Елорда • 20 Қазан, 2021

Сына қаққандар сотта жеңіліп қалды

305 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында Нұр-Сұлтан қаласында Жанат Малгелдинов есімді адвокат елорданың ең көрікті жері Ботаникалық саябақты бойлай салынған Түркістан көшесінен тұрғын үй тұрғызбақ болған компанияны соттың бірінші сатысында жеңіп шықты. Осы жаңалықты адвокаттың өз аузынан естігінде басында таңданып қалдық. Әрине, бұл таңданысымыздың да себебі жоқ емес еді.

Сына қаққандар сотта жеңіліп қалды

Елордадағы аумағы 90 гектар жерді алып жатқан саябақтың дәл қасынан тұрғын үй кешенін тұрғызуға жер алу оңай шаруа емес. Осы уақытқа дейін мұндағы жер телімдері тек BI group, «Базис А», «Орда Инвест» секілді ең сенімді құрылыс компанияларына ғана беріліп келіп еді. Осы компаниялар саябақты айналдыра үй салып, бос жер қалдырмауға айналған. Тек бір ғана үлкен жер телімі бос жататын. Тұрғындар «Бұл жерге қалалық полиция басқармасының ғимараты тұрғызылады екен» деп әңгіме қозғайтын. Екінші біреулер «Әй, мұндай керемет жер полиция басқармасына тие қояр ма екен, оның орнына тұрғын үй ме екен, жоқ әлде сауда орны ма, әйтеуір табыс табуға лайық басқа бірдеме салынатын болыпты» деп соңғы естіген жаңалығын жеткізетін.

Биылдан бастап осы бос жатқан телім қор­шалып, бұрқылдатып сыналар қағыла бас­тады. Кім салып жатыр, не салып жатыр, ешкімге белгісіз еді. Әдеттегідей құры­лыс­тың паспорты да ілінгенжоқ. Ешкім еште­мені біле алмай дүдәмал болды. Негізінде құры­лысты жүр­гізуші ұйым, заң талабы бойынша ай­нала­сын­дағы тұрғындармен кездесіп, қоғам­дық тың­дау өткізуі, не салып жатқан нысанын тү­сіндіруі, маңайда тұратын халықтың пікі­рін білуі керек. Бірақ мұның жылты да болған жоқ.

«Мылқау құрылысты» жүргізуші ұйым осы әдетімен ісін одан әрі жалғастыра берер ме еді, кім білсін, егер іске дәл осы құрылыс қасын­­дағы «Парк Авеню» тұрғын үй кеше­нін­де пәтері бар адвокат Жанат Малгелдинов ара­­лас­паса. Ол тиісті орындарға хабарласа жүріп, са­лы­нып жатқан құрылыс туралы «құ­пия» ақ­па­раттарды жинастырған. Сөйтіп құ­ры­лыс­ты жүргізуші BINA Group, KCG Invest ком­панияларының әрекеттерін заңсыз деп та­уып, оларға құрылыс жүргізуге рұқсат берген Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің 2020 жылғы 29 қыркүйектегі №510-2026 қаулысы­ның күшін жою жөнінде сотқа талап арыз түсірген.

Сот барысында анықталғандай, басында бұл жер телімінің қалалық полиция депар­таментінің ғимаратын салуға бөлінгені рас екен. Барлығы екі гектар аумаққа салына­тын ғимараттың жалпы аумағы 27 722 шаршы метрді құраған. Алғаш 2012 жылы қабылданған бұл шешім бірнеше рет өзгертілген. Соңында жалпы аумағы 75 800 шаршы метрді құрайтын 1 864 адамға арналған тұрғын үй кешені салынатын болып шыққан.

Осы ретте айта кететін бір жағдай, аталған тұрғын үй кешені салынады деп жос­пар­ланған маңайда мектеп пен балабақша тапшы. Мәселен, осы маңайға ең жақын орналасқан 1 400 оқушыға арналған №84 мектепте қазір 3 мың оқушы оқып жатыр. Ал «Дарын» деп аталатын жалғыз балабақша бос орынның жоқтығынан қасында тұратын тұрғындардың балаларын қабылдаудан бас тартуда.

Тағы бір ескере кететін жағдай, Ботаника­лық бақ орналасқан аумаққаланың ең бір көрнекті жері болып есептелетіндіктен мұнда көбінесе бизнес класты үйлер, жоқ дегенде комфорт класты үйлер салынуда. Оны тәжірибелі құрылыс компаниялары сапасын жақсы етіп, талап дәрежесінде салуда. Үлкен тұрғын үй кешенін тұрғызған кезде ішінде мектеп пен балабақшаның болуына да мән беруде. Ал «мылқау құрылысты» жүргізуші BINA Group, KCG Invest компанияларының қандай тұрғын үйді жоспарлап отырғаны да белгісіз. Бір білгеніміз, салатын тұрғын үй кешенінің паркингі ондағы адамдар санына мүлдем сәйкес кел­мей­тін болып шықты. Мектеп пен балабақ­ша салу дегеніңіз ойға да алынбаған. Сонда 12-14-16-18 қабаттан тұратын биік үйлерді шағын аумаққа қаптатып салып, халықты тұрған жерімен қызықтырып пәтерлерді са­тып, аумақты ығы-жығы адамдарға толты­рып, «іс бітті, қу кетті» дегендей тайып тұр­мақ па?! Осы тұрғын үй кешенінен пәтер алған­дар ертең балаларын қайда оқуға апарады?

Бір жақсысы, істі қараған Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қала әкімдігінің шешімін заңсыз деп тауып, оның күшін жойды.

Елбасымыз елорданы халыққа жайлы етіп салуға ұмтылып, үнемі өз бақылауында ұстағаны белгілі. Президент Қасым-ЖомартТоқаевтың «халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжырымдамасын енгізгені мәлім. Оқиғаның тобықтай түйіні, осы қағи­дат жұмыс істей бастапты. Адвокат Жанат Малгелдиновтің соттағы жеңісін соның бір айқын дәлелі деп қабылдауға болады. Тек әркім өз құқын дұрыс қорғай білуі керек секілді.