Қоғам • 21 Қазан, 2021

Түркістан облысында Достық үйі салынады

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысында Достық үйін салуды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістан облысында Достық үйі салынады

Президенттің төрағалық етуімен өтіп жатқан отырыста бірінші болып Түркістан облысында этносаралық ахуал талқыға түсті.

«Статистика бойынша, Түркістан облысында түрлі тұрмыстық жанжалдар аз емес. Өзіңіз де мысал ретінде Шорнақ, Қарабұлақ елді мекендерінде болған оқиғалар туралы айттыңыз. Тұрмыстық деңгейде болса да, дәл осындай жағдайларға баса мән беру керек. Ең алдымен мұндай оқиғалар ұлттық сипатқа ұласпауы қажет. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе, Түркістан облысында Достық үйін ашу керек. Мұндай үйлер өңірлердің бәрінде бар. Мұндай үйлер салтанатты мәжілістердің залына айналмауы керек. Мен бұл туралы кейін кеңірек айтам. Достық үйлері сарапшыларды шақырып, туындайтын проблемаларды практикалық тұрғыда талқылай алатын халық өкілдерін қабылдауы керек. Осыған қатысты қандай жоспарларыңыз бар», деп сұрады Мемлекет басшысы Түркістан облысының әкімінен.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірде этносаралық ахуалдың тамырын басып отыратын мониторинг орталық жемісті жұмыс істеп тұрғанын атады.

«Шын мәнінде жаңағы Шорнақта, Қарабұлақта оқиға орын алды. Олардың алдын алу үшін бізде 2019 жылдан бастап этносаралық шиеленістерді тікелей зерттейтін мониторингтік орталық ашылды. Онда тек қана әліметтерді тек билік орындарынан емес, жүйелі әлеуметтік желіден, азаматтардың берген өтініштерінен, шұғыл мәлімет жинайтын қоғамдық орындардан жинап, соны сараптауға көшті.

Соның арқасында 2019 жылы Шорнақ елді мекенінде осындай тәуекел бар екеніне көзіміз жетті. Сол жерде тиісті шаралар қолданып, екі жақты қарияларын жинап, олармен мәслихат өткізіп, сол жердегі құқық қорғау органдарының жұмысын нығайтып, әрекет жасадық. Соның арқасында 2020 жылғы кикілжің де қантөгіс те болмай, мәселе бірнеше сағаттың ішінде реттелген болатын», деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, ол Президенттің ескертпесі бойынша Түркістан өңірінде жаңа Достық үйі салынатынын айтты.

«Біздің ассамблеяның Достық үйі болған. Бірақ ол Шымкент қаласында орналасқан еді. Оны Шымкент қаласының сұрауымен қала әкімдігінің балансына бердік. Қазір ассамблея басқармалар үйінде орналасқан. Сіздің айтқан ескертпелеріңізді ескере отырып, жаңа үлгідегі Достық үйін саламыз деп ойлаймын», деді Өмірзақ Шөкеев.