Қазіргі күні мемлекетіміз бен қоғамымыз алдында тұрған әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу жолындағы нақты міндеттер айқындалғаны белгілі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған кезекті Жолдауында мәлімдеген болатын. Елбасы: «Қазақстан әлемде адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне айналуға тиіс. Бейбітшілік пен тұрақтылық, әділ сот және тиімді құқық тәртібі дегеніміз – дамыған елдің негізі», деп шегелеп берген еді.
Міне, біздің экономикамыз өркендеп, технологиялар мен инновациялар елімізге кеңінен тартылатын болсын десек, темірдей тәртіп пен заң талаптарының сақталуы мүлтіксіз орындалуы керек. Бұл орайда еліміздегі қауіпсіздік, тәртіп, тұрақтылық, бейбітшілік негіздері – заң арқауының кепілі. Ал заң үстемдігін жүзеге асыратын еліміздегі бірден-бір құзырлы орган – прокуратура екендігі белгілі. Ендеше, осы орайда, біз жолыққан Бас көлік прокуроры Ыбырай Тілеуғалиев те елдегі қауіпсіздіктің, экономиканың күретамыры болып табылатын көлік тасымалдарындағы қолайлы жағдайлар интеграциялық ахуалды жақсарта түсетіндігін атап көрсетті.
Оның айтуына қарағанда, Қазақстан Республикасының 2010 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі аралыққа арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасындағы прокуратура органдарының үйлестіру рөлін арттыру бойынша бекітілген мақсаттарды ескере отырып, мұнай және мұнай өнімдері айналымы саласындағы мемлекетке, сондай-ақ, қоғам мен бизнеске елеулі экономикалық зиян әкелген «көлеңкелі экономикаға» қарсы тұру мәселесіндегі жұмыстар белсенділендіріле түскен. Елбасы Жолдауында: «Біз экономикамызға шетелдік инвестициялар, технологиялар мен инновацияларды кеңінен тартатын боламыз. Инвесторлар үшін жұмысқа қолайлы жағдайлар жасаймыз. Біз дамыған 30 елдің тобына кірудің осы маңызды тетігі арқылы экономикамыздың өңірлік, жаһандық экономикалық жүйемен терең ықпалдасуын айқын көріп отырмыз», деген болатын. Осы мақсатта негізгі күш-жігер мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғауға бағытталатыны айтпаса да түсінікті. Ал осы орайда, қалпына келтірілген шығынның сомасы 4,5 млрд. теңгені құрады, соның ішінде 2 млрд.-дан астам теңге мемлекеттік бюджетке түсірілді, деп азаматтардың әлеуметтік төлемдері қамтамасыз етілгендігін алға тартты Ы. Тілеуғалиев.
Жолдауда біздің жүктерімізді тасымалдау үшін Кеден одағы аумағын барынша пайдалану керектігі де айтылды. Онда, әрине, алдымен барлық заң талаптары сақталуы қажет. Міне, осы орайда кеден саласында тауарларды кедендік декларацияларда толық жарияламаудың 45 дерегі анықталып, аталған дерек бойынша 16 қылмыстық іс және 26 әкімшілік іс қозғалып, мемлекеттің бюджетіне 1,3 миллиардтан астам теңге көлемінде қаражат өндірілген. Мәселен, Ақтау сауда портынан «Морпорт-Ақтау» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы мәртебесін жоғалтуына байланысты мемлекеттік бюджетке 511 млн. теңге өндірілген.
Бұл тұрғыдан алғанда, яғни заңдылықты сақтау жөнінен өткен жылы көлік прокуратурасының қызметі азаматтардың жүйелі түрде бұзылған құқықтары мен бостандықтарын анықтауға және бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге, сондай-ақ, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауға бағытталыпты. Осыған байланысты, әлеуметтік-экономикалық саланың заңдылығын қадағалау кезінде 1796 тексеріс жүргізіліп, 27 196 заң бұзушылық анықталған және 3008 прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, соның ішінде 1934 заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс қаралған, 461 наразылық, 29 талап-арыз және арыздар қанағаттандырылып, 169 ұйғарым орындалған, 354 заңды түсіндіру актісі шығарылып, заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында 60 алдын ала ескерту актісі берілген. Тексеріс нәтижесі бойынша 49 қылмыстық іс қозғалыпты. Прокурорлық ықпал ету шарасымен 1024 заңсыз шығарылған актілердің, соның ішінде 2 нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылып, өзгерістер енгізілген, тәртіптік жауапкершілікке – 2628 адам, әкімшілік жауапкершілікке – 1876 адам, материалдық жауапкершілікке 194 адам тартылған.
– Осы және өзге де іс-шаралардың нәтижесінде көліктегі қылмыстық ізге түсу органдарымен өткен жылы ҚК-нің 183-1-бабымен (мұнайдың және мұнай өнімдерінің шығарылуының заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иелену, өткізу, сақтау, сондай-ақ, мұнайды өңдеу) 38 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 9 іс прокурорлармен қозғалды. Мысалы, 2013 жылдың ақпан айында көлемі 1 366 тонна болатын, жалпы сомасы 186,9 млн. теңгені құрайтын заңсыз қылмыстық жолмен өңделген шикі мұнайды иемденіп және өткізу дерегі бойынша Қызылорда көлік прокуратурасы «Стандарт Контракт Компани» ЖШС-нің лауазымды адамдарына қатысты ҚК-нің 183-1-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Өткен жылдың шілде айында аталған тұлғалар соттың үкімімен әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылып, мүліктері тәркіленді. Көліктегі қылмыстық ізге түсу органдарының өндірісінде заңсыз мұнай айналымы дерегі бойынша 104 қылмыс, оның ішінде 9 прокурорлармен қозғалған қылмыстық іс болды, олардың 54-і сотқа жолданды. 125 мың тонна көлеміндегі жалпы сомасы 3,5 млрд. теңге құрайтын заңсыз мұнай айналымы анықталды.Газ жүйесіндегі ұйымдардың тек қана ішкі нарыққа арналған сұйылтылған газдарды заңсыз экспорттау деректері анықталды, – деді Ы.Тілеуғалиев.
Сол сияқты көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында елеулі жұмыстар атқарылыпты. Мәселен, прокуратура актісімен Көлік және коммуникация министрлігінің азаматтық авиация комитетінің жөндеу аралық күнтізбесінің мерзімі өтуіне қарамастан, пайдаланылып жүрген 108 АН-2 ұшақтарының ұшу жарамдылық сертификаттары тоқтатылған. Еліміздің негізгі заңымен кепілдік берілген азаматтардың құқықтарының сақталуы мен жоғары қадағалаудың жүргізілуіне елеулі назар аударылыпты. Қабылданған шаралар бойынша көлік кәсіпорындарындағы 18 939 жұмысшының конституциялық құқықтары қорғалып, 2,3 млрд. теңгеден астам сомадағы жалақы өндірілген.
«Осылайша біз прокурорлық қадағалау жұмыстарын Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыруға бағыттап отырмыз. Бұл жерде біздің мақсатымыз көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік инфрақұрылымы нысандарын заңсыз араласқандардан қорғау, прокуратура мен құқық қорғау органдарының елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтудағы үйлестіру рөлін арттыру болып табылады», дейді Бас көлік прокуроры Ыбырай Тілеуғалиев.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».