06 Мамыр, 2010

ҚАРТ МАЙДАНГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

687 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Ерлік пен өрлік рухының ай­ға­ғы – Жеңістің 65 жылдық мерей­той­ына орай, еліміздің түкпір-түк­п­і­­рінде Ұлы Отан соғысы арда­герлеріне қамқорлық пен қолдау көрсету мақсатында кешенді ша­ралар жүзеге асырылуда. Осындай мерейтойлық шара­лар­дың ауқымды шоғырын “Нұр Отан” ХДП  атқарып отыр. Мәсе­лен, билік партиясы  патриоттық мазмұндағы, сондай-ақ, жас ұр­пақ­қа өз бабалары мен аталарының кү­рес­керлігінен сыр шертетін кез­де­су­лер мен ғажайып көрме экспо­зи­ция­ларын ұйымдастыруды өз ен­ші­сіне алған екен. Олардың қата­рын­да ел көлемінде өтетін “Ардагер­лер­ді ардақтайық!” атты акция да бар. Кеше  “Нұр Отан” ХДП Орта­лық аппаратында партия Төр­аға­сының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесіп, емен-жар­қын әңгіме-дүкен құруы осындай игі шаралардың заңды жалғасындай көрінді. “Сіздердің ел ертеңі үшін жан аямай күрескен ерліктеріңіздің ар­қасында біз тәуелсіздігімізді алып, бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Сон­дықтан, еліміздің Президенті, “Нұр Отан” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан да ардагерлерге назар аударып, көмек көрсетіп, қамқор болып  келе жат­қанын жақсы білесіздер. Бұл Жеңіс – кейінгі ұрпақ, жастарымыз үшін айрықша үлгі-өнеге. Себебі, сіздер тек соғыста ерлік көрсетіп қана қой­май, сол майданнан кейін де елі­міздің даму жолына түсіп, өр­кен­деуіне үлкен үлес қостыңыздар. Қанша уақыт өтсе де сіздердің Отан үшін, ұрпақ үшін от кешкен ерен ерліктеріңіз еш ұмытыл­май­ды”, – деді Нұрлан Нығматулин ардагерлерге арнаған сөзінде. Кездесу барысында майдангер-ардагерлер өздеріне мемлекет та­ра­пы­нан көрсетіліп жатқан барлық ма­териалдық, медициналық көмек пен тәуелсіздікті, бейбітшілік пен тұрақ­тылықты сақтау жолындағы еңбегі үшін Елбасына алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, қарттар өзде­рінің сұра­пыл соғыс жылдарындағы ауыр тұр­мыстарын еске алып, бү­гінгі тыныс-тіршіліктері туралы ой бөлісті. Жас буынға өз аманаттарын арнады. Кездесу соңында қарт май­дан­гер­лерге партия атынан естелік сый­лықтар табыс етілді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. ЕЛ ТӨРІНЕ КЕЛГЕН ЕРЛІК ТУЫ Қуаныш пен қайғыны, үміт пен ерлікті бір арнаға ұштастырған ұлы Жеңіске биыл 65 жыл толып отыр. Тарихта алтын әріптермен жазыл­ған оның бастауы – 9 мамыр қар­са­ңында ел аумағында мән-мағы­на­сы терең түрлі іс-шаралар өт­кі­зіліп жатыр. Соның ай­бынды да абыройлысына тоқталсақ, ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне әкелінген Рейхстаг қаһарманы Рақым­жан Қошқарбаев қызмет еткен, Жеңіс жалауын тігуге тікелей жол ашуға ақжолтай болған әскери құрылымның туы дер едік. Бұл жәдігердің Ресейден Қа­зақстанға келуіне тікелей атса­лыс­қан генерал-майор, Ауған соғы­сының ардагері Серікқали Мұқанов оның таныстырылымы барысында: “Рейх­с­тагқа шабуыл жасалған кез­дегі 9 жалаудың ішіндегі ең бірін­шісін қандасымыз Ра­қым­жан Қош­қар­баев тіккен болатын. Алайда ке­ңестік жүйенің сұрқия саясаты біздің асыл азаматы­мыз­дың атын жария етпек түгілі оны жасырып, мойын­да­май келді. Лау­лап жатқан отты қа­ғазбен орай ал­майсың ғой. Дәл осы қағида сияқ­ты шындықты қанша бұрма­ла­саң да ол түбінде өзінің ақиқат­ты­лығын дәлелдеп шығады. Мінеки, бүгінгі таңда халқымыздың қаһарман пер­зентінің ерлігін бәрі мойындады. Бұл біз үшін мәні ерек­ше зор қуа­ныш. Кейбір дерек көз­деріне сүйен­сек, жалау бірнеше бө­лік­ке бөлініп, жауынгерлер арасында естелік ретінде таратылып кеткен. Сондықтан 1945 жылғы мамырдың 3-і күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы “Ұлы Жеңістің туын бекіту туралы” қаулы қабылдап, Рейхс­таг­қа жан-жақтан шабуыл жасаған санаулы дивизия мен полк, батальон туларын жеңіс символы ретінде ресми түрде бекіткен. Мына жәдігер соның бірі. Мұны көшірме деп санауға болмайды. Себебі, бұл сол алапат шайқастың куәсі, құнды жәдігері. Сондықтан ол ешуақытта да өз мәнін жоғалтпайды. Ұлы мұраны елордадағы Тұңғыш Президент мұражайына апарып жайғас­тырамыз”, – деді. “Рақымжан менің немере ағам. Ту бүгін осы оқу орнына әкелінеді деген ақжолтай хабарды маған “Егемен Қазақстанның” жігіттері жеткізген еді. Соны көруге келдім, қарақтарым. Осындай пат­риоттық шараның өткізілуі елі­міз­дің еркіндігі мен елдігінің арқасы деп білемін. Университет ректоры Бақытжан Әбдірайымовқа рахмет!” деді кез­десуде Рақымжан Қошқар­баев­тың немере қарындасы Рым­жан апа Мұсабекқызы өз сөзінде. В.Г. Белинскийдің: “Өз Отанын жан-тәнімен сүю – адамшыл­дық­тың асқар шыңы”, – деп айтқан сө­зі бар еді. Университеттегі жо­ға­рыдағы іс-шара сондай бір асыл қа­сиетті насихаттаудың көрінісіндей әсер қалдырды көпшілікке. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ. МЕРЕКЕЛІК МЕДАЛЬДАР ТАПСЫРЫЛДЫ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбді­қа­лықова Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында елордамыздағы Ұлы Отан соғысының бірқатар  арда­гер­лерінің шаңырағында болып, Отан үшін от кешкен қарттарымызды құттықтап, мерейтойлық медальдар табыс етті. Министр Г.Әбдіқалықова алды­мен соғыс ардагері  Жаппарқұл Бай­ымбетовтің шаңырағына келді. Тоқсанның төріне шыққан оң­түс­тік­қазақстандық Жаппарқұл ақса­қал бүгінде Астана қаласында не­ме­ресінің қолында тұрып жатыр екен. Министрдің келгеніне балаша қуанған ол қолындағы гүл шоқ­та­рын ала тұрып көз жасына ерік берді. Оның сыры да көп кешікпей мәлім болды. Бір шаңырақтан соғысқа аттанған үш азаматтен елге оралған бір өзі ғана екен. Қазіргі таң­да 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсіріп, Жеңістің 65 көктемін немересінің қолында, ел төрінде қарсы алғалы отыр. Гүлшара Наушақызы Елба­сы­ның биылғы жылғы Жолдауында айтылған “Әрбір ардагер назардан тыс қалмауы тиіс” деген тапсыр­ма­сын тілге тиек ете отырып, арда­гер­мен емен-жарқын шүйіркелесті. Сонымен қатар, ардагерге “Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл” мерейтойлық медалін табыс­тап, өзімен бірге ала келген сый­лы­ғы – теледидар тарту етті. Ақса­қал­дың елімізде болып жатқан әрбір қуанышты жаңалықты осы теледидар арқылы көріп отыруына тілектестік білдірді. Осындай абыр-сабыр, қарбалас сәтте елорда әкім­дігінің өкілдері да сый-сыяпат­тарын ұсына отырып, ақсақалға қуаныш­ты хабар жеткізді. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Елбасы қолынан пәтер кілтін алатыны туралы сүйінші сұрады. Осы күні тағы бір елордалық ар­дагер Глеб Мойсеевке де мере­ке­лік медаль табыс етілді. Ардагер соғыстың басталғанын кен орнында жұмыс істеп жүріп естіпті. Алғаш Дон өзені жағалауында, одан кейін Сталинград қаласын жаудан азат етуге қатысқан майдангер бұл күн­де екі баласынан немере, шөбере сүйіп отырған бақытты ата. Май­дангер ақсақал мерекелік медальға шексіз қуанышты екендігін айта келіп, ұрпақтарымыз соғыс дегенді білмей өссін деген аталық тілегін айтты. Венера ТҮГЕЛБАЙ.