Өнер • 21 Қазан, 2021

«Қарагөз» жасырған шындық

2449 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Қарагөзді» қоймаған қазақ театры жоқ. Талай талантты буын­ның тұсауын кескен М.Әуезовтің шығармасын әр кезеңнің ре­жис­серлері өзінше қабылдап, жаңаша сахналауға тырысып келеді.

«Қарагөз» жасырған шындық

Бүгінгі театрдың кешегі клас­­сикаға неге құмар болатыны ТЮЗ-да талантты режиссер Фар­хад Молдағали сахналаған «Қара­гөзден» анық көрінді. «Сахнада мың сан рет ойналып, сірнесі ағып, сілесі қат­қан «Қарагөздің» елге белгілі ескі оқиғасын жамап-жасқап қай жерін жаңалық етіп, жаңа тұр­патты қойылым жа­са­мақ?» деген сауалдың сананы бір түртіп өтуі заңды. Бәсе, неге? Сөйткенде, сұң­ғыла Әуезов өткен ғасырдың оқи­ғасына құрып жазып кеткен «Қарагөздің» түбіне нақ мына біз өмір сүріп отырған бүгінгі күннің сорғалаған шындығын жасырып кеткенін білдік пе?

Көрермен көптен бері жоғал­тып алған шиеленісті сахнадан қай­та көрді. Мұнда уақыттың ма­ғы­насы жоқ. Қарагөз бен Сы­ры­мның арасындағы махаббат дра­масының Нарша мен Карагөз ара­сында қасіретке ұласуы шытыр­ман­ға толы. Бұл пьесаны бұрын феодалдық заманның әділетсіздігі, жаңа мен ескінің тартысы, екі жастың арасындағы махаббат, қос ғашықтың қосыла алмауы, ескі салт-сананың үстемдігі туралы деп қабылдап келгеніміз үшін алғаш рет өзімізді айыптап, ренжігендей күй кештік.

Әуезов жүз жыл бұрын бү­гін­гі күн туралы толғапты. Ғ.Мү­сі­ре­пов атындағы балалар мен жас­­өспірімдер театрының жаңа мау­­сымының шымылдығы «Қа­ра­­­гөз­бен» ашылып, бір жарым са­ғат бойы көңілдің неше алуан құ­бы­лысына салғанда, біз осы­ны түсіндік.

Өткен ғасырда өмір сүрген Сы­­рым үстіне футболка мен сән­ді был­ғары күрте киіп алған. Де­­ген­мен режиссер ескірген қа­лып­­­тан бойын аулақ салып, шы­ғар­­­маны жаңаша сахналауда то­лық ер­­кіндікті таңдағанымен, қо­­­лын батырып, тым «радикал» тәсіл­­­дер қолданбайды. Әуезовтің мәтіні то­лық­тай сақталған.

Шымылдық ашылғанда сахна ортасында Қарагөз бен Нарша тұр. Қызға ынтық жас жігіт сезі­мін білдіргісі келгенімен, Қара­гөз Наршаны бетімен жасқап, көңі­лінің өзгеде екенін білдіргісі кел­гендей. Қарагөздің ғашығы – Сы­рым. Бірақ Қарагөз бен Сы­рым­ның махаббатында тас бөгет­тей үлкен кедергі бар. Екеуі де Қа­рауылдың ұлы мен қызы. Екеуінің туыс­тық түбірі жеті атаға жетпеген, сон­дықтан алты атадан аспа­ған аға­йындық ру дәстүрі бойынша бір-бірімен қосылуға қайшы болып тұр. Оның үстіне Қарагөз бесікте жатқанында-ақ «малмен бай­ланып, батамен маталған», бас­қа ру­дың әлді бір байының баласы Наршаға айттырылған. Қарагөздің ауылына құдалар келіп, келіндерін алып кетпекші. Бірақ Қарагөздің бар аңсары – Сырым. Бақытты махаббат жолында ашық айқасқа шығып, ата салтынан аттап өтуге бар аруды ешнәрсе тоқтатпақ емес. Сырым – Мақсат Рахмет драма­лық өнерімен бірге күміс көмей әншілігімен де көп ұтқан. Сахнада ол алған бетінен қайтпайтын қай­­сар, батыл, қолынан сусып ұшып бара жатқан Қарагөзге деген сезімін, қасіретін әнмен толғайды, бұл психологиялық толғанысы ке­йіпкерді жүрген жерін қызық-ду­манға батыр­ған салтанатты серінің өзі етіп көрсе­теді.

Спектакльдің үлкен жүгін ән кө­теріп тұр. Мейлі Сырым сал­ған ән болсын, Қарагөздің ұза­ты­лу тойында шырқалған ән бе, тар­­тылған күй ме, ешқайсысы себеп­сіз, есепсіз таңдалмаған. Бел­­­­гілі театр режиссері Мұрат Ах­ма­­нов «Қарагөз» туралы айтқан мына пікірі ойымызды толықтыра түс­кендей: «Ұлы Мұхтар Әуезов қа­зақ пен орыс араласып жатқан кез­дегі үлкен өзгерісті сезді. Көр­кем туын­дысының атын да жайдан-жай ­«Қарагөз» деп атамаса керек. Қа­зақ­ты қарагөз дейміз. Халық қан­дай күйге ұшырады? Сол күн, сол үн, міне, бүгінге әкеліп отыр. Ре­жис­сер мұнда айтылатын әнді де бе­кер қоспаған. Осы ән туған кез­де «толқу» болған. Сол толқу дәл бү­гінгі күнге түсіп отыр. Біз осы «Қа­рагөз сияқты әлі есімізді жи­­ға­нымыз жоқ. Наршаша әлі тө­зіп ке­ле жатырмыз, бірақ біз әлі Мөр­­жан салған «мөрге» жете алмай отыр­мыз. Салт-дәстүрімізді әлі тү­гел­дей алмай отырмыз. Жо­ғалттық...

