-15 км радиус­тағы ауылдар) әлеуметтік игіліктер мен қыз­меттер көрсететін, дамыған инфра­құ­рылымы бар абаттандырылған елді ме­кен. Перспективалы ауылдарды ірік­теу кезінде 156 өлшем негізінде статис­тикалық талдау жүргізілді. Бұл ретте, ортақ пайдаланылатын инфрақұрылымды орналас­тыру мүмкіндіктері, экономикалық параметрлер, сондай-ақ геостратегиялық жағдай – ірі қалаларға, өзендерге, темір жолдар мен автомагистральдарға дейінгі қашықтық ескерілді. Жобаны іске асыру мақсатында ауылдардың әлеуетін анықтау әдістемесі өзектендірілді.

Жаңа әдістемеге сәйкес ауылдар әлеуетті демография, инфрақұрылым, экономика және геокеңістіктік жағдай секілді 4 блок бойынша анықталды. Әдістемені әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибелер зерделеніп, өңірлер арасындағы инфра­құ­рылымдық алшақтықтары бар елдер, атап айтқанда, Канада тәжірибесі еске­рілді. «Ауылдық елді мекендерді дамыту үшін инфрақұрылымға инвес­тиция салу, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, сондай-ақ тұрғын үй салу мен жаңарту бойынша шаралар қабылданды. Канадада бұл шаралардың тиімділігін арттыру үшін кластерлік тәсіл қолданылды, онда жақын орналасқан ауылдар бірыңғай экономикалық жүйе ретінде қаралады» деді Ұлттық экономика министрі.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық саласында 5,2 мың км инженерлік же­лілерді жаңғырту бойынша 1 225 жоба іске асырылды. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту саласында 2 218 жоба жүзеге асты. 1 213 мектеп пен балабақша, 234 фельдшерлік пункт, амбулаториялар мен емханалар, 596 клуб пен мәдениет үйлері және кітапханалар, 175 дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен спорт залдары салынды және жөнделді.

Көлік инфрақұрылымын дамыту бо­йынша 8 580 жобаны іске асыру нәти­же­сінде 9 мың км кент ішіндегі жолдар жаң­ғыртылды. Биыл іске асы­рылып жатқан бағдарламалар шең­берінде 566 млрд теңге сомасына тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылықты, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 6,5 мың жоба іске асырылуда. Нәтижесінде, 2,5 мың км инженерлік желілер және 5 мың км кент ішіндегі жолдар жаңғыртылады. 632 мектеп пен балабақша, 70 денсаулық сақтау нысаны, 300 мәдениет үйі, клуб пен кітапхана, 96 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен спорт залы салынады және жөнделеді.

Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясын­да 480 ауылды дамытуға 106 млрд тең­ге бөлінді. Биылдың 1 қаза­ны­на қар­жыландыру жоспарына сәйкес өңір­лерге 50,6 млрд теңге аударылды, соның ішінде игерілгені 48,4 млрд теңге немесе 96%.

Бүгінде кейбір өңірде аяқталған жобалардың үлгілері бар. Мәселен, Қос­танай облысының Ұзынкөл ауылын­да дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Павлодар облысының Қызылжар ауылында ауысымына 100 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория пайда­лануға берілді. Қызылорда облысында Жалағаш ауылындағы жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жамбыл облысында Айша-бибі ауылындағы мек­тептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. «Қазіргі таңда өңірлерде 400-ден астам жоба аяқталды, қалған жобалар жылдың соңына дейін аяқталады. Жалпы, 2019-2021 жылдары мемлекеттік бағдарламалар бойынша және жеке инвес­тициялар есебінен ауылдық аумақ­тарды дамытуға 1,2 трлн теңге бағыт­талды. Келесі 4 жыл ішінде 1,3 трлн теңге бөлі­неді, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» шең­берінде – 670 млрд теңге», деді Ұлт­тық экономика министрі.

2025 жылға дейін даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл қамтылып, онда ауыл тұр­ғын­дарының 90%-дан астамы тұратын болады. Жалпы, ауылдық жерлерді дамыту жөніндегі кешенді тәсіл 2025 жылы ауыл тұр­ғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Осылайша, ауыл халқын сумен жаб­дықтау қызметтерімен 100% қамта­масыз етуге қол жеткізіледі. Жоғары жыл­дам­дықты интернетке қолжетімділік барлық ауыл тұрғындары үшін қамтамасыз етіледі. Ауылдық жерлерде 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жергілікті маңызы бар жолдардың 95%-ы жақсы жағдайда болады. 12 мың шақырым инженерлік желілер салынады және жаңғыртылады. 10 мың шақырым кент ішіндегі жолдар қайта салынады және жөндеумен қамтылады.

Білім берудің сапасы мен қол­же­тім­дігін арттыру шеңберінде ауыл­дық жер­лерде 5 мың мектепті жаңғырту және 315 жаңа мектеп салу жоспарлану­да. Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқы­­ту­мен 3 жастан 6 жасқа дейінгі бала­лардың 100%-ы қамтылады.

1 095 объектіні салу және жаңғырту ауыл­дық жерлерде денсаулық сақтау жүйесі қызметтерінің сапасы мен қол­же­тім­дігін арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл­да спортпен айналысу және шы­ғар­ма­шы­лықты дамыту үшін жағдай жасау мақ­сатында 1 719 спорт және 1,5 мың мә­дениет объектісі салынып, жаңғыр­тылады.

Агроөнеркәсіптік кешен саласын­да 4,5 трлн теңге сомасына 934 инвес­ти­циялық жоба іске асырылады. 600 мың гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға тарту 70 мың отбасылық ша­руашылық құруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артады. Қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, АӨК өнімдерінің экспорты 2 есеге артады. 7 ірі жүйенің экожүйесін қалыптастыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру қамтамасыз етіледі. 500 мың жұмыс орны құрылады.

Мәселені қорытындылаған Үкімет бас­шысы Асқар Мамин 2019 жылы бас­талған «Ауыл – ел бесігі» жобасының негізгі мақсаты – ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жаңғырту, оларды жаңа өңірлік стандарттарға дейін жет­кізу екенін еске салды. Жобаға 6,9 млн адам немесе ауыл халқының
89%-ы тұратын 3 561 перспективалы ауыл іріктеліп алынды. 2019-2020 жылдары ТКШ, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде, сондай-ақ Жұмыспен қамтудың жол картасын,  «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын ескере отырып, сомасы 618 млрд теңге болатын 12 мың жоба іске асырылды.

Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру шеңберінде Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Алматы, Қызылорда және Атырау облыстары жобаларды іске асырудың төмен қарқынын көрсетіп отыр.

Алдағы 5 жылда «Ауыл – ел бесігі» жобасын қаржыландыру көлемі 800 млрд теңгеге дейін ұлғайды, ал барлық қаржы көздерін ескере отырып, ауылдарды жаңғыртуға 1,3 трлн теңге жоспарланған. 2025 жылы ауылдық жерлерде сумен жабдықтау қызметтерімен 100% қамтамасыз етуге қол жеткізіледі, 10 мың км кентішілік жолдардың жай-күйі жақсартылады, 12 мың км инженерлік желілер, бірнеше мыңдаған әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынады және жөнделеді, 5 мың ауыл мектебі жаңғыртылады.

АӨК саласында 4,5 трлн теңге сомасына 1 мыңға жуық жоба іске асырылады. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артады, қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, АӨК өнімдерінің экспорты 2 есе артады. 1 млн ауыл тұрғыны өз табысын арттырады, ауыл шаруашылығында 500 мың жұмыс орны құрылады. «Ауыл – ел бесігі» жобасының іс-шараларын іске асыру ауыл халқының өмір сүру сапасын едәуір жақсартады және ауылдарды дамытуға жаңа серпін береді», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы ауылдық аумақтарды дамытудың кешенді және бірыңғай тәсілін, 2025 жылға қарай нысаналы индикаторларға қол жеткізуді, сондай-ақ ауылдық жерлерде кредит қаражатына қажеттіліктің ұлғаюын ескере отырып, АӨК-ті тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды.