Сұхбат • 20 Қазан, 2021

Кэти ЛИЧ: Қазақ тілін үйренудің артықшылығы бар

234 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Осынау мерейлі кезеңде Қазақстан үшін маңызды серіктес мемлекет­тің бірі – Ұлыбританияның еліміз­дегі Төтенше және өкілетті елшісі Кэти Личтан сұхбат алған едік. Кэти ханым дипломатиялық қызметіне кіріскеніне бірнеше айдың жүзі болды. Ол Қазақстанға келместен бұрын қазақ тілін үйренген екен.

 

Кэти ЛИЧ: Қазақ тілін үйренудің артықшылығы бар

– Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Қазіргі уақытта екі ел ара­сындағы дипломатиялық қаты­нас­тар қандай бағытта дамып жатыр?

– Отыз жыл ішінде мұнай-газ саласында, білім беруде, қаржы секторындағы және басқа да көптеген салаларда тамаша әріптестік орнаттық, бұл алдағы отыз жылда одан әрі жақсарады. Алдағы уақытта одан да жақсы нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенемін. Қазіргі таңда жасыл экономикаға баса көңіл бөліп отырмыз.

Энергетикалық сектордың декарбонизациясын, жаңартылатын энергия көздерін, цифрландыруды және білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді қарастырып жатырмыз. Бұл жаңа әрі білікті жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе де осы.

Осы орайда, мына мәселеге назар аударған жөн. Бүгінде Ұлыбританияда көп жыл білім алып, бірнеше жылдан бері өз мансабын қалыптастырып келе жатқан қазақстандық жастар өте көп. Олар екі ел арасында тиімді байланысты ілгерілетуге көмектесетіні сөзсіз.

– Ұлыбритания Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Екі ел арасында өзара тиімді экономикалық байланыс орнатылған. Бірақ панде­мия­ның кесірінен қарым-қатына­сы­мызға аздаған кедергі келді. Екіжақты сауда-экономикалық бай­ла­ныс­тарды нығайту үшін бола­шақта қандай қадамдар жасалу көзделуде?

– Пандемия жағдайды қиындат­қанына күмән жоқ. Бірақ қазір бизнеске жаңа мүмкіндік беріп, көмектесуге бел будық. Меніңше, «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шетелдік инвестицияларды тартуға жағдай жасайды. Сондай-ақ дауларды ағылшын жалпы құқығы мен үздік халықаралық практика негізінде шешу инвестиция мен сауданы ынталандыруға лайықты көмектеседі. Мен Қазақстандағы дү­кендерде британ тауарлары мен брендтерін көбірек көргім келеді.  

– Соңғы уақытта жиі талқыла­натын мәселелердің бірі – «Брексит». Ұлыбританияның Еуропалық одақ­­тан шығуының қандай тиімді жақтары бар деп ойлайсыз?

– 2021 жылғы 1 қаңтарда өтпелі кезең аяқталды. Пандемия кезінде ортасында ЕО мен Кеден одағының бірыңғай на­рығынан шықтық. Мүмкін, бұл қадам жаңа салаларда өз заңын қабылдайтын, жеке сауда келісімдерін жасайтын ел ретінде жағдайды біршама қиындатқан шығар. Бірақ Премьер-министріміз де, жаңа Сыртқы істер министріміз Лиз Трасс та, өзге де министрлер де биыл­­ғы жыл бүкіл әлемде жаңа мүм­кін­­дік­­терді пайдалануға ұмтылатын Жа­һан­дық Ұлыбританияның бастамасы болатынына сенімді.

– «Брексит» Ұлыбритания хал­қына қалай әсер етті? Мәселен, Бри­­тан­дық аралдарда жұмыс істей­тін еуро­п­алықтар немесе Еуро­па­лық одақ елдерінде еңбек ететін Ұлыбритания азаматтары бұрын­ғыдай еркін жұмыс істей ала ма?

– Ұлыбритания да, Еуропалық одақ та 2021 жылғы 1 қаңтардағы өтпелі кезең аяқталғанға дейін Еуропада тұрып жатқан британдардың және Ұлыбританияда тұрып жатқан еуропалықтардың өмір сүру және жұмыс істеу құқықтарының қорғалуын мұқият қадағалады. Дегенмен үкіметтің «Брекситтен» алған негізгі сабағының бірі – иммиграцияны мұқият басқаруға қажеттілік.

Осылайша, Еуропалық одақ азаматтары бұдан былай Ұлыбританияға келгенде немесе керісінше ағылшындар Еуро­пада бұрынғыдай еркін жұмыс істей ал­майды. Әсіресе, біліктілікті қажет ете­тін мамандықтарға бару қиынға түсе­ді. Бірақ Ұлыбритания шығармашыл әрі келешегі жарқын адамдар үшін әлем­дегі ең тартымды жұмыс орындарын ұсынуын жалғастыра береді.

– «Брекситке» қатысты ең көп тал­­қы­ланатын мәселелердің бірі – Ир­­ландия мен Солтүстік Ирлан­дия ара­сындағы шекара. Ирландия­лық­тар «Брекситті» қалай қабыл­дады? Қазіргі уақытта шекара мәселе­сінде қандай шешімге келді?

– Ұлыбританияның Еуропалық одақ­тан шығу кезінде «Белфаст» келі­сімін сақтап қалуға қол жеткізді. Өмірлік маңызы бар бұл келісімге 1998 жылы қол қойылды. Құжат көптеген жыл бой­­ғы қақтығыстардан зардап шеккен Сол­түстік Ирландияға бейбітшілік әкел­ді. «Белфаст» келісімінің сақталуына Ир­ландия тарапы да, Ұлыбритания үкі­меті де, Солтүстік Ирландияның бар­лық партиялары да мүдделі.

Аталған келісім түрлі қауым­дас­тықтар арасындағы тепе-теңдікті бұзбайды. Еуро­палық одақпен жасалған келісімге сәйкес, Солтүстік Ирландия Хаттамасы бұл нәзік тепе-теңдікті сақтауға тырыс­ты. Яғни Солтүстік Ирландия ЕО-ның Бірыңғай нарығында қала береді.

Сондықтан Солтүстік пен Оңтүстік арасында қатаң шекара болмағандықтан, Ұлыбритания ішкі нарығының ажырамас бөлігі ретінде де есептелмек. Өйт­кені өңір заңды түрде Ұлыбритания аум­ағы саналады. Барлық тарапқа тиім­ді болу үшін Ұлыбритания үкіметі Хатта­маны жүзеге асыру шарттары әлдеқайда икем­ді болуы қажет деп санайды. Атал­ған мәселе жөнінде Еуропалық одақпен келіссөздер әлі де жалғасып жатыр.

– Бірнеше жыл бұрын Шотлан­­дия­да референдум өткізіліп, онда тәуел­сіздік мәселесі талқыланды. Қазір шот­ландықтар бұл мәселеге қайта орала ма? Биліктің бұған деген көзқарасы қандай?

– Сол кездегі Премьер-министр Дэвид Кэмерон 2014 жылы «Тәуелсіздік референдумын» өткізуге рұқсат еткенде, Ұлыбритания мен Шотландия үкіметтері аталған мәселені шешу келешек ұрпақ үшін әділ және заңды қадам екеніне келісті.  Ұлыбритания үкі­меті әлі де референдумның нәтижесі шешу­ші мағынаға ие деп есептейді. Әрі мәсе­ле түпкілікті шешілді деген пікірді ұстанады.

– Ұлыбритания өз мәдениетінің алуандығымен аса танымал. Ел әр­түр­лі этностық топтар өкілдерінің бейбіт өмір сүруін қалай қолдайды? Мүмкін бұған жету оңай болған жоқ шығар?

– Өзім куә болған кезеңде түрлі этностық топтар мен діндерге көзқарас уақыт өте келе бірнеше мәрте өзгеріске ұшырады. Ақыр соңында, тұрғындар адам құқықтары барлығына тең екенін түсінді. Терісінің түсі, діні, жынысы немесе басқа сипаттамалары бойынша кемсіту өркениетті қоғамда жағымсыз және қабылданбайтын мінез-құлық белгісі. Бұл тұжырымдаманы заң да, мектептер де, бұқаралық ақпарат құралдары да, билік те қолдайды.

Өкінішке қарай, әлі де нәсілшілдік пен дискриминацияны толықтай жоя алған жоқпыз. Бірақ менің ойымша, халықтың басым бөлігі өзін өзі қалай ұстау керектігін түсінеді. Әділетті, толерантты қоғам қалыптастырудағы ниетімізді мойындайды.  

– Ұлыбританияда оқып жүрген кезімде мені ағылшын акценті қы­зық­тырды. Сізде қандай акцент бар? Жалпы, кішкентай аралда түрлі акцент­тердің болуы қазақтар үшін өте қызықты. Ағылшын тілінде ак­цент­­тер­дің көп болуының себебі неде?

– Мен Англияның оңтүстігінде, Лондонға жақын жерде өстім. Сон­дықтан менде оңтүстіктік акцент бар. Айта кететін жайт, елдегі көптеген аймақтық акценттің әлі күнге дейін қалай сақталып қалғанына таңғаламын! Менің ойымша, бұл – туған қаласы мен шыққан жерімен мақтанудың нақты белгісі. Сондықтан қазіргі өмір біртектес болған кезеңде ағылшындар өздерінің акцентін сақтап қала алды.

– Англия футболдың отаны сана­ла­ды. Сіз футболды ұнатасыз ба? Қандай клубты қолдайсыз? Ұлы­бри­таниядағы футбол мәдениеті, жанкүйерлердің мәдениеті туралы айтып беріңізші?

– Бұл өте күрделі сұрақ! Мен бір нақ­ты команданың жанкүйері емеспін, бірақ ұлттық құраманың ойынын тамаша­ла­ғанды ұнатамын. Биыл Еуропа чем­пионатының финалында Италиядан ұтылғанымыз өте ауыр тиді. Бірақ мен шын жүректен ойнаған жас команданы мақтан тұтамын. Англиядағы футбол жанкүйерлері өз командаларын жақсы қолдайды. Бұзақылықтан туындаған кей мәселелер өте тиімді саясат пен полиция күштері арқылы шешіледі деп сенімді түрде айта аламын. Ағылшындар үшін футбол отбасымен бірге көріп, демалатын ойын.

– Ұлыбритания сонымен бірге ғаламдық жылыну мәселесін шешуде ерекше орын алып отыр. Осы­лай­ша, күн тәртібінде 2050 жылға дейін парниктік газдар шығарын­ды­ларының көлемін қысқарту мәсе­лесі тұр. Бұл міндеттемені орындау үшін қандай шаралар қолданылады?

– 31 қазанда тарихқа бай, әдемі Глазго қаласында Климаттың өзгеруі туралы БҰҰ негіздемелік конвенция­сы тараптарының 26-шы конференциясын өткіземіз (COP26). Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 125-тен астам мемлекеттің көшбасшылармен бірге Әлемдік көшбасшылар саммитіне қатысатынына өте қуаныштымыз.

Екі апта бойы Конференция шең­берінде өткізілетін кейбір келіссөз­дердің тақырыбы техникалық мәсе­лелерді қамтиды. Бірақ жалпы мақсат айқын. Климаттың жылынуын 1.5°C өлшемін­де сақтап тұру. Яғни ұжымдық күш-жігерді салып, 2050 жылға қарай жылынуды 1,5 градустан аспайтын деңгейде ұстап тұруға қол жеткізуіміз қажет. Бұл мақсатқа жету үшін көбірек жұмыс істеуіміз керек.