Мынандай музыканы таңдап алу да режиссердің керемет талға­мын аңғартады. Музыка актер ойымен қабыса, бойдан, ойдан тууына алып келетін тамаша тап­қыр­лықты тудырады. Музыка таң­даудың арғы жағында да режис­сердің білікті қолтаңбасы жа­тыр», дейді белгілі режиссер М.Ахманов.

Мұрат Ахмановтың пікірі – ре­жиссердің шығармашылық ізде­нісіне берілген дәл баға. Режис­сурадағы нақтылық пен айқын­дық актерлердің өз рөлін дұрыс ұғы­нып, жан-жақты меңгеруіне мүмкіндік берген. Кең тыныс­пен ашылған көркем бейненің бірі – Мөржан образы. Ең әуелде жа­сы келген кексе Мөржанды жас актри­саның ойнауы таңырқатты. Сәуле Турдахунова кейіптеген Мөр­жан – нағыз ескінің тірегі. Сах­на­дан қабағынан қар жауған қатал Мөржан көрінсе де, бес бие­­нің сабасындай жайқалған, кө­­рер­менге үйреншікті семіз, қимыл-қозғалысы ауыр бәйбіше мұнда атымен жоқ. Қып-қызыл кам­зол киген (әдетте қыз болмаса, жасы келген кейуана қарттар қызыл түске құмар емес) талдыр­маш денелі әже көрінгенде, режис­сердің қалыптасқан қасаң түсінікті осыншама терістеуі алда әлі тың сахналық бейнелер мен ұтымды тәсілдер қарастыруының басы секілді қабылданды.

Басынан бостандық ауып, бо­дандықтың қамытын киіп, қолы­нан билігі мен теңдігі сусып бара жатқан қазақтың басындағы халді Қарагөз бейнесіне жинақтаған Әуезов тұңғыш рет тап бір әулие­дей танылғаны-ай. Кер заманда басында бостандығы, өзінде ерік жоқ Қарагөздің асыл арманы ғұ­мыр бойы бостандық аңсаған қазақ­тың ең қастерлі тілегімен үн­дес. Қарагөздің сүймеген адам­ға көңіл бермей, өз жүрек қала­уыма қолым жетсе деген арма­нынан еркіндікке сусаған қазақ­тың сұлбасы көрінгенде, санада жарылыс, жүректе жанартау атқылағандай көзді айқындық, кеудені бір тұнықтық жайлайды. Махаббаттағы теңсіздік – кер за­манның теңсіздігі. Соқырға таяқ ұс­татқандай, сахнадан алғаш рет осы шындықты көргенде, режис­сердің сұңғылалығына риза бол­масқа амалымыз қалмады. Мы­на немересі Қарагөз бен жең­гесі Ақбаланы қыспаққа алған қы­тымыр әрі адуынды Мөржанның тегеурініне кім төтеп бере алады? Айдаһардай ысқырығы жер жар­ған Мөржан қарсыласқан не­мересі Қарагөздің сыры мен құ­пиясын жеңгесінен білмек. Фар­хад Молдағалидің осы тұста қол­данған сахналық әдісінің мық­тылығын мойындамасқа болмайды. Ақбаланың басына салған қар­қарадай кіршіксіз ақ орамалды Мөржан қос қолымен шап беріп ұстап, тарқатып шешіп жатыр – шылбырдай шұбатылған орамал қызыл камзол киген жен­деттің екі білегіне мықтап орап алып, босатпайтын «ұзын ар­қау, кең тұсауы». Аты айтып тұр­ғандай, Ақбала – періштедей пәк қа­зақ­тың өзі, қанша бұлқынып қар­сыласса да, тегеурінді уыстан, қуат­ты қармақтан құтыла алмай, Мөр­жанның арбасы болып жегіліп кетіп барды...

Нарша Қарагөздің жүрегін жау­­лай алмаған күйі жер бола­ды. Нар­ша мен Қарагөз отау тік­се де, сүй­геніне қосыла алма­ған сұлу­дың арманы Сырым бо­лып қала берді. Соған қара­мастан, Нұр­жан Асылханның бей­не­леуін­дегі Нарша образы кіші­пе­йіл кеңдікке, сабыр мен ұстам­ды­лыққа құрылған, бірақ күні-түні Сы­рымды ғана ойлап, есі ауыс­­қан Қарагөзді бәрібір еркіне жібер­меді. Қарагөз жынданып, Сы­рым сер­гелдеңнің күйін кешіп қала берді...

Әуезов шығармаларына ғана тән тіл өрнегін бұзбастан, таптау­рын болған сахна схемасына өзге­ріс енгізіп, танымал туынды­ны жаңа заманға лайықтап өзгеше мағына үстей алғаны үшін, өткен ғасырдың оқиғасынан жаңа маз­мұн тауып, сахнада батылдық таныта алғаны үшін Мүсірепов теат­ры­на мың алғыс.