Экономика • 21 Қазан, 2021

543 млрд теңгенің өнімі өндірілді

372 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының тоғыз айдағы әлеуметтік-экономика­лық даму қорытындысы бірқатар салада өсім бар екенін көр­сетіп отыр. Жыл басынан бері облыстағы өнеркәсіп кәсіп­орындары 543 млрд теңгенің өнімін өндіріпті. Оның ішінде пайдалы қазбаларды өндіру – 5,3, тау-кен өндіру өнеркәсібінде қызмет көрсету – 13,6 және өңдеу өнеркәсібі 12,6%-ға артқан.

543 млрд теңгенің өнімі өндірілді

Бұдан бөлек, жеңіл өнер­кәсіп өнімдерін өндіру – 2,6, өзге де бейметалл минералдық өнім­дерді өндіру 2 есеге ұл­ғайыпты. Тамақ өнімдерін өндіру саласы – 12,5, ал машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату – 48,4, жиһаз өндіру 20,6%-ға көбейген. Химия өнеркәсібі өнімдері, кокс және мұнай өңдеу, резеңке және пластмасса бұйымдарды өндіру де едәуір артқандықтан өңдеу өнеркәсібінің өсімі 12,6 пайызға жетті. Жыл басынан бері өңдеу өнеркәсібі саласында 123,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліпті.

Аймақтың даму қарқынын сипат­тайтын ең маңызды көрсет­кіш­терінің бірі инвестиция тар­ту екендігі анық. Жыл басы­нан бері өңір экономикасына 186,4 млрд тең­генің инвестиция­сы салын­ған. Қаржы тарту Data Cen­ter ғима­раты, Сырдария өзені­нің сол жа­ға­­­лауындағы тұрғын үй­лер құ­ры­лысы, жолдар, сумен жаб­дық­тау, Қызылорда қаласын­дағы шыны зауытының құрылыс-монтаждау жұмыстары есебінен артып отыр.

Қаңтар-қыркүйек айларында жалпы құны 63,1 млрд теңге болатын құрылыс жұмыстары жүзеге асырылған. Оның ішінде 502,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыс қарқынының өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір артқаны байқалады.

Ауыл шаруашылығы өнім­дерінің көлемі 119,9 млрд теңгеге жетіп, былтырғыдан артты. Тоғыз ай ішінде өңірде жалпы есеппен тірі салмақта 26,9 мың тонна мал және құс еті, 66,7 мың тонна сүт, 5,7 млн дана жұ­мыртқа өндірілді.

Биыл тұрғындарды, оның ішінде жастарды тұрақты жұ­мыс­пен қамтамасыз етуге баса мән берілді. Бос жұмыс орындары жәрмеңкелері жүйелі ұйым­дастырылды. Есепті кезеңде 25 033 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 12 372-сі тұрақты.

Өңір экономикасының да­муы­на ықпал ететін тағы бір сала – шағын және орта кәсіпкерлік. Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,6%-ға артып, 50 596-ға жетті. Бұған бизнеске бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары әсер еткенін айта кетуіміз керек. Жалпы биыл аймақта бизнесті дамытуға шамамен 23,8 млрд теңге бағытталды.