Спорт • 20 Қазан, 2021

Спорт жаңалықтарына шолу

136 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Спорт жаңалықтарына шолу

Чемпионатқа жаңарған құрам барады

Бокстан Қазақстан ұлттық құрама­сының бас бапкері Қайрат Сәтжанов алдағы жексенбі күні Сербия астанасы – Белградта жалауы желбірейтін әлем чемпионатында шаршы алаңға шы­ғатын боксшылар тізімін жариялады.

Токиодағы сәтсіздіктен кейін Қазақстан бокс құрамасы әлем біріншілігіне әжептәуір жаңарған құраммен бара жатыр. АИБА-ның жаңа ережесі бойынша боксшылар әлем біріншілігінде бұрынғыдай 10 емес, 13 салмақ дәрежесі бо­йын­ша жүлдеге таласады. Сондықтан бапкерлер биылғы біріншілікте бірқатар боксшыға мүмкіндік беруді жөн санаған екен. Атап айтар болсақ, ересектер арасындағы әлем чемпио­натына алғаш рет ағайынды Саматәлі, Санатәлі Төлтаевтар (60 және 63,5 кг), ағайынды Нұрбек және Айбек Оралбайлар (80 және 92 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), ұлттық құрамаға қайта орал­ған Бек Нұрмағанбет (86 кг) және Нұрлан Сапарбай (+ 92 кг) қатысқалы отыр.

Ал Токиоға барғандардан Сәкен Бибо­сынов (51 кг), Серік Теміржанов (57 кг) пен Абылайхан Жүсіпов (67 кг) Сербия шар­шы алаңында бақ сынайды. Ұлттық құра­маның капитаны Қамшыбек Қоңқабаев әлем чемпионатынан тыс қалған соң, бұл міндет Абылайхан Жүсіповке жүктелді. Айта кетейік, әлем біріншілігі 24 қазан мен 6 қараша аралығында өтеді. Сонымен қатар чемпионаттар тарихында биыл бірінші рет жеңіс тұғырына көтерілген былғары қол­ғап шеберлеріне қаржылай сыйақы тағайындалып отыр.

 

 

Рейтингтік турнирде топ жарды

Черногорияның бас шаһары – Под­горицада өткен таэквондодан Montenegro Podgorica Open 2021 рей­тингтік турнирі аяқталып, жарыста бақ сынаған қазақстандық Жансель Дениз чемпион атанды.

Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметі бойынша, халықаралық жарыста 73 килоға дейінгі салмақта сынға түскен Жансель рейтингтегі орнына байланысты алғашқы айналымнан босатылып, турнирді екінші кезеңнен бастады. Ол алдымен Молдова спортшысын жарыс жолынан шығарып жіберсе, жартылай финалда Бразилиядан келген қарсыласын еш қиындықсыз жеңіп, финалға жолдама алды. Ал финалда түр­кия­лық Хури Куркуттан басым түскен жер­лесіміз маңызды турнирде топ жарды. Қола жүлдені Бразилия және Хорватия таэквондошылары иеленді.

Айта кетейік, Жансель Дениз осыдан бір ай бұрын Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен WT President’s Cup Europe турнирінде де алдына жан салмай, тұғырдың биік сатысынан көрініп еді.

 

 

Әлемдік рейтинг жаңарды

Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) спортшылардың жаңартылған рейтингін жариялады.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик екі орын жоғарылап, 35-сатыға жайғасты. Ал Михаил Кукушкин 149-орыннан 147-орынға көтерілді. Дмитрий Попко 163-ші сатыда тұр. Ал әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) рейтингі бойынша, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина бір орынға төмен сырғып, 17-орынға тұрақтады. Юлия Путинцева да 43-тен 44-орынға жайғасты. Есесіне Зарина Дияс 108-ден 104-орынға көтеріліп, үздік жүздікке жақындап келеді.

 

Дайындаған Әли БИТӨРЕ