Оның үстіне, Премьер-министріміз төрт саланың – көмір, автомобильдер, ағаштар және қолма-қол ақша­ның ерекше рөлін атап өтті. Көмірден, яғни әлемдегі ең ластаушы отыннан кезең-кезеңмен бас тарту саясатын белгі­леуіміз қажет.

Сонымен қатар бензинді қолданатын автомобильдерді 2040 жылға дейін табиғи таза көліктерге алмастыруымыз керек. Әлемдік ормандарды қорғап, жерді пайдалану кезінде көміртегі шығарылымын барынша төмендетуге тиіспіз. Сондай-ақ декарбонизация үшін де, климаттың өзгеруіне бейімделу үшін де қажет инвестицияларды жұмыл­дырғанымыз жөн.

– Сізді қазақтардың қандай өнер мен мәдениеті қызықтырады? Елші ретінде елімізде қандай ерекшеліктерді байқадыңыз?

– Мен классикалық музыканы, опера мен балетті жақсы көремін. «Қыз Жібек» секілді бұрын-соңды көрмеген спек­такльдерді тамашалауды асыға кү­тіп жүрмін. Маған джаз бен өнер ұнайды, бірақ олардың екеуін де жетік біл­мей­мін. Сондай-ақ тарих және оның сәулет өнеріне қалай әсер еткені қы­зық­тырады. Нұр-Сұлтанның заманауи ғимараттары өте қызықты. Бірақ солар­дың арасында Ұлттық музей әлі күнге дейін менің сүйікті жерім. Бұл – аса керемет, әдемі әрі ерекше ғимарат, ал оның қазыналары бізге тарихтың қызықты кезеңдерін ашады.

– Елшілік қызметке кірісер алдында біраз уақыт қазақ тілін үйренген екенсіз. Тілімізді үйрену сізге қиын болған жоқ па?

– Қазақ тілі – қиын тіл! Бірақ мұндай қызықты тілді үйренудің артықшылығы да бар. Қазақ тілінде еркін сөйлеу үшін әлі ұзақ еңбек етуім керек. Бірақ жаттыға беруге бел будым. Қазақ тілін жетік мең­геру, әрине, маған Қазақстанның та­рихы мен мәдениеті туралы көбірек білуге әлдеқайда көмектеседі деген ойдамын.  

– Біздің елге келетініңіз жайлы есті­генде отбасыңыздың алғаш­қы әсері қандай болды?

– Біз 18 айға жуық оқшаулану мен шектеулерден өттік. Ешқайда шықпай, Хартфордшир округіндегі үйімізде тұрдық. Сондықтан кенеттен ерекше заманауи қалаға көшу – біз үшін өте керемет жаңалық болды. Біз әлі де саяхаттай алмаймыз, бірақ мен оларға Қазақстанды толық аралатып шыққым келеді.

– Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Осы отыз жылдың ішін­де елдің даму деңгейіне елші ретінде қандай баға берер едіңіз?

– Мен 1991 жылы Кеңес Одағына келіп кеткенмін. Нақтырақ айтсам, 15 тәуел­сіз ел қалыптаса бас­таған кезде үшін­ші курс студенті едім. Саяси және эко­номикалық жүйе­нің құл­дырауын өз көзіммен көргендік­тен, оның қан­­дай болатынын ешқашан ұмыт­пай­мын. Сол себепті осы заманғы, өркен­­деген, көп­кон­фессиялы және көпэт­нос­ты мем­ле­кетті құрған Қазақ­стан халқының қол жет­кізген биік жетіс­тік­терін жеке өзім жоғары бағалаймын.

– «Егемен Қазақстан» оқырман­дарына айтатын тілегіңіз?

– Мен егеменқазақстандықтарды, сон­дай-ақ барша қазақстандықтарды Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жү­ректен құттықтаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